Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көз ауруының қалай алдын алуға болады?

0 767

Көз аурулары — бүгінде жиі кездесетін сырқаттың бірі. Оның ішінде алыстан көрмеушілік, жақыннан көрмеушілік және іштен туа бітті аурулар белең алып отыр. Ал көз ауруларының пайда болуына механикалық, яғни әр түрлі жарақаттар алу, физикалық, химиялық факторлар әсер ететіні белгілі.

Көз ауруларының жиі кездесетін түрлері: басыр, бленнорея, катаракта, коньюктивит, көзге ақ түсу, т.б. Көзге ақ түсу, лейкома – көздің қасаң қабығының ауруы. Бұл көбінесе жарақаттанудан, қабынудан, көзге шыққан түрлі жарадан болады. Қызылша, шешек, туберкулез ауруларының асқынуынан қасаң қабақта ақ дақ пайда болып, ол кейде беріштеніп бітуі мүмкін. Мұның салдарынан көздің көруіне нұқсан келеді. Көздің көруі қасаң қабықтың қай жеріне ақ түскеніне, оның көлеміне байланысты. Егер ақ қарашыққа түссе, адам көрмей қалады. Көзге түскен ақ дәрі-дәрмекке жазылмаса, оған хирургиялық операция жасалады. Ішкі ағзалардың ауруы да көз ауруларына алып келеді. Мәселен, қоян көз, бадырақ көз, т.б. Уақытында емделмеген көз аурулары көздің көруін нашарлатып, соқырлыққа да алып келеді.

Көзді күту үшін алдымен оның тазалығына баса мән беру қажет. Жұмыс істегенде жарық бөлмеде отырып, арқа мен басты түзу ұстаған дұрыс және деледидарды қараңғыда көрмеген жөн. Осы ретте ескеретін бір жайт, көз тазалығын сақтаумен қатар дұрыс тамақтануға да мән берген жөн.

Көз аурулары тұқым қуалаушылық немесе сыртқы ортаның жағымсыз әсері нәтижесінде пайда болады дедік. Мысалы, құрамында канцерогеннің жоғары мөлшері бар тағамды және басқа да зиянды заттарды қабылдағанда көз ауруы пайда болады. Ал көз үшін ең пайдалы көкөністерге қырыққабат және жүгері жатады. Олардың құрамында дәрумендер мен минералды заттар көп болғандықтан, көздің қалыпты көру қабілетін сақтайды. Көздің жақсы көруі үшін тамақтың құрамында А дәрумені болу қажет. Ол ағзаның түрлі инфекцияларға қарсы тұру қабілетін жоғарылатады. Сонымен қатар көздің сау болуы үшін С, Вi, Be және В12 дәрумендерінің де маңызы зор. Олар қан тамырларын бекітеді, орталық жүйке жүйесін қоректендіреді.

Көру қабілетіне тағы басқа факторлар зиян келтіреді. Бүгінде көптеген адамдар компьютермен жұмыс істейді, ал кейбіреулері тіпті күндіз-түні алдында отырады. Соның салдарынан көз шаншып, қызарып ауырады. Сондықтан көздің шаршауын болдырмау үшін бірнеше минуттан кейін назарды ауыстырып, демалдырып, бөлмені желдету қажет. Егер ауа тым құрғақ болса, батерияның астына су құйылған ыдысты қою керек немесе ауа ылғалдандырғышын пайдаланған дұрыс.

Көз ұқыптылықты талап етеді, сол себепті жиірек таза ауада серуендеу керек. Сонымен қатар төмендегі көрсетілген жаттығуларды күніне бірнеше рет жасап тұрған жөн.

• Түзу отырыңыз, назарыңызды алға қарай бағыттап, көзіңізді жұмыңыз да айналмалы қозғалыстар жасаңыз. Мысалы, солға, жоғарыға, оңға және төмен қарай (5-10 рет).

• Саусақтардың ұшымен көзді аздап басып тұрыңыз да алып тастаңыз. Бұл тәсілді 5 рет қайталаңыз. Одан соң көзді ашып, жылдам ырғақпен 15 рет жыпылықтатыңыз.

• Оң қолыңызды алға созып, назарыңызды ортаңғы саусақтың тырнағына аударыңыз. Қолыңызды оң жаққа максимальді бағыттаңыз, бірақ басты бұрмаңыз және назарды саусақтан алмаңыз. Оң жақ қолыңызды қайтарып, енді сол жақ қолыңызбен жасаңыз. Мұны да 5 рет қайталаңыз.

• Көзіңізді жұмып, оны қатты қысыңыз. Мұны да 5 рет қайталаңыз. Жаттығуды жасап болғаннан кейін 15 рет жыпылықтатыңыз.

• Бірнеше рет терең дем алыңыз да тынысты ұстап, белді бүгіп, басты алға қарай түсіріңіз. Содан соң 5-ке дейін санап, қайтадан түзу тұрыңыз. Терең дем алып, жаттығуды бірнеше рет қайталаңыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.