Қалалық қоғамдық-саяси газет

Карантиннен шығар күн алыс емес

0 232

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін белгілі болғандай мамыр айының 11-інен бастап еліміз біртіндеп төтенше жағдайдан шығып, қалыпты өмірге оралмақ. Бұл орайда облыс басшылығы да брифинг өткізіп, алдағы атқарылатын жұмыстар туралы толық мәлімет берді.

Арайлым Бақытжанқызы

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров хабарлама жасады. Өз баяндамасында Нұржан Сәбитұлы өңірдің экономикасы мен ағымдағы жағдайын ескере отырып, бизнестің бірқатар субьектілерінен бастап шектеу шараларын кезең-кезеңмен жеңілдетілетіндігін айтты.

– Бірінші кезеңде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтай отырып, кейбір ШОБ (шағын және орта бизнес) субъектілерінің жұмыс жасауына рұқсат беріледі. Олардың ішінде азық-түлік емес тауарлардың шағын сауда объектілері. Бұл нысандардың саны – 74, онда 177 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ 267 қызмет көрсететін нысандар, оның ішінде автосалондар, автоқосалқы бөлшектерді сату, техникалық қызмет көрсету станциясы, автожуу мекемелері. Онда барлығы 742 адам жұмыс істейді. Тігін ательелері, аяқ киім шеберханалары, химиялық тазалау және кір жуу орындары, микрокредиттік ұйымдар, ломбардтар. Бұл салада 661 нысан жұмысын қайта бастайды, оларда 2274 адам жұмысқа қосылады. Онлайн тапсырыстарды жеткізу үшін мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс тәртібін сағат 20.00-ден 22.00-ге дейін ұзартылады. 152 құрылыс материалдарын өңдеуші компаниялардың (37-сі жұмысын уақытша тоқтатқан, жалпы облыс көлемінде 87 кәсіпорын тұрақты жұмыс атқарса, 65 кәсіпорын маусымдық режимде жұмыс жасайды) жұмысына рұқсат беру, сондай-ақ құрылыс дүкендерінің жұмысын іске қосу жоспарланады (186 нысанда 958 адам жұмыспен қамтылған). Сонымен қатар 21 асфальт бетон зауыты мен жол-құрылыс компанияларының жұмысын іске қосу жоспарлануда. Бұл салада 15350 адам жұмысын қайта бастайды, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Іске қосылатын нысандардың тізімі аудандар мен Тараз қаласы жедел штабтарымен нақтыланған және облыстық штабпен келісілген. Барлық жұмысын бастайтын бизнес нысандары санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауы, жұмыскерлердің орталықтандырылған тасымалын, түскі аспен қамтамасыз ету, жұмыс уақыты сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, негізсіз бағаның көтерілуіне жол бермеу, нысанның және айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, тазалығын қамтамасыз етуі қажеттігі қатаң ескертіледі. Осыған орай әрбір нысан иесі жергілікті әкімдікпен меморандумға қол қойылатын болады. Оның орындалуы қатаң бақыланады.

Ал карантин аяқталғаннан кейінгі екінші кезең санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып түнгі және ойын клубтары, бар, сауда орталықтары мен кинотеатрлар, моншалар, сауналар, мейрамханалар, кафелер, сауда базарлары өз жұмысына кіріседі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.