Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәсіподақ – еңбеккерлер қорғаны

0 219

10 қазан – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары күні мерекесі. Ағымдағы жылы ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген бұл күнді аймақта білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағына мүше 68 мыңнан астам ұстаз тойлайды.

Толғанай АТАБАЙ

Ұстаздар күнімен тұспа-тұс келген атаулы мерекеге орай «Күшті бастауыш ұйым – қуатты кәсіподақ» айдарымен облыстық форум ұйымдастырылды. Іргелі шараға ұстаздар мен сала ардагерлері, кәсіподақ белсенділері және ЖОО ректорлары қатысты.
Кез келген кәсіптік одақтың күш-қуаты оның бастауыш ұйымдарының қандай болуына, әрбір еңбекшінің құқықтары мен мүдделерін тиімді де белсенді түрде қорғалуын қамтамасыз етуіне тікелей байланысты. Соңғы бес жылда облыстық салалық ұйымға біріккен 14 филиал мен 3 тікелей бағыныстағы құрылымдық бөлімшеге топтасқан бастауыш ұйымдар саны 796-ға артқан. 200 жылдық тарихы бар ұйымның алдағы атқарар жоспарлары да жетерлік. Салтанатты жиында облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков сөз алып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқығын қорғаудағы рөлін атап өтті.
– Кәсіподақтың негізгі тыныс-тіршілігінің ең алдыңғы шебі еңбек ұжымдарында, бастауыш кәсіподақ ұйымдарында екені баршаға мәлім. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен беделін, олардың қызмет тиімділігін арттыру мәселелері күн тәртібінен түспейді. Кәсіптік одақтар бүгінде мүшелерінің мүддесін қорғау, еңбек жағдайындағы озбырлыққа жол бермеу, әділетті де лайықты жалақы төлеу қызметін абыроймен атқарып жүр, – деді аймақтық кәсіподақтың көшбасшысы.
Жалпы жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы алтын көпір ретінде өз функциясын орындауда мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан форум қатысушыларын «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат пен облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген де арнайы құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
– Қай қоғамда болмасын жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында жалақы төлемеу, жұмысшы құқығын шектеу сияқты түйткілдердің туындап отыратыны жасырын емес. Кейде еңбек даулары сот арқылы шешіледі. Осындайда жағдайды ушықтырмай, мәселені оңтайлы шешуде үлкен рөл атқаратын қоғамдық маңызы зор институт – кәсіподақ ұйымдары, – деген Мейрамбек Мылтықбайұлы аймақ бойынша жарғы талаптарына сай сапалы қызмет көрсететін кәсіподақтардың еңбегін атап өтті.
Бүгінгі таңда облыстық ұйым мен білім басқармасы сала өкілдерінің еңбек қатынастарын реттеуге байланысты мүдделерді бір арнаға тоғыстырудың тиімді тәжірибесін жүргізіп отыр. Нәтижесінде мүшеліктегі барлық қызметкерлер ұжымдық шарттар арқылы қосымша кепілдіктермен қамтылған.
Форум барысында кәсіподақ қатарына жаңадан мүшелікке енген ұстаздарға кәсіподақ билетін беру рәсімі жүргізіліп, салада көптеген жылдар бойы кәсіподақ жүйесіне қызмет жасаған белсенділері аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің, салалық кәсіподақ ұйымының және облыстық мәслихат, білім басқармасының Құрмет грамотасымен, «Nur Otan» партиясы мен білім саласындағы бақылау комитетінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ жиында форум қатысушылары Жамбыл облысының жергілікті кәсіподағының барлық органдары үшін одақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, еңбек заңдылығының сақталуына қоғамдық бақылауды күшейту, еңбек құқық нормалары бұзылған жағдайда жұмыс берушілерге заңды ұсыныстар мен талаптар қою, сала өкілдерінің құқықтары мен мүдделерінің өрескел бұзылуының бірде-бір жағдайын ескерусіз қалдырмау қажеттігін қамтыған қарар қабылдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.