Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кимешегін күн, алақанын нұр сүйген

0 603

Бейнетінің зейнетін көрер жасқа жеткенде әз әжелер кимешегін күн көзіне сүйдіріп, алақанына мейірімнің нұрын сыйдырып мешітке бет алып барады. Облыстың орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде әжелер мектебінің болашақ үшін де берері мол. Ақ жаулықты қыз-келіншектер көненің көзі, ақылдың кеніне айналған қарт аналардан ақыл сұрап, нақылына құлақ түріп тұрады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ақ бесіктегі ақ бөпесін аялай тербеткен әжелер бесік жырын айтып, немересінің қаз-қаз басқан қадамына гүл төсеп, былдырлаған тілінен айналып отырып, кестелі ғұмырының өмірден алған өрнегін баласының өзегіне құяды. Барын береді. Өнегелі ғұмырын арнайды. Ақ тілегін жолымызға төсеп, жанымызды ақ жаулығының ұшына түйіп ала қоятын әже атаулы – мейірімнің қайнар көзі. Сөзі асыл, құшағы қуат, тілегі тірек болған аяулылардың бала тәрбиесіндегі алар орны да ерекше. Ал қазақтың қара баласын тәрбиелеу барысында әжелер – дала мектебінің таптырмас озық үлгісі.

Ақылы мен ар-ибасы, мейірімі һәм толысқан ақылы мен даналыққа толыққан, толайым тілегі табысқан әз әжелер облыстың орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде бас тоғыстырып жүр. Мұнда құрылғанына жыл толған әжелер мектебінің құрамында 16 әже бар. Бұл мектептің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, дәстүрді қайта жаңғыртып, жастарға тәлім-тәрбие беріп, ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты реттеп, мешітке келетін қыз-келіншектерге өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін беріп, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру.

Шаңырақ шаттығы болған аяулы аналар тобы жастарға үлгі болып, жөн сілтейтін таптырмас қазына екені анық. Мұндағы әжелердің міндеті – ақыл-кеңес бұрышын ашып, әжелердің діни және дәстүрлі дүниетанымдарын жаңғыртып, ашық сабақтар ұйымдастырып, дәстүрлі және діни рәсімдерді практикалық тұрғыда іске асыру. Мешіттің ұстазы Гүлжан Серікқызы болса, әжелер мектебінің төрайымы – Жәмила Жұмабаева.

Әже – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, кейінгі жастардың тәрбиешісі. «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман» дейді дана халқымыз. Қарт аналар бірдей кимешек киіп, егіз қозыдай ақ жаулықтары желбіреп жүргенде, әлемнің асылын жүректеріне сыйдырып алғандай әсер етеді.
– Әжелердің дәрі салып, әлдене үйренуге құлшынысы зор. Діни сауатын толықтырып, имани сұрақтарына жауап алу жолында барын салады. Пандемияға дейін «Һибатулла Тарази» мешітінде ай сайын 125-130 шәкірт білім алған болатын. Ал қазіргі таңда онлайн дәрісте 30-35 шәкірт білімін шыңдауда. Ал жалпы Жамбыл облысы бойынша онлайн жүйеде 441 шәкірт білім алып жатыр. Жалпы діни сауат ашу курсында салт-дәстүрге де аса мән беріледі. Сабақты салт-дәстүрмен байланыстырып өтеміз, – дейді мешіттің ұстазы Гүлжан Серікқызы.

Діни сауат ашу курсында Құран және Құран әліппесі, Ардақты пайғамбар Мұхаммедтің (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаяны және Әдеп сабағын өту міндеттелген. Оның ішінде ата-ананың балаларының алдындағы, баланың ата-анасының алдындағы және ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген міндеттері, көршімен жақсы қарым-қатынасты нығайту, көркем мінезді болу, жамандықтан тыйылып, жақсылықты дәріптеу қолға алынған. Ислам ғылымхалы, мәселен, дұрыс құлшылық жасау, дәрет алу мен намаз оқу сынды түрлі діни дәрістер тыңдалады екен.

– Үйде немерені қараймыз. Тоқып, тігінмен де айналысамыз. Кейде зерігеміз. Осындайда мешіттің бізге берері мол. Дәріс алу, әлденені біліп, ілімге құмарту – қай жаста болмасын керек дерек. Мүмкін жасырақ кезімізде, үй, бала деп алмай қалған ақпарат пен білмегендеріміз көп болған шығар. Міне, соның орнын бүгінгі таңда толықтырып жатырмыз. Оның үстіне өз қатарластарымызбен сырласып, мәре-сәре боламыз. Алланың ақ жолында, ел тыныштығын тілеп, бала мен келіндерді болашаққа бағыттап жүріп жатырмыз. Дәрісте естіп-білгенімізді отбасы, ошақ қасына барған соң да айтып, ақыл-кеңесімізді беріп отырамыз. Әжелер мектебі бізге ермек қана емес, ұрпақ тәрбиелеу үшін де керек, – дейді Жәмила әжей.

Иә, бұл рас. Көздерінен күн күлімдеген кимешекті көріктілер болашақ ұрпақ үшін барын беруге бар. Аман болыңыздар, аналар!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.