Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кеңес отырысында қала көшелерінің сапасы қаралды

0 475

«AMANAT» партиясы облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы мен филиал жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Басқосудың күн тәртібіне Тараз қаласындағы көшелер және жаяу жүргіншілер жолдарының жай-күйі туралы мәселе шығарылды.

Облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылары мен Тараз қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлері қатысқан жиында Партия филиалы жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі, зерделеу тобының басшысы Қасымхан Төлендиев баяндама жасады. Ол өз хабарламасында қала көшелеріне жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысына тоқталып, бірқатар кемшіліктердің бар екенін жасырмады. Мәселен, «Арай-2» мөлтек аудандағы №1 үй жанында ұзындығы 80 метр болатын тротуардың бұзылғандығы, жауапты мердігер тарапынан оның қалпына келтірілмегендігі анықталыпты. Сондай-ақ Қасымхан Естемесұлы аталған мөлтек аудандағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Назарбаев зияткерлік мектебінің ортасынан өтенін жолдың бойында жаяу жүргізушілер жолының толық жасалмағандығы бірнеше рет көтерілсе де, әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқанын қатаң сынға алды. Сонымен қатар Әл-Фараби, Ташкент, М.Х.Дулати, Т.Рысқұлов, Д.Шостакович, Желтоқсан, Байзақ батыр, Ниеткалиев, Қолбасшы Қойгелді және Ниеткалиев көшелеріндегі жолдың сапасыздығын тілге тиек етіп, қалпына келтіру жұмыстарына көңіл толмайтындығын баса айтты.
Өз кезегінде Тараз қалалық тұрғын жай, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мақсат Нұржанов баяндама келтірілген проблемалық мәселелерді жоққа шығармады. Сондай-ақ ол қала әкімдігі тарапынан ол олқылықтарды қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұдан өзге шаһар басшысының орынбасары Қайрат Исмайыл да қала көшелеріне қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысына тоқталды.
Жиында шаһардың шырайын келтіретін көшеге қатысты бірқатар мәселелер қаралып, қайта қалпына келтіру бойынша қала әкімдігіне ұсыныстар берілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.