Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғашықтық сезiм ғаламат!

0 21

Дүниенің діңгегі де, тіршіліктің өзегі де, адамзатты ғаламат биіктерге жетелейтін де – мәртебелі махаббат. Сезімнен жыр туады, күй һәм ән келеді өмірге… Оның ғаламаты да сол. Осы бір аяулы сезімді себеп етіп, 15 сәуір – Ғашықтар күніне орай әріптесіміз, жас ақын Арайлы Жақсылықтың мөлдір сезімге құралған жырларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Сонымен қатар өңірде «Авангард» деп аталатын поэтикалық кештерді ұйымдастырып жүрген ақындар өркениет көшінен кеш қалмай, әлемнің дегбірін алған дүдәмалы шақта өрелі оқырманға тарту болсын деп онлайн форматта поэтикалық кештер ұйымдастыруға бекініп отыр. Жырсүйер жандар ақындардың тікелей эфирін күн сайын сағат 22:00-де «Авангардтың» әлеуметтік желідегі парақшаларынан тамашалай алады. Ұсынылып отырған бұл топтаманы осы бастаманың сүйіншісі деп қабылдағайсыздар.

Сағыныш жыры

Сен жайлы айтылмас сырым көп,
Сен жайлы жазылмас көп өлең.
Өзіңнен артылған мұңым жоқ,
Өзіңмен жаным бір деген ең…

Қайрылмай кеттің де жоғалдың,
Қайыры бар шығар мұның да.
Өтірік сағынбас боп алдым,
Сия алмай «сен» деген ұғымға.

Естелік көп шіркін сен жайлы,
Аспанда тұрған ай тағы бар.
Жұлдыздар мұңымды жолдайды,
Жүрекке тұмар қып тағып ал.

Өткінші уақытқа жоқ өкпе,
Сезім ғой тақымын жаза алмас.
Сол үшін жоғалу керек пе?
Көздерім көзіңе әлі мас…

Жазмышын маңдайдың кім жазған,
Жаныңды сезімнен жетім қып.
Өзіңді бір көру күнде арман,
Ал түске енуге бетің жоқ!

Сен жоқта ғұмырым күнде күз,
Жаз соңы жапырақ семеді.
Болмасақ ғайыпта бірге біз,
Шайырдың шер болар өлеңі.

Сен жайлы айтылмас сырым көп.
Сен жайлы жазылмас көп өлең,
Қарайған қап-қара түнің боп,
Түнекке айналсаң көрер ем.

Дүние сенсіз де тар емен,
Десек те қашады-ау дегбірім.
Сен жайлы жазылар көп өлең,
Мен сені күтемін, кел, күнім…

Сезімге нала

Арылмай-ақ сезімнің наласынан,
«Сүйем» деп құрақ ұшып аласұрам.
Мен сенің «қызғалдағың» болмақ едім,
Көз тартқан «раушандардың» арасынан.

Аяймын жүректегі жырды кімнен?!
Жыр дегенде тосыннан түн тірілген.
Шоқ жаның лап етер деп күтіп едім,
Тамшы жас құлағанда кірпігімнен.

Арманға арашашы болмас мұңым,
Кім маған ұсынады солмас гүлін.
Тағдырым саған мені қалай қиды?
Өзгенің сезе тұра таластығын.

Жан шырылым зар болып естілгенмен,
Ел тілер бақыт тостым ессіз күннен.
Сен менің шаттығым боп көріндің де,
Сұлудың сиқын күттің кескінімнен.

Сезімсіз жүрегіңнің көп қалауы,
Сұқ қолын созады екен жоққа бәрі.
Ес ауып елеңдейтін секілдісің,
Қыз біткеннің жалт етсе от жанары.

Арылмай ақ сезімнің наласынан,
«Сүйем» деп құрақ ұшып аласұрам.
Мен сенің «жалғызың» боп қалмақ едім,
Дараланып көп қыздың арасынан.

Қайтемін өткен күнге наламды артып,
Мен үшін жүрек – дара, сараң уақыт.
Арманды алданыш қып қала берем,
Тілеумен өзіме жыр, саған бақыт!

Екеуміз туралы

Маңдайымнан күн сүйіп, жел өппеген,
Ғұмырыңнан тəңірдің күзі өтпеген.
Түн ішінде тіріліп өзектегі үн,
Жүрегімді ап тəнімнен бөлектенем.

Хақтан келген əмірдей серілігің,
Тағы көкке көтердім сені бүгін.
Аспаны жоқ күнді кеп сүйесің сен,
Білмей соңғы сəуленің желігі кім?!

Дəру таппай жүректен шетінеген,
Біздерді аңыз қылуға бекінеді ел.
Арайына алдансаң жоқ аспанның,
Жоқ сəуленің соңында кетіп өлем.

Ғұмыр көшін мұң шалса шарықтаған,
Мен өзіңдей ұғудан қалып барам.
Салық қылып жүзіме шеріңді бар,
Құдіретіңді қанекей таныт маған!

Қолдан кесел жасаған бақсылардай,
Дегбір қашып барады, дəт шыдамай.
Күнді жоқтап қол жайып жүремісің?
Маңдайыңа шоқ тиіп, тас құламай.

Кезеңге кеп, кертартпа, қайдағы бір,
Азуында шайнайды айла ғұмыр.
Мен сонда да сенімен қорғанамын,
Тамыр жайып жанымның айбары – Гүл!

Қиянат деп сөкпейді ешкім мұны,
Барлығын кеш!
Бұл жанның ессіздігі!
Екеумізге тар болмас ұғысуға,
Күнді құшқан аспанның шексіздігі!

Махаббатты дәріптеу

Сүйкімдім-ау селт еткізші сезімді,
Іште тұнған тұмса жырлар оянсын.
Ұмыттыршы мұң оранған кезімді,
Құр шаттыққа көніп қалай тоярсың?

Көктемнің де әр таймасын жүзінен,
Гүлдердің де тарқамасын жұпары.
Шын күресте адалдықтың ізінен,
Шын ғашық боп, шын сүйгендер ұтады.

Көкем, сені көктем көрем мәңгілік,
Көңілдегі күздің кейпі сейілсін,
Сезім деген селт етпейтін заңдылық,
Қайғы біткен шаттығымнан жерінсін!

Ғұмыр-майдан, махаббатқа жоқ дұшпан,
Жоқ қой сірә, ғашықтыққа тұсау шын.
Жаза алмасаң жүрегімді дерт қысқан,
Мезгілдердің машақатын құшарсың.

Құмартпайды «сүю» сазды әнге кім?
Сезім төнсе шабыт шіркін зор шапты.
Тыюға да жетеді ғой дәрменің,
Арулардың көзіндегі моншақты…

Көктем келіп, кең көңілім айға ұшсын,
Махаббатқа менің жазған датым құт.
Бір серінің жүрегіне жайғассын,
Мың арудың бойындағы батылдық.

Өлең өріп өне бойға от ене,
Ұлы сезім ұлықтасын ғасырын.
Енді мені ғарышыңа жетеле,
Ғайыптағы көз көрмеген ғашығым…

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.