Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәсіпкерліктің қарлығашы

0 194
Кеңес үкіметі ыдырап, тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары ешкімге оңайға соқпады. Барлығын басынан бастап, жаңа мемлекет құру үшін алдымен халықтың әлеуетін көтеру күн тәртібінен түспеген-ді. Сол бір 90-шы жылдардың аяғында кәсіпкерлікті бастап, елмен бірге өркендеген «Галеника» ЖШС туралы бүгінде бірі білсе, бірі білмейді. Ал оның негізін қалап, облысымыздағы кәсіпкерлердің алғашқы қарлығашы атанған Қатира Аққұлиеваның өңірдің өркендеуіне қосқан үлесі зор.  
Арайлым Бақытжанқызы


Сырт көзге «Галеника» жауапкерлігі шектеулі серіктестігінің директоры Қатира Аққұлиеваның қызметі бір сарынды, бірқалыпты өтіп жатқан сияқты. Біз сүт цехына арнайы барып, серіктестіктің жұмысымен танысып, Қатира Орынбайқызын әңгімеге тарттық. 
Тараз қаласындағы сүт өнімдерін өңдеу және өткерумен айналысатын «Галеника» ЖШС төрайымы, белгілі кәсіпкер Қатира Аққұлиева №12 Керімбай атындағы орта мектепті тәмамдап, 1968 жылы Шымкент медициналық училищесін «Фармацевт» мамандығы бойынша, 1984 жылы Жамбыл технологиялық институтын «Халық тұтынушы тауарлар бойынша инженер-экономист» мамандығын бітірген. 1968-1993 жылдар аралығында Жамбыл облыстық аптека басқармасы жүйесінде қызмет етіп, ауданаралық дәріханалар меңгерушісінен фармацевтикалық өндіріс басқарушысы қызметіне дейін өскен. Жемісті еңбегінің жеңісі – «Еңбек ардагері» медалі. Сондай-ақ Денсаулық сақтау департаментінің дәрі-дәрмектермен қамсыздандыру бөлімінде 3 жыл меңгеруші болып та қызмет атқарған. Ал 1993 жылы Жамбыл облысы аумағында дәрі-дәрмек препараттарын шығару мақсатында фармацевтикалық база өндірісін жекешелендіріп, «Галеника» жеке меншік өндірістік коммерциялық фирмасын ашып, онда 32 дәрі-дәрмек препаратын шығара бастаған. Алайда шикізаттың басым бөлігі көршілес Ресейден келгендіктен тасымал қиындап, фирма жұмысын тоқтатқан. Дегенмен араға біраз уақыт салып, 1997 жылы №1 сүт асханасын басшылыққа алып, сүт өнімдерімен балалар, қарттар үйін және бірқатар ауруханаларды қамтамасыз еткен. Ал 2002 жылы балаларға арналған «Наринэ» айранын өндіріске шығарып, 2010 жылы «Бифиленд» атты 3 жастан бастап және одан жоғары тұтынушыларға арналған айран түрін шығара бастады. Осы жылдан бастап кәсіпорын Мәскеу қаласындағы «Мир биотехнологии» (ҮЕҰ) АҚБ-мен бірлесіп «Тэнфиленд» айранын шығару технологиясын енгізген. «Наринэ» және «Тэнфиленд» техникалық шартының түпнұсқасын иеленуші «Галеника» ЖШС болып табылады.
Бүгінгі таңда 17 адамды жұмыспен қамтып отырған сүт цехы күніне 1 тоннаға жуық сүт қабылдайды. Мұндағы тағам түрлері: айран, сүт, қаймақ, ірімшік, наринэ, май, тағысын тағы. Бұл тағамдардың жасалуында ең басты талап – табиғи қалыптың сақталуы. Құрамына да ешбір қоспа араластырылмайды. Өнімдердің де артықшылығы осында. 
– Біздің серіктестік бүгінгі таңда үздіктердің қатарында. Біздің ең басты мақсатымыз – сапалы, қолжетімді, таза өнімді тұтынушыларға жеткізу. О бастан біз тазалаққа басты назар аудардық. Ең алдымен, сүт – кірпияз ас түрі. Тазалықпен бірге өзге талаптар орындалмады дегенше еңбегіңіз зая кетті дей беріңіз. Цехтағы аппараттар көршілес Ресейден алынып келеді. Бүгінгі таңда 3,5-3,6 пайыздық өнім алу үшін сүт құнарлы болу қажет. Ал сүт құнарлы болу үшін малдың жайылымы дұрыс болған жөн. Қазіргі таңда мал жайылымы қысқарып, кебектің бағасы бидайдың бағасымен бірдей болып тұр. Сондықтан сүт өнімдерінің бағасы жылдан-жылға қымбаттауда, – дейді Қатира Аққұлиева. 
Күнделікті өзіне тиесілі еңбекпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысатын Қатира Орынбайқызы облыстық іскер әйелдер кеңесінің белсенді мүшесі. Сондай-ақ облыстық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының құрылғанынан бергі мүшесі, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының Әйелдер арасында жұмыс жүргізу жөніндегі комиссиясының төрайымы. Аяулы жар, екі баланың анасы, бүгінде бес немере сүйіп отыр. Сүт цехындағы директор бөлмесінің бір қабырғасын тұтас марапат қағаздары жауып тұр. Жамбыл облыстық мәслихатының грамотасы, «Қазақстан Тәуелсіздігі» мерекелік медальдерінің куәліктері,  әр жылдардағы «Ең үздік кәсіпкер әйел» дипломдары, «Жылдың ең үздік кәсіпкері» номинациясының дипломдары мен Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты және ҚР Президентінің 2007 жылғы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалі сынды марапаттардың артында төккен тер, еленген еңбектің жемісі бар. Кәсіптің көзін тауып, жетістікке жетуді емес, халқына пайдасы тиюін басты мақсат еткен кәсіпкерліктің алғашқы қарлығашы Қатира Орынбайқызы туралы әлі талай жазылары сөзсіз. 
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.