Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кездесу көптің көңілінен шықты

0 450

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында бірнеше шара қатарынан өтіп, оған кітапхананың тұрақты оқырмандары белсенді қатысты.

Зере Қуаныш

Алдымен кітапхана ұжымы Дүниежүзілік бейбітшілік күніне орай оқырмандарды бейбітшілік күнімен таныстырып, көп ұлтты еліміздің достығын, бірлігін, мәдениетін және байлығын насихаттай отыра әлем мемлекеттері туралы мәлімет беру және қазақстандық патриотизмге, халқын құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында «Бейбітшілік пен келісім елі» атты өзге ұлт өкілдерімен кездесу кешін ұйымдастырды. Шараға «Қоғамдық келісім» КММ көрме залының жетекшісі Вера Майкович, көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің қызметкері Берекет Қосбергенов, Қазақ соқырлар қоғамының мүшелері Мухабат Шаюнусова пен Тұрар Мамбетов қатысты.

Кеш барысында қонақтар оқырмандарға ақ тілектерін білдіріп, өзбек ұлтының өкілі Мухабат Шаюнусова өзбек аспабымен оқырмандарға ән тарту етсе, қырғыз ұлтының өкілі Тұрар Мамбетов жүрекжарды «Ынтымақ» атты өлеңін оқып берді. Сонымен қатар кітапхананың тұрақты оқырманы Еркін Махамбетов «Бұлқынды жүрек», «Ауылға кеткім келеді», кітапхана қызметкерлері Гүлнұр Құрақбаева «Жақсы адамдарым», Гүлсім Серікбаева «Қазақ дастарханы» мен қазақ халық әндерінен попурри орындады.

Жиында «Бірлік пен бейбітшілік – ортақ мүддеміз» атты екі бөлімнен тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылды. Алғашқы бөлімде көпшілік назарына «Бейбітшілік – әлем тілегі» әлем мемлекеттері туралы кітаптар қойылса, «Бірлік пен бейбітшілік жаршысы» Қазақстан мен әлем мемлекеттерінің байланысы туралы кітаптарға библиографиялық шолу жасалды.

Сонымен қатар кітапхана ұжымы күні кеше жолданған Мемлекет басшысының Жолдауына қолдау көрсету мақсатында кездесу ұйымдастырды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабын түсіндіруге және кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік таныту, қызметкерлердің барлық құрамын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тарту мақсатында «Пара берсең – жазаланасың» атты кештің қонағы превенция және парасаттылық басқармасының бас маманы Әбдіжапар Жарқын болды. Ол оқырмандарға сыбайлас жемқорлық туралы түсінік беріп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы атап көрсеткен шараларымен таныстырып, түсіндірді. Шараға қатысушылар жиын соңында тақырыпқа сай сұрақтар қойып, мардымды жауаптар алды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.