Қалалық қоғамдық-саяси газет

Күзетші болу – қауіп пен қатерге бас тігу

0 504

Қалада қоғамдық тәртіпті күзететін құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмысын қырағы атқарып келеді. Алайда біз тәртіп сақшыларының ұры-қары түспесін деп әр үйді күзетуге мүмкіндігі жоқ екенін де жақсы білеміз. Сондықтан ел-жұрт кәсіптік нысанын, үйі мен пәтерін күзет агенттіктеріне сеніп тапсырады. Енді қайтсін, «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген – осы.

Дерек бойынша, елімізде 2500-ден астам күзет агенттігі бар екен. Оған нысандармен қоса, азаматтардың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін оққағарларды қосайық. Әрине, қызметтің бұл түрі көпшілік үшін қызық та шығар. Бірақ сала мамандарының айтуынша, асқан қырағылықты талап ететін күзетшілік қызметі кім көрінгенге есігін ашпайды. Өткен аптада біз осы саланың қыр-сырын егжей-тегжейлі білу үшін «Нұр-Дифенс» серіктестігіне ат ізін салған едік.
2014 жылы құрылған агенттік бүгінде Тараз қаласындағы 300-ге жуық нысанның қауіпсіздігін күзетеді. Оның ішінде дүкен, жер үй мен пәтер иелері дабыл белгісін орнатып, серіктестікке өткізеді екен. Ол құрылғыны күзет агенттігінің техниктері орнатып береді. Нысан иесінен талап ететіні – тек өзіне қажетті дабыл белгісін немесе бейнебақылау камерасын дұрыс таңдау ғана. Одан кейін айма-ай агенттікке 10-15 мың теңге аралығында ақы төлеп отырады. Иә, күндіз-түні дамылсыз еңбек ететін тұрғындар кейде үйін уақытша қараусыз қалдыруға мәжбүр болады. Елде коронавирус инфекция- сы тараған тұста ұрлық-қарлық та көбейгендей. Бұған жиған-тергенін сақтап, тиімді жұмсауды ойластырып отырған азаматтар алаңдамай қайтсін? Сондай-ақ көрші-қолаңнан күнде бір сұмдықты естіп үрейленгендерге күзет қызметіне жүгіну қауіпсіз әрі тиімді.
«Нұр-Дифенс» серіктестігінің күзет бастығы Ержан Қилыбаевтың айтуынша, соңғы жылдары дабыл белгісі арқылы шақырту көбейген.
– Біз күзететін нысандарда дабыл белгісі бөгде адамдар есікті немесе терезені бұзып кірген жағдайда іске қосылады. Сол сәт шақырту лезде диспетчерге түседі. Ал ондағы мамандар оқиға орнына жедел әрекет ететін «Беркут», «Сұңқар», «Сапсан» деп аталатын үш топтың бірін жұмсайды. Олар тапсырманы қабылдап, нысан маңына кемі 7 минутта жетіп баруы тиіс. Жедел әрекет ететін құрамның қайда жүргенін диспетчер GPS-навигатор арқылы бақылап отырады. Сәйкесінше нысанға ең жақын маңдағы күзетшілерді жөнелтеді. Нысанның маңына жеткен күзетшілер келісімшартта көрсетілгендей, дүкен немесе үйдің есігі мен терезесін жіті тексереді. Есік бұзылып, терезе сынған жағдайда күзетшілер сол маңды нысан иесі немесе тәртіп сақшылары келгенше қоршауға алады. Сыртқа күдікті шықпайынша, күзетшілер алыс кетпейді. Егер нысанға ұры түскен болса, істі әрі қарай полиция қызметкерлері жүргізеді, – дейді Ержан Түстікбайұлы.
Несін жасырамыз, қоғамда күзетшілерге көзқарас түзу емес. Көпшілік бұл салаға «қағынған жастар келеді» деген түсінік қалыптастырған. Десе де,  жедел әрекет ететін топта                  жастар жағы басым болатыны түсінікті емес пе? Олар кез келген жағдайға сақадай сай болуы тиіс. Шақырту түскенде діттеген жерге дер кезінде жетсе, бұл күзетшілердің өзгеге мұрын шүйіріп қарағаны емес. Керісінше, жұмысқа деген жауапкершілігі деп ұғынған абзал. Олар тіпті қайда шақырту түсетінін, барған жерінде қандай қауіп-қатер күтіп тұрғанын білмейді. Қалада «зулап жүретін» күзетшілердің  «қырық жаны» жоқ екенін ескерген дұрыс. Әлеуметтік желіде жол-көлік оқиғасына тап болған жедел жәрдем мен күзетшілердің көлігін жиі көретін болдық. Бұл ең әуелі тұрғындардың жедел қызметтің жолын бөгеуінен болған оқиғалар болса керек-ті. Ал жүргізушілердің мәдениеті жайлы әңгіме тіпті бөлек. Күзетшілер де қару асынады. Мысалы, «Нұр-Дифенс» серіктестігінің күзетшілеріне қауіпсіздік үшін «Сайга» атты аңшылықта қолданатын тегіс ұңғылы мылтық берілген. Жедел әрекет ететін үш топтың әрқайсысында екі мылтық болады. Ал күзетші жүргізушілер тапаншамен қаруланады екен. Олар көбіне қылмыскерді құрықтау үшін травматикалық қаруды пайдаланады. Ал ол адам өміріне қауіп төндірмейді. Күзетші қаруындағы әр оққа жауап береді. Талап бойынша бірінші оқты көкке атады. Ал қылмыскер қарсы қару қолданып жатса, екінші резеңке оқты қолдануға болады. Егер қарсы топ қарсыласуын тоқтатпай, оқ жаудырып, жағдай бақылаудан шықса, күзетшілер өзін және өзгелерді қорғау үшін бытыра оғын пайдалануға мәжбүр болады. Сондықтан олар әркез іс насырға шаппай тұрып мәселені бейбіт шешуге тырысады. Себебі жоғарыда атап өткендей, күзетші әр атқан оғына жауап береді. Мұны серіктестік басшылығы да үнемі ескертіп отырады. Жедел әрекет ететін топтың бастығы Оспан Құтымбетов күзетшілерді күнделікті таңғы сапта түгендеп, денсаулық жағдайы мен дайындығын жіті қадағалайды. Содан кейін ғана қызметке кірісуге рұқсат береді.
– Жедел жасақта 46 адам ауысыммен жұмыс істейді. Яғни әр күзетші бір тәулік жұмыс істеп, үш тәулік демалады. Сондай-ақ қаладағы кейбір ірі нысандарға тәулік бойы кезекшілік етеміз. Ондай 30 нысанды күзетуге 90 адам жұмылдырылған. Нысандарды тәулік бойы күзететіндердің қатарында әскерде немесе ішкі істер саласында абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққандар бар. Олар ұжымның шамамен 20-30 пайызын құрайды. Жасырмаймыз, күзетшілердің айлық жалақысы аз. Сондықтан жұмыста  жастар жағы көп тұрақтамайды. Орайы келсе, басқа жұмысқа ауысуды ойластырады, – дейді Оспан Абдрахманұлы.
«Нұр-Дифенс» серіктестігінің күзетшілері жұмыс барысында дабыл белгісі арқылы шақырту үзілмейтінін айтады. Әрі жедел шешім қабылдауға тура келетін жайттар аз емес. Мысалы, былтыр агенттіктің қаладағы дабыл белгісі орнатылған «Тәтті себет» дүкендер желісінің біріне шақырту түсіпті. Оқиға орнына күзетшілер жедел барып, ұрыны құрықтаған екен. Бұл оқиға кешкі 22:00 шамасында болған. Дүкенге масаң күйде кірген ер азамат сатушыға суық қару таянып, кассадан ақша талап еткен. Абырой болғанда, сатушы дабыл тетігін басып үлгеріпті. Күзетшілерді көрген ұры оқиға орнынан ізін суытпақ болған. Бірақ агенттіктің күзетшісі Рақымжан Төлендиев ұрыны ұстап, ішкі істер органдарының қызметкерлерін шақырған. Осы оқиғадан кейін ол Ішкі істер министрлігінен арнайы марапатталған.
Бір өкініштісі, бұқараның қамы үшін қызмет етіп жүрген күзетшілерге Үкімет тарапынан қолдау көрсетілмейді. Тіпті шақыртуға кетіп бара жатып жол ережесін бұзған жағдайда айыппұл төлетеді. Сондықтан серіктестік басшылығы министрлік тарапынан дабыл белгісін қосып көлік жүргізген күзетшілерге айыппұл салынбаса деген тілегін айтуда.
Бүгінде қаладағы күзет агенттіктері бірімен-бірі тығыз байланыста екен. Әркез тәжірибе алмасып, білгенімен бөлісіп отырады. Сондықтан жыл өткен сайын күзет қызметінің жұмысы да жүйеленуде. Қысқасы, заман талабына сай бейімделіп келеді. Мұны құзырлы органдар мен тұрғындар да түйсініп, күзетшілерге құрмет артса, бұл сала мамандарының жұмысын өрістетіп, тың тынысын ашар ма еді деген ой келеді.

Сәндібек Піренов 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.