Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кемел келешекке керуен тартқан Қазақстан

0 1  408

Өткен жыл еліміз үшін көптеген қуанышты сәттер мен оң өзгерістерге толы болды, дегенімен оның ішінде еліміздің есінде қалатын қиын сәттеріміз де болғаны анық. Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қараша айының 3 жұлдызында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтқан сөздерін жаңа жылды өткеннің естеліктерін түсіндіруінен, бағалауынан, алға қойған мақсаттарына қарап, көп нәрсені түсінуге мүмкіндік беретін сияқты.

Президенттің берген сұхбаты жан-жақты талқылануда. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен еліміздегі 2023 жылы атқарылған жұмыстарды атап өтті. Оның айтуы бойынша, Конституциялық Сот өз жұмысын бастады. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция жұмыстары мықтап қолға алынды. «Мен өткен қыркүйектегі Жолдауымда жаңа экономикалық үлгіге көшетінімізді айттым, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мәселесін басты стратегиялық мақсат ретінде белгіледім. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалады», – деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сұхбатында «біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық» деді. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала басшыларын сайлау жалғасын тапты. Былтыр ұзын ырғасы 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды.
– Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемеақы төленетін болды. Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтардың жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды. Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Бұл айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негізгі бағыт-бағдары биылғы бірінші тоқсанда айқындалмақ. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отырысы, сосын көктемде Құрылтай отырысы өтпек. «Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі жалғасатынын сөз етті. «Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа.
Осындай маңызды оқиғалардан бөлек, күнделікті атқарылуға тиіс жұмыстар да аз емес. Бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны барша азаматымыздың ерік-жігеріне де байланысты. Мен жаңажылдық құттықтауымда биыл бәріміз тұтас ұлттың өсіп-өркендеуіне куә болатынымызды айттым. Бірақ осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек», – деді ол.
Сұхбат барысында Президент халықаралық ұйымдарға, көршілес мемлекеттер мен біздің мемлекетіміздің арасындаға қарым-қатынасқа халықтың теріс пікірі бар екендігін де айтқан болатын. Халықтың сыртқы саясатқа қатысты теріс пікірі әртүрлі мәселелерден туындаған, сондықтан да бұл мәселені зерттеу мен талқылау қазіргі кезде де өзекті.
Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде халықаралық саяси аренада өзіндік орнын тапқан, әлем саясаткерлері мен жұртшылығы таныған бірден-бір мемлекетке айналды. Мемлекетіміз тек әлемдік саясатта ғана емес, сондай-ақ сол мемлекеттерді, дүниежүзілік саясаткердерді бір орталыққа біріктірген ұйымдарда да басшылық етуде. Бұл туралы да Мемлекет басшысы сұхбат кезінде де Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін ескере отырып, әрдайым сыртқы саясаттағы қызметін жалғастыратындығын, ынтымақтастық пен серіктестікті арттыруды жалғастыратындығын айтқан болатын. Қазақстан дүниежүзі бойынша көптеген беделді халықаралық ұйымдарға мүше, соның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Аралды құтқару халықаралық қорына, Түркі мемлекеттері ұйымына, сонымен қатар Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалықта етеді.
Тоқаевтың көрегендігі мен ұлтының құндылықтарын дәріптеуінің тағы бір белгісі ол Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізуі де еліміз үшін, мәдениетіміз үшін маңызды оқиға болатындығы анық. Бұл сұхбатта Президент мемлекеттің сыртқы саясатын жаңғырту кезінде көршілес мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың маңыздылығына да тоқталған болатын, бұл туралы төменде айтатын боламын.
Мемлекет басшысы еліміздің қабырғасын қисайтып кеткен Қаңтар оқиғасын тілге тиек етіп айта өтті. Оның айтуы бойынша, Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болған. Әрі Президент саяси жүйені демократияландыруға, экономиканы монополиядан арылтуға бағытталған реформалары, ескі жүйеден айырылғысы келмейтін лауазымды адамдарға ұнамағанын ашық айтты. Еліміз тығырықтан шығар жолын да ешкімге есесін бермей, қиындыққа дес бермей еңсесін көтеріп, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық. Қазіргі таңда білім берушілерге және келешек ұрпаққа үздіксіз айтып, мән-мағынасын түсіндіруіміз қажет. Сол үшін де жаңа Қазақстанның тарихын зерттей отырып, құндылығын анықтағанымыз дұрыс.
Мемлекет басшысы халқына Абай мұрасына адал болуды үндеп отыр. Ақынның білім жолында айтылған нақыл сөздерін үлгі тұтуда. Абайға деген оң көзқарас өте ұлт жанды азаматтың кепілі екенін анық айта аламын. Келешек ұрпаққа Абайдың шығармашылығын үндей отырып, ұлтымыздың теңдесі жоқ тарихын атап өтеміз. Абайтану ғылымы дамуы тиіс. Кең етек жаю керек. Оның сөздерінен ғибрат алып, әр адам кемел болғаны барлығымыз үшін нұр. Адами қасиеттерді бойға сіңіріп, ұлтты оңынан қалыптастыратын нағыз патриот болады.
Тоқаев Қазақстанның жаңа тарихын ұмытпау қажеттігін атап өтті. Мысалға, 2021 жылы біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Сондай-ақ Семей ядролық полигонының жабылғанына да 30 жыл толады. Болашақ қазірден бастау алады. Елімізде өз кәсібінің адал қызметкерлері де сыйсыз қалмақ емес. Ауыл-аймақтарға жаңа басшы сайланып жағдай жасалып жатыр. Бұл қарқыннан еліміздің басшысы мен халықтың бірігуінен шыққан нәтиже деп санаймын.
Мен, ЖОО-ның қызметкері, аға оқытушысы ретінде басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқанымен толықтай келісе отырып, үндеудің іске асуына Отан алдында адал қызмет етемін. Қазақстанның жарқын болашағы үшін өскелең ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру – адамдық борышым. Мемлекет басшысының айтқан ойын жүзеге асырсақ, жарқын болашақ жолында жаңылыспайтынымыз анық.

Мәншүк Садуахасова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Практикалық шетел тілдері» кафедрасының аға оқытушысы, педагогикалық ғылымдар магистрі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.