Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кемел келешекті көздеген кадрлық резерв

0 740

«Қиын сәтте тізгініңді босатпай, шапшаң да шебер қимылда», – деген Бауыржан Момышұлының нақыл сөзі бар. Қиындық демей-ақ қоялық, бірақ өзгермелі әлемде шапшаң әрі шебер қимылдау қажет-ақ. Оның әр жағында білімің мен білігіңнің болуы тағы бар. Бұл – әсіресе басшылық, оның ішінде мемлекеттік қызметте қажет қасиеттер. Кез келген мемлекеттің беделі оның мемлекеттік қызметшісіне байланысты болса, ел тізгініне ие болар келер буынның әмбебап болуы заңды. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қызметіне кірісер алдында Қазақстанды дамытуда жастардың қозғаушы әрі шешуші күшке ие екенін айтып, «Президенттің жастар кадрлық резерві» жасақталатынын айтқан болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Президенттік жастар кадр резервін жасақтап, оның тиімді әлеуметтік лифтіге айналуға тиіс екенін баса айтқан болатын. Расында, бұл жоба ел дамуына үлес қосуға ниетті жастарға зор мүмкіндік беруде.
Мемлекет басшысы дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяны алға тартты. Бұл жоба барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашады. Жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадр резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралады.
Бұл ретте Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт емес. Резервте тұрған тұлғалар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады.
Резервке алынған азаматтар «А» корпусының әкімшілік, «Б» корпусының басшы және «Б» корпусының «А» санаты тобының лауазымдарына тағайындала алады. Сонымен қатар жоба талап етілетін білімді, дағдыларды анықтауға ғана емес, кандидаттардың шынайы мотивтері мен құндылық бағдарларын бағалауға бағытталған. Яғни ең алдымен қоғамдық мүддені назарға алатын жастарға айрықша екпін түсірілуде. Осыған байланысты іріктеу кезеңдерінде ахуалдық міндеттерді шешу және құрылымдалған мінез-құлық сұхбатын бағалаудың жаңа құралдары енгізіледі. Өз кезегінде іріктеуге қатысуға Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған шенділер, саяси және «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері жіберілмейтінін айта кету керек. Сондай-ақ резерв мерзімі 3 жылды құрайды. Бұл ретте резервке қабылдану лауазымға міндетті түрде тағайындалу емес екенін де ескерген жөн. Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу тәртібіне сәйкес құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін және талаптарға сәйкес болған жағдайда кандидаттар іріктеу кезеңдеріне жіберіледі.
Резервке іріктеу кезеңдерін өткізу мерзімдерін Ұлттық комиссия айқындайды әрі ол ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы жүргізілуі мүмкін. Іріктеуді жүргізу туралы хабарландыру мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уəкілетті органның интернет-ресурсында, сондай-ақ республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттардың құжаттарын қабылдау басталғанға дейін 10 жұмыс күні ішінде жарияланады. Іріктеуге қатысу үшін жеке басты куəландыратын, білім туралы, еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмелері және мемлекеттік тіл бойынша емтиханды тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификаты болуы шарт.
Кандидат құжаттарды тапсыру кезінде Резервті қалыптастыру тәртібімен танысады және осы Қағидаларды қатаң сақтауға, сондай-ақ дербес деректерді жинау мен өңдеуге өз келісімін береді. Іріктеудің әрбір кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғары нəтижелерді жинаған үміткерлер келесі кезеңге жіберіледі. Резервке іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ситуациялық тапсырмаларды шешу және құзыреттерді бағалау кезеңдерінде сарапшылар қоғамдастығының өкілдері тартылады. Бұл екеуінің қорытындылары бойынша кандидаттарға қойылған бағаларды негіздей отырып, әрбір кезең бойынша нәтижелер беріледі. Сарапшылық комиссияның құрамын Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігі, соның ішінде мемлекеттік органдардың басшылары айқындайды.
Айталық, 1-кезең бойынша іріктелген 300 кадрлық резервтің 24-і жамбылдық болса, 2-кезеңде сұрыпталған 50 адамның 3-і жерлесіміз. Биыл да жалғасын табатын Президенттік жастар кадр резервіне тіркелу pkrezerv.gov.kz цифрлық платформада жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтқан болатын. «Биыл біз Президенттік жастар кадрлық резервіне кезекті іріктеу өткіземіз. Мойындау керек, резервшілерді жұмысқа алуда түрлі қиындықтар туындайды. Себебі кейбір мемлекеттік органдарда 10 резервші тағайындалса, басқа органдарда бірде-бір қызметкер жоқ. Әлеуметтік маңызы бар салаларда – денсаулық сақтау, энергетика, білім беру салаларындағы резервтердің саны мардымсыз. Осыған байланысты резервтегі салалық топтарды қарастырамыз. Кандидаттармен әңгімелесу салалық мемлекеттік органдар мен мамандардың қатысуымен өтеді», – деді Дархан Жазықбаев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірлерге дарынды жастарды тартуға көп көңіл бөлініп жатыр. Еліміздің барлық аймақтарынан кадрлық резервтер құру жоспарланып отыр.
Дархан Жазықбаев желтоқсанда резервтен шығару тәртібін қарастыратын қаулы қабылданғанын атап өтті.
Егемендік жылдарында мемлекетіміз жастарға зор мүмкіндіктерге жол ашып берді. Жасақталған кадр резерві – соның жарқын мысалы. Осы арқылы басқару қабілеті бар дарынды жастар бос тұрған лауазымдардың тізгінін ұстап, өздерін көрсете алады. Бұл, бір жағынан, жаңаша дамуға бастайтын жастардың қалыптасуына да септігін тигізуде.

Жастар кадрлық резерві деген не?

Мемлекет басшысы дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяны алға тартты. Жобада барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген. Мәселен, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралады.
Бұл ретте Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалады деп түсінбеу керек. Резервте тұрғандар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады.

Тың бастама не үшін қажет?

Тәуелсіздік алғаннан кейін қарқынды дамыған мемлекетіміз жаңа кезеңге өтті. Замана көшінен қалмау мақсатында, өміріміздің көптеген салалары жаңарып, іс-әрекеттің мүлдем бөлек, жаңа моделі қажет болды. Бұл, әлбетте, мемлекеттік қызметті де айналып өтпейді. Оның үстіне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады», – деп бұл саланы да түбегейлі болмаса да, біртін-біртін өзгерту қажеттігін меңзеді. Ал өзгерісті неден бастау керек? Әрине, қазіргі министрлер, облыс, аудан, қала әкімдері, ұлттық компания басшыларының ізін басқан, билік басына солардан кейін келетін жастар буынына үлкен сенім артып, мемлекеттің тағдырын сеніп тапсыру.
Меритократия мен ашықтық ұстанымдары арқылы мемлекеттік қызметке қабылдау – мемлекеттік аппарат жұмысы пен мемлекеттік қызмет беделін жақсартуға айтарлықтай ықпал етуге қабілетті жас мамандар қабылданады деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Резервке кімдер енеді?

Шыны керек, «Жас келсе – іске!» деп аузымызды кере айтқанымызбен, бұл тәмсілдің іс жүзінде қолданыла қоймағаны анық. Жұмыс өтілі болмағандықтан, жақсы жұмыс жастардың түсіне де кірмеді. Тіпті шетел асып, «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келгендердің де жұмыс таппай, талай жердің табалдырығын тоздырғанын білеміз. Оның бер жағында, «көз қысты, бармақ бастымен» лайықты болмаса да жақсы орында отыру бақытына ие болғандар бар.
Енді Президенттің кадрлық резервіне қабілеті жеткен кез келген жастың ілігу мүмкіндігі бар. Тек білімің мен білігің, ұшқыр ойың, қиыннан қиыстырып, қиындықтан алып шыға алатын, сын тұрғысынан ойлай алатын ақылың болса болғаны. Оның үстіне саясаткер Ерлан Саиров резервке ауылдық жерден шыққан мамандарды да тарту қажеттігін айтты. Шынымен де, нағыз қазақы менталитеті бар ауылдан шыққан жастың басқарушылық істе, оның ішінде мемлекеттік қызметтегі пайдасы шаш етектен болары анық.

Президенттік резервке іріктеу қалай жүреді?

1. Құжаттарды қабылдау
Құжаттар онлайн-платформада (pkrezerv.gov.kz) кандидатты тіркеу және оған жеке нөмір беру арқылы қабылданады.
Тіркелу кезінде үміткерлер жеке құжаттарын және орта деңгей үшін белгіленген талаптарға сәйкес келетін нәтижесімен мемлекеттік тілде тестілеуден өткені туралы белгіленген үлгідегі жарамды ресми куәлікті жүктейді.
Мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификат алу үшін үміткер Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ұлттық тестілеу орталығында (ҚАЗТЕСТ) не ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «QAZAQ RESMI TEST» тестілеудің онлайн-сервисінде тестілеуден өтуі қажет.
Үміткерге өтініш берген кезде мемлекеттік тілді білу туралы сертификаты болмаған жағдайда, «KAZTEST» немесе «QAZAQ RESMI TEST» жүйесі бойынша тестілеуден өтуге сілтемелер ұсынылады.
Ал үміткер тиісті сертификатты алғаннан кейін іріктеуге қатысу үшін тіркелуді аяқтай алады.
2. Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау
Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға және оның нәтижелерін тексеруге мүмкіндік беретін екі бөлек тестілеу блогынан тұрады.
Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау ұсынылған мәтін фрагментін зерделеуге және оның мазмұнына сәйкес жауап нұсқаларының бірін таңдауға арналған 25 тест тапсырмасын қамтиды.
Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кестелер, графиктер және диаграммалар түрінде ұсынылған ақпаратты зерделеуге және мазмұнына сәйкес жауап нұсқаларының бірін таңдауға арналған 25 тест тапсырмасын қамтиды. Қажет болған жағдайда үміткер қағазды, қарындашты және калькуляторды пайдалана алады.
Әр бағалаудың ұзақтығы 25 минуттан аспайды. Бұл кезеңдердегі нәтижелерді есептеу автоматты түрде жүзеге асырылады. Ең жоғары балл жинаған 1 мыңға жуық үміткер тестілеуді верификациялауға жіберіледі.
Үміткерлерді бағалаудың нәтижелері кандидаттардың жеке кабинеттерінде және сайтта әкімшінің жеке кабинетінде жарияланған келесі күні сағат 18.00-ден кешіктірілмей орналастырылады.
Тексеру (Верификация) – үміткерлердің қабілеттерін тексерудің қысқаша нысаны және тестілеу үдерісін аудио-бейнежазба арқылы үміткерлердің қабілеттерін қайта өлшеуге бағытталған. Тестілеуді тексеру тілі үміткердің бағалаудың алғашқы екі блогынан өткен тілге автоматты түрде орнатылады.
Тексеруге қойылатын сұрақтардың жалпы саны – 30 (15 мәтін және 15 сан), олар кездейсоқ түрде таратылады. Тексеру процедурасының ұзақтығы 30 минуттан аспайды.
Тексеру белгіленген тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша оған ыңғайлы уақытта интернет байланысы арқылы жүргізіледі.
Тексеру нәтижелері бойынша келесі кезеңге ең жоғары балл жинаған 500-ден аспайтын үміткер жіберіледі. Тексеру кезеңінің нәтижелерін орналастыру механизмі қабілеттілікті тексеру нәтижелерін орналастыру механизміне ұқсас.
3. Ситуациялық есептерді шешу
Бұл кезең ситуациялық тапсырмалар түрінде құрастырылған нақты мәселелерді шешуге үміткерлердің көзқарасын бағалауға бағытталған.
Кезең үміткерге ыңғайлы уақытта Нұр-Сұлтан уақыты бойынша белгіленген күні онлайн платформада эссе жазу форматында өтеді. Бұл кезең онлайн-платформада аудио және бейнежазбамен сүйемелденеді. Ұзақтығы – 45 минуттан, көлемі 500 сөзден аспайды.
Сарапшылардың жалпы пулы кем дегенде 105 адамды құрайды.
4. Құзыреттерді бағалау
Ситуациялық есептерді шешу кезеңінен кейін 250 үздік үміткер құзыретін бағалау кезеңінен өту үшін онлайн-платформаға тіркеле алады. Олардың әрқайсысы ұсынылған нұсқалардан рәсімнің күні мен уақытын таңдай алады.
Бұл кезең екі бағалау блогынан тұрады:
– ассессмент-орталық,
– құзыреттілік сұхбаты.
Ассессмент-орталық Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол үміткерлердің мінез-құлық көрсеткіштерінің жиынтығы арқылы белгілі бір құзыреттерін (стратегиялық ойлау, проактивтілік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық, сенімділік) анықтауға және бағалауға бағытталған.
Құзыреттіліктерді бағалауға барлығы кемінде 20 сертификатталған бағалаушы мен 5 супервизор тартылады. Ассессмент-орталық рәсімінің ұзақтығы 6-дан 8 сағатқа дейін созылады.
Нәтижесінде құзыреттерді бағалаудың келесі блогына құзыреттер бойынша сұхбатқа ең үздік нәтиже көрсеткен 125 үміткер жіберіледі.
Құзыреттілікке негізделген сұхбат кәсіби HR менеджерлерін тарта отырып, жеке тереңдетілген сұхбаттың онлайн форматында өткізіледі. Әңгімелесуге тіркелу ең жақсы нәтиже көрсеткен 125 үміткер үшін онлайн-платформадағы алдыңғы блокқа ұқсастық бойынша жүзеге асырылады.
Әңгімелесу нәтижелері бойынша іріктеудің келесі кезеңіне үздік нәтиже көрсеткен 100 үміткер іріктеледі.
5. Сараптамалық комиссияда сұхбаттасу
Бұл кезеңге өткен іріктеу кезеңдерінің жалпы ұпайлары бойынша ең жақсы нәтиже көрсеткен 100 адам жіберіледі.
Сараптамалық комиссияда кадр жөніндегі менеджер комиссия мүшелеріне тереңдетілген әңгімелесу нәтижелері бойынша қысқаша есеп береді. Қажет болған жағдайда осы кезеңде комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылуы мүмкін.
Сараптамалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 65 кандидаттан аспайтын тізім жасалады, олар Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылады.
Іріктеудің осы кезеңінің нәтижелері кандидаттардың жеке кабинеттерінде орналастырылады.
6. Ұлттық комиссияның отырысы
Ұлттық комиссияның отырысына сараптама комиссиясы ұсынған ең жоғары баллмен 65-тен аспайтын кандидат жіберіледі. Ұлттық комиссия қажет болған жағдайда кандидаттармен әңгімелесу өткізе алады.
Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне 50-ден аспайтын кандидатты қабылдау туралы шешім қабылданады, 2.0.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев жас қазақстандықтарға ерекше назар аударған болатын. «Тәуелсіздіктің құрдастары 32 жасқа толды. Олар егемен елде туып-өскен, көкірегі ояу. Олардың дүниетанымы мен өмір салты мүлдем басқа. Олар үшін тәуелсіздік – аксиома. Бұл – жастардың санасында егемендік ұғымының орнығуын айғақтайтын қалыпты құбылыс. Алайда тәуелсіздіктің құндылығын түсіну өскелең ұрпақтың жадында мәңгі сақталуы үшін, олар бізге қандай бағамен келгенін білуі керек», – деп жазды Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда білімді жастар қатары артып келе жатқанын алға тартты.
Елімізде жоғары білікті және білімді жастардың саны артып келеді. Олардың көпшілігі уақыт өте келе еліміздің жаңа озық көшбасшыларының қатарын толықтырады. Менің бастамам бойынша құрылған Президенттік кадр резер-ві – осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам сұранысына бағытталған басшыларды іріктеуге ерекше мән береміз. Билікте отырған әрбір адам ең алдымен ұлттық мүддені басшылыққа алуы керек, – деп айтқан болатын Президент.

Резервшілер кімдер?

2021 жылы Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Президенттік резервке 50 кандидатты қабылдау туралы шешім қабылданды. Жүргізілген талдауға сәйкес, резервшілердің 62% (31 адам) шетелдік озық білімі, 38% – қазақстандық (19 адам) білімі бар. 39 адам магистр дәрежесіне ие.
– Резервшілердің басым бөлігінде экономиканың түрлі секторларында қызмет ететін жетекші шетелдік және жеке қазақстандық компанияларда жұмыс істеу тәжірибесі бар. 13 адам – квазимемлекеттік секторда жұмыс істейтін адамдар, 18 адам – жеке сектор өкілдері, 19 – мемлекеттік қызметшілер. Бұл ретте 24 адамның басшылық лауазымдарда жұмыс тәжірибесі бар. Өңірлік бөліністе резервшілердің басым бөлігі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан және Павлодар облысынан ұсынылған. Резервке алынған тұлғалар арасында Бельгияда тұратын Қазақстан өкілі бар. Ол елшінің хатшысы болып жұмыс істейді. Орташа жас – 30. Бұл ретте ең жас резервист 25 жаста. Резервке алынған адамдар Президент жанындағы уәкілетті комиссияның шешімі бойынша «А» корпусының саяси, әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшы лауазымдарына және «Б» корпусының А санаты тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін, – деген болатын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова.
Резервшілерді мемлекеттік қызметтің жоғары лауазымдарына тағайындау дәйекті мансаптық өсу жолымен жоспарланады. Агенттік резервшілердің одан әрі мансаптық ілгерілеуіне мониторинг жасайды. Резервшілермен өзара іс-қимылды күшейту мақсатында талқылау үшін өзекті мәселелерді алдын ала жинай отырып, олармен кемінде 2 айда бір рет кездесулер ұйымдастыру ұсынылады. Бұл жұмысқа орналастыру, одан әрі дамыту, әлеуметтік маңызы бар жобалар үшін әлеуетті пайдалану. Аталған жұмысты орталықта ғана емес, өңірлік деңгейде Агенттіктің аумақтық департаменттерін тарта отырып жүргізу ұсынылады.
Президенттің жастар резервін құру бір күнде пайда болған дүние емес. Айта кету керек, бұған дейін де елімізде құқық қорғау органы саласында осындай тәжірибе енгізіліп, өзінің жетістігін де берген. Ендігі кезек- те – мемлекеттік қызметте мықты әрі өзгермелі әлемде кез келген жағдайға бейімделуге қабілетті жастар қатарынан әлеуетті кадр жасақтау. Президенттің игі бастамасы жастарға жол ашумен қатар, еліміздегі кадр саясатын да оңтайландырмақ. Тек қабілетің мен қарымың жетсе болғаны. Бұл тәжірибе көршілес Ресейде, Кореяда және АҚШ-та да қолданылатынын айту керек. Президенттік жастар резерві жасақталар болса, қоғамның дамуына ықпал етер лауазымды орындарға білікті жастардың келеріне сенім мол. Біздің бағамдауымызша, Президенттің де көздегені – осы.

Еркін Сайын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.