Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аналарға құрмет азаймайды

0 218

Бүгін қала әкімдігінің мәжіліс залында Тараз қаласындағы көпбалалы аналарды «Алтын» және «Күміс» алқалармен марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты жиынды қала әкімі Бақытжан Орынбеков құттықтау сөзбен ашып, жиылғандарға ізгі лебізін білдірді.
– Өздеріңізге белгілі, егемендік жылдары демографиялық саясатқа ерекше екпін түсіріліп, барынша назар аударылды. Соның арқасында халық саны бүгінде 19 миллионнан асып жығылды. Сүйікті қаламыз Тараздың тұрғындарының саны артып, 420 мыңнан асты.
Ана мен баланы қорғау мақсатында да көптеген ілкімді істер қолға алынып, жарқын жобалар жемісін беруде. Мұның барлығы біздің елімізде әйел затының орны биік екенін айғақтайды. Елімізде көпбалалы аналарға қолдау қашанда аз болған емес. Бүгінгі сіздермен жүздесуіміз де соның бір көрінісі іспетті, – деген Бақытжан Әмірбекұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 7 маусымдағы №243 Жарлығы бойынша 5 көпбалалы анаға «Алтын алқа», 12 анаға «Күміс алқа» табыстады.
Сонымен қатар, жиында Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Кенжебек Олжабай ардақты аналарға ақ тілегін арнап, қоғам дамуына үлес қосқан әр ана құрметке лайықты екендігін айтты.
Айта кетейік, Тараз қаласы бойынша 2010-2022 жылдар аралығында жалпы 2 634 көпбалалы ана «Алтын алқа» және 2 316 ана «Күміс алқамен» марапатталды. Былтыр 42 көпбалалы анаға «Алтын», 166 анаға «Күміс» алқа табысталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.