Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №7 аумақтық округ тұрғындарымен жүздесіп, өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Әуелі округтің бас инспекторы Жарас Алтынбеков атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Бүгінде округте 3 865 жеке, 124 көпқабатты тұрғын үй бар. Халқының саны 32 482 адамды құрайды. Өткен жылы округте тындырылған тірліктер жетерлік. Айталық, Громов көшесін бұрылыстарымен, М.Қашқари, Өзбек көшелері орташа жөндеуден өткізілсе, 9 көше толықтай жарықтандырылды. Сонымен қатар Төле би көшесі, №9 «Б», 11, 11«А» көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында балалар ойын алаңы және жолдары жөнделіп, асфальт жабындысы төселсе, «ТаразЛидерСтрой» ЖШС тарапынан 54,7 миллион теңгеге Сыпатай батыр көшесі, №2«А» мекенжайдағы көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деген Жарас Абдраймұлы алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстарды да жіпке тізді.
Оның айтуынша, жалпы аулаларды абаттандыру бойынша алдын ала әзірленген тізімге сәйкес Желтоқсан көшесі, №237, Байзақ батыр көшесі, №168 үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары басталса, Өзбек көшесінің 2-ші бұрылысындағы үйлердің аулаларын абаттандыру да күн тәртібіне қойылған. Бұдан бөлек, Желтоқсан көшесінің 3-ші бұрылысы және Бульварный, Сағындықов көшелерінің 3-4 бұрылыстарына орташа жөндеу жүргізілсе, Қарахан, Өтеулиев көшелерінің бұрылыстарына жарық шамдары орнатылмақ. Бұған қоса, Абай даңғылы, №159 «А» мекенжайындағы 12 қабатты тұрғын үйге лифт орнату мәселесі қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Бүгінгі таңда аталған мекенжайға 2 жаңа лифт орнату мәселесі бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланыпты. Енді конкурс нәтижесімен мердігер анықталған жағдайда, тұрғындар жаңа жедел сатының игілігін көрмек.
Келесі кезекте тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Мұндағы халықты «Темір жол Шу су» ЖШС-не қарасты тозығы жеткен ауыз су құбырларын ауыстыру, демеушілер есебінен Өзбек көшесінің 3 бұрылысының қиылысына кіші футбол алаңшасын салу, Байзақ батыр көшесіндегі «SMALL» дүкенінің алдына аялдама орнату, Төле би көшесі, №11 мекенжайдағы көпқабатты жатақхананы күрделі жөндеуден өткізу, «Түйте», «Қапал», «Сеңкібай» каналдарына күрделі тазарту жұмыстарын жүргізу сынды өзекті мәселелер алаңдатады екен.
Тұрғындарды мұқият тыңдаған шаһар басшысы барлық мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
– Сіздер көтерген мәселелер маған жақсы таныс. Қазіргі таңда аталған мәселелерді шешу бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Мен үшін әрбір тұрғынның ұсыныс-пікірі маңызды. Қаланың 3 жылдық даму жоспарында облыс орталығындағы өзекті мәселелерге басымдық берілген. Сондықтан барлық мәселе жоспарға сай өз шешімін табады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Келесі