Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаттықтың тасып тоннасын

0 165

9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні.
Бала кезімде ауылдағы ата-әжелеріміздің күннің шуағында отырып алып хат тасушыларды асыға күтетінін жиі көретінбіз.

Толғанай АТАБАЙ

Жаңалықтың жаршысы болған пошта қызметкерлерінің газет-журнал толы сөмкесінен тараған әрбір сәлемдеме олар үшін ыстық та еді. Жолын тосып, сәлемдемесін қолына алғандар құрметін көрсетіп шығарып салып жататын. Оларға деген бұл құрмет әлі күнге бар.
Қытымыр аяздың, жайдарлы жаз бен қоңыр салқын күздің қолайсыз ауа райы олардың жұмысына кедергі емес. Жұмысына жан рахатымен кірісетін хат тасушыларды екі ел арасындағы алтын көпір десек те артық емес. Тіпті Ұлы Отан соғысы кезінде де бұл мамандық иелері өз жұмыстарын барынша жауапкершілікпен атқарды. Ол уақытта әрбір анаға ұлынан, жас келіншекке майданда жүрген күйеуінен хат алу үлкен бақыт еді.
Қазіргі жаһандану заманында Қазпоштаның жұмысы тек газет-журнал таратып, хат тасымалдаумен шектелмейді. Сонымен бірге зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы беру, коммуналдық төлемдер түбіртегін жеткізу, депозитке қаражат аудару, салық және басқа да әлеуметтік төлемдерді қабылдау қызметтерімен айналысады. Пошташы Гүлсім Аяпованың осы салада қызмет еткеніне 13 жыл болыпты. Үш баланың анасы қазір «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы пошта өңдеу және жеткізу учаскесінің пошташысы болып жұмыс істейді. «Қазір Қазпошта орталықтандырылған жүйеге көшті. Жұмысым өзіме ұнайды», – деп бастады сөзін пошташы Гүлсім апай. Әрбір істе кәсібилікпен қатар адамның өз ісіне деген сүйіспеншілігі керек. Гүлсім Дүйсебайқызының іс-әрекетінен қызметіне деген ықыласы сезіліп тұрады. Оқыған, көзі ашық адам екенін әңгімесінен аңғаруға болады.

– Бала күнімнен газет-журнал оқып өстім. Ауылда пошташы төрткүл дүниенің жаңалығынан алдымен хабардар болатын. Оған қызығып қарайтын едім. Мектепте оқып жүргенде әдебиетке, шығармашылыққа жақын болдым. «Пошташы болу ұнайды ма?» деген риторикалық сұрақ жиі қойылады. Бұған менің жауабым да дайын. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Өзіме ұнайды, – дейді пошташы апай.
Таңғы сағат тоғыздан бастау алатын жұмыс уақыты әдеттегідей 18.00-де аяқталады. Аптаның алты күнінде тынбай еңбек ететін пошташылар жексенбі күні ғана демала алады. Таңсәріден «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының бас ғимаратына барып, өздеріне белгіленген тиесілі сәлемдемелерді алып, үйді-үйге жеткізіп, жерлестер қуанышына ортақтасады. Ал мұндағы мақсаты – үйлерінен шығып кетпей тұрғанда адамдарға тиісті тапсырысын жеткізіп беру. Сүлейменов көшесі мен Щербаков, Крупская және Мечников көшелерінің бұрылыстары арқылы сөмке толы сәлемдемелерді таратып жүріп кейде жұмыс уақытының ерте аяқталғанын да аңғармайды екен.
– Кейде жұмысымыз ерте аяқталып жатады. Ол поштаға келіп түскен хаттар мен тапсырыстардың көлеміне байланысты. Ал арнайы тапсырыстарды иесіне міндетті түрде табыстау керек. Оған да уақыт керек. Себебі кейде хат иелері үйінен табылмай жатады. Мұндайда үзіліс уақытымызды да сарп етіп, хатты иесіне табыстауға тырысамыз, – деген Гүлсім апай қаланы аптап ыстықта да, қақаған аязда да жаяу аралайды екен.
Мекеме тарапынан арнайы велосипед те беріліпті. Алайда 53 жасар кейіпкеріміз жаяу жүрудің денсаулыққа пайдалы екенін айтады. Кейде «Қазпошта» орталығынан өзіне тиісті мекенжайға жету үшін қоғамдық көлікке де мінеді. Ол үшін пошташыларға жолақы мен жылына 3 рет мезгілдік аяқ киімдер үлестіріледі. Әдетте, пошта қызметкерлеріне 5 келіден артық хат тасымалдауға болмайды. Бірақ Гүлсім апай 10 келіге тарта хаттарды алып жүре беремін дейді. Қазіргі таңда қоғамда пошташы болуды төмен деңгейдегі қызмет санайтындар жоқ емес. Кейіпкеріміздің бір күндік қызметінен хабардар болған біз пошташы болу үшін шыдамдылық пен зеректік, тиянақтылық қажет екенін түсіндік.
Жаңа заманға сай пошта қызметіне де жаңа функциялар енгізіліп жатқанын білеміз. Соның бірі – смартфон арқылы есеп беру. Бірақ пошташы болып қызмет ететіндердің дені – орта жастан асқан адамдар, сондықтан жаңа жүйеге үйрену қиындық туғызып жатқан көрінеді. «Жаңа технологияға көшу мақсатында пошташылардың қолына бір-бірден смартфон берілді. Бұрын жеткізу қызметіндегі пошташылар жұмысын аяқтаған соң, бөлімшеге келіп, тапсырыстың жеткізілгені туралы ақпаратты арнайы жүйеге енгізіп, есеп беретін. Қазір тапсырысты иесіне табыстаған бойда смартфонға тіркейміз», – дейді.
Гүлсім апайдың қызметіне үңілген біз бұл саланың қаншалықты ауыр екенін ұғындық. Сөз арасында пошташы апай айлығының 46 мың теңге екенін айтып қалды. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана үшін айлығының шайлығынан артылмайтыны айтпаса да түсінікті. Оған ас-ауқаты мен жолақысын қосыңыз. Гүлсім апай бұл күні 5 немеренің әжесі. Жұмысқа шығарда өзімен қатар немерелерін сабаққа, бірін балабақшаға тасымалдайды.
Тап осындай қарапайым еңбек адамдары жайлы қалай мадақтасақ та әбден жарасады. Себебі олар өздері таңдаған кәсіптерін, шын мәнінде, аса бір жауапкершілікпен атқаруға тырысады. Осылайша, адал еңбегінің арқасында әріптестерінің арасында сый-құрметке ие болған Гүлсім апайды «Біздің сүйікті Гүлсім» деп ардақ тұтады. Бұған ол, шын мәнінде, әбден лайықты. Ақын Қадыр Мырза Әлі осынау еңбек иелеріне арнап:
Ыстық сөз!
Лайым,
Суық сөз болмасын!
Тасуға ол дайын
Шаттықтың тоннасын! – деп жырлаған екен.
2015 жылы Оксфорд университетінің баспасынан шыққан «Мамандықтар болашағы» кітабында келешекте пошташы мамандығының жойылып кететіні туралы айтылған. Алайда қазіргі таңда Қазақстанда пошташылар атқаратын функцияны алмастыратын технология қалыптаса қойған жоқ. Қазпоштаның қарапайым жұмысшыларының қызметіне әлі де сұраныс бар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.