Қалалық қоғамдық-саяси газет

Карантинде қарап жатпа!

0 577

Ғаламат күштің бүкіл әлемге бетперде таққызғаны – «аузыңды жап, бейберекет сөзден тыйыл» дегені, ал әуедегі, жердегі транспорт қозғалыстарын тоқтатуы – «тыныштал, бір сәт тоқташы» дегені емес пе?!

Арайлым Шабденова

Карантинге жабылған тек біздің ғана мемлекет, болмаса біздің ғана қала емес. Алпауыт мемлекеттердің өзі індеттің кесірінен «үй қамағында» отыр. Карантинді кім қалай қабылдайды, ол оның алдағы өміріне әсер етеді. Қалай дейсіз ғой? Бүгінде барлық ғалымдар мен әлем психологтары Жер планетасында үлкен өзгерістің болатынын айтуда. Планета өзін-өзі адамдардан «тазалап» жатыр деген ақпараттарды да жиі оқып жатырмыз. Мүмкін бұл карантин сіз үшін берілген мүмкіндік шығар, ал оны қалай пайдаланатыныңыз өз еркіңізде.

Өзге мемлекет арасында ғана емес, көршілес ауыл-аймақ, қалалармен шекараны тарс бекітіп, тұрғындарды үйде болып, тазалық нормаларын сақтауға үндеудеміз. Ал карантинді орынды деп тапқан бірқатар азаматтар үйде отырып-ақ өз уақыттарын тиімді пайдалануда. Бүгін біздер Жамбыл облысы «Қоғамдық келісім» мекемесінің мамандары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен үйде отырып, көптеген пайдалы істер жасауға болатынын баяндаймыз.

Желіні ескен челленджді «Радонеж» орыс қауымдастығы» этномәдени бірлестігінің және «Жаңару жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшесі Виктория Трегубова жалғапты. Ол өзінің қатарластары мен ҚХА мүшелерін үйде құр жатпай, Абай Құнанбаевтың қара сөздерін жаттауға шақырды.

– Елімізде орын алған төтенше жағдай кезінде індеттің бетін қайтару үшін барлығымыз режимді сақтап, үйде отыруымыз керек. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, Үкімет тарапынан қойылған талаптарды барлығымыз сақтасақ, бұл аурудан тез құтыламыз. Әрине, белсенді өмір салтына үйренген біздерге карантин «үй қамағымен» тең келіп жатқан шығар. Дегенмен әр істің қайыры бар. Мен үйде қол қусырып жатпай, Абайдың қара сөздерін жаттап жатырмын. Әлеуметтік желіде арнайы челлендж жариялап, оны таратудамын. Қолдаушылар да көп. Ақыл, қайрат, жүрек үшеуін бірге ұстап, Абай айтқан даналықтарды бойымызға сіңіріп, үйде қалып, өз-өзімізді дамытайық. Біз біргеміз! – дейді Виктория Вячеславна.

Иә, бүгінде әлеуметтік желінің қай түрін ашып қалсаңыз, түрлі челлендж бен эстафетадан көз ашпайды. Оның да өзіндік пайдасын көруге болады. Республикалық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері #Біргедайындаймыз деген хештегпен әр ұлттың ұлттық тағамдарынан видео-челлендж жасап, әр қала бойынша жалғап жүр. Мәселен, «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің өкілі Замана Исмаилова өздерінің ұлттық тағамы саналатын «Атлама» тағамын үй жағдайында әзірлеудің оңай тәсілімен бөліскен. Атлама суық ас ретінде және салқын сусын ретінде де ұсынылады. Орыс асханасында бұл тағамды окрошка деп атайды.
– Әзірбайжан асханасы әлемдегі ең көнелігімен әрі әртектілігімен ерекшеленеді. Әзірбайжан ұлттық тағамы сүт, ет, ұн, көкөністен жасалған тағамдарды біріктіреді. Ал тағамдарды дайындау тәсілдері де әртүрлі. Онымен қоса әзірбайжан асханасында әртүрлі дәмдеуіштер мен хош иісті шөптер – жасыл және қара рейхан, ащы бұрыш, зире (тмин), кинза, шафран, сумах кең қолданылады. «Атлама» тағамына көк шөптерді, яғни аскөк (укроп), базилик, көк пиязды майдалап турап, оған қияр және шалғам (редиска), кептірілген жалбызды қосып, үстіне салқын айран құямыз. Өзіңіздің қалауыңызша тұз қосып, стақанға немесе үлкен тостағанға құйып, салқын ас ретінде ұсынасыз, – деген Замана өзінің құпиясымен бөлісті.

Ал «хоббиім – аспаздық» деп әңгімесін бастаған Майса Алдабаева 1988 жылы Тараз қаласына қазақ отбасына келін болып түскен. Ол 30 жылдан астам уақытта қазақ асханасын толық меңгеріп алғанын мақтанышпен жеткізді. Қарашай-болгар этномәдени бірлестігінің өкілі барша шаһар тұрғындарын үйде отыруға шақырып, қыз-келіншектерге өз ұлтының асханасынан күнделікті түрлі тағамдар ұсынып жүргендігін айтты.

– Мен осы уақытқа дейін аспаздықты қосымша хоббиім ретінде терең меңгеріп, түрлі онлайн курстар мен Ресейден келген аспаздардың шеберлік сыныптарына қатыстым. Алған білімімді пайдаға жарату мақсатында өзім танитын қыз-келіншектерге білгенімді көрсетіп, шеберлік сыныбын өткізіп келгенмін. Бүгінде ол жұмыстарды онлайн жүргізіп жүрмін. Үйде отырып, түрлі ұлттың асханасын меңгеріп алсаңыз жақсы емес пе?! Бос уақытымызды тиімді пайдаланайық, – дейді Майса Мукушбекқызы.

Иә, біз карантин деген үйде қамалып отырып, төрт қабырғаға телміріп, теледидардан сериал жібермей қарау деп қабылдамайық. Карантин уақытын тиімді пайдаланып, кітап оқыңыз, энергияңызды позитивті дүниелерге жұмсаңыз. Ол үшін сізде уақыт та, күш-жігер де жеткілікті. Өзге ұлттың тілін жаттамасаңыз да, ұлттық тағамдарын үйреніп, бала-шағаңызды, отбасыңызды жаңа дүниемен қуантып, үйде болыңыз, оқырман!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.