Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кешірім мен мол мүмкіндік айы

0 114

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ
Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді», – делінген. Рамазан – айлардың сұлтаны. Бұл айда барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа барудан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерді тоқтатады. Негізі, ораза ұстаудың рухани һәм денсаулыққа пайдалары өте көп. Рухани пайдаларының бірі адам баласын сабырлыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Өйткені пенде күнін Алла Тағалаға иман еткен күйде аштықпен, шөліркеумен өткізеді. Пенде адамның ашуын тудыратын қандайда бір келеңсіз жайттарға тап болса, «Мен оразамын» деп сабырға келеді. Жалпы мұсылман қоғамында осы Рамазан айында қылмыс азаятыны белгілі. Өйткені Алланың мұсылман пенделері өзін және өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды. Нәпсісін тізгіндейді, мейірімді, кешірімді болады.

Рамазан айының айрықша белгілері:

1) Рамазан айында тозақтың есігі жабылып, жәннаттың қақпалары ашылады;
2) Бұл айда ораза ұстау – пенденің өткен күнәларының кешірілуіне себепші болады. Хадисте:
مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إ۪يمَانًا وَ احْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ
«Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі».
(Бұхари, Саум 6; Мүслим, Сиям 203.)
3) Алла Тағала оразашының барлық ізгі ниеті мен тілегін қайтармайды.
Оразаның пайдасы:
1) Ораза ұстаушы құдайшыл болады. Яғни Алла Тағаланы таниды;
2) Өзін қиыншылықтарға төзуге және шыдамды болуға үйретеді;
3) Аш-жалаңаш жүрген бейшараның көрген күнін бірге тартады;
4) Өзіндегі шайтанның жолын тарылтады;
5) Оразаның денсаулыққа пайдасы мол.

Құран оқығанның сауабы

Алла Тағала айтқан: «Рамазан айында жер бетіне Құран түсірілген. «Құран Кәрім» кітабы адамдарға дұрыс жолды көрсету және ақ пен қараны айыру үшін жіберілген. Осы айда Құран оқып, ораза ұстасақ, оның сауабы қиямет күні тозақ отынан арашалап шығады. Хадисте: «Ораза мен Құран пендеге қиямет күні араша түседі. Ораза айтады: «Ей, Жаратқан. Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйып едім». Сонда Құран айтады: «Ия, Раббым. Мен оны түнде ұйқыдан қалдырып едім. Енді мен оны қорғаймын». Олардың арашасы қабылданады». Жалпы Рамазан айында Құран, хадис кітаптарын оқып жүргеннің сауабы шексіз.

Рамазан – мырзалық пен мейірбан айы

Хадисте: «Кімде-кім оразашыға қамқорлық етіп, ауыз аштырса, сол оразашы алғандай сауапты бұл да алады. Оның сауабынан еш нәрсе де кемімейді», – делінген. Бұл айда әр адам өзінің хал-жағдайына қарап тұрмысы төмен азаматтарға қол ұшын берсе, сауабы мол.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш нәрсе пайғамбарлық әдетке жатады. Ол: ауыз ашуды кешіктірмеу, сәресіні кешіктіру және намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою» және «Алла Тағала және оның періштелері сәресі ішкендерге игілік тілейді» және бір хадисте «Сәресіні ішіңіздер! Өйткені сәресіде береке бар», – деген.
Ораза айы – күнәдан тазару айы. Алла Елшісі ﷺбылай дейді:
الصِّيَامُ جُنَّةٌ يَسْتَجِنُّ بِهَا الْعَبْدُ مِنَ النَّارِ
«Ораза – қалқан. Пенде ораза ұстаумен тозаққа қалқан қояды». Осы хадистегі «қалқан» біздің сабыр-шыдамымыз болып табылады. Пайғамбарымыз ﷺтағы бір хадисінде: «Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы», – деген. Демек, ораза иманнан туындайды. Иман тозақтан сақтайды. Мұсылман иманының қуатына қарай қылмыс пен күнәдан бойын аулақ ұстайды. Жүйкесін жұқартпайды, ашуын ақылға жеңдіре алады. Ораза ұстап аш жүрген кезде нәпсі қозбайтындықтан, адамның сабыр сақтауы көп қиындық туғызбайды. Аяқасты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы көл-көсір.
Оразамен аштыққа, шөлге, т.б. түрлі ауыртпашылықтарға шыдай алған адам тосын жағдаяттарға тап болғанда сағы сына қоймайды. Ораза қиындықтарға шыдауға әбден шыңдалған, нәпсісіне ие бола алатын, ақиқатты өмірлік ұстаным деп біліп, одан таймайтын сегіз қырлы, бір сырлы әмбебап адамдарды тәрбиелеуде үлкен рөл ойнайды.
Рамазан – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат ала таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Ораза болғаны үшін кешке дейін ішіп-жемейді. Сондай-ақ ашу-ызаға бой алдырмай, жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды. Өйткені пайғамбарымыз ﷺ: «Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады» (Ибн Мәжә хадистер жинағы), – деп өсиет қалдырған.

Ержан АМАНБАЕВ,
Тараз қаласының бас имамы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.