Ана қашанда сәбиімен бақытты. Отбасы болып шаңырақ көтергеннен кейін нәрестенің іңгәлаған үні үйде естілмесе бәрі бекер-ақ. Ал «Сіз ана атандыңыз! Құттықтаймыз!» деген тілек әрбір ана үшін ең қуанышты құттықтау екені сөзсіз. Кез келген ата-ана дені сау нәрестенің дүниеге келгенін қалайды. Бұл жерде ақ халатты абзал жандардың еңбегі орасан зор екені белгілі. Барлық жауапкершілік дәрігерлерге жүктелгендіктен, ана мен нәресте үшін күні-түні тынбай еңбек ететіні де ақиқат. Міне, біз осы мақсатта бұл жандардың еңбегі мен перзентхана тірлігін халыққа жақын көрсету үшін қалалық перинаталдық орталыққа барып, мамандығымызды ауыстырып көрдік.

Арайлым Шабденова
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Қалалық перинаталдық орталық 50 жылға жуық уақыт тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Перзентхананың алды қашанғы қалпынан танбай көңілді қарсы алды. Десте-десте гүл, айқасқан құшақ, ақжарма тілек, көңілді ел-жұрт. Бұл қуаныштың артында тоғыз ай, тоғыз күнгі үкілеген үміт жатыр. Фототілші екеуміз думанды топты артқа қалдырып, табалдырықтан озғанымызда, бір сәт уақыт лентасы кері айналғандай болды. Сыртта қалған мәре-сәре қуаныштың үні бірте-бірте көмескілене, сап тыйылып, есесіне дәлізде зыр жүгірген дәрігерлер мен қабылдау бөліміндегі абыр-сабыр лек бізді қарап тұрғызбастан ілестіріп әкетті. Жалпы мұндағы жұмыс таңғы сегіз болмай басталады. Яғни түнгі кезекшілер осы уақытта ауысымды күндізгі кезекшілерге өткізеді. Одан кейін қабылдаулар басталып, жарты сағаттан соң дәрігерлердің жалпы отырысы өтеді. Онда бөлімшелердің тәулік бойғы, түнгі кезекшілік барысындағы атқарылған жұмыс реті баяндалып, нақтылы шешімдер қабылданады. Қабылдау бөліміне тәулігіне 35-40 әйел қайырылады екен. Заман талабына сай жабдықталған орталықта науқастарды қабылдауда да жаңашылдық енгізіліпті. Келушілерді негізгі үш аймаққа бөледі екен. Олар: қызыл, сары, жасыл. Қызыл аймаққа толғағы қысып, жағдайы кезек күттірмейтін науқас қаралса, сары аймақта толық зерделеу мен тексеруді қажет ететін әйел қаралады. Ал жасыл аймаққа жоспарлы түрде қыз-келіншектер қаралады екен. Бұл әйелдердің медициналық жәрдемді тез әрі жылдам алуға өз септігін тигізеді дейді сала мамандары.
Жарық дүние есігін ашуға асыққан сәбилер сағатқа қарамайды. Сондықтан мереке уағындағы, сенбі, жексенбі күндеріндегі демалыс – осындағы дәрігерлер үшін екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Орта есеппен тәулігіне 20-30 шақты босану тіркелетіндіктен, мұнда бір минут та дамыл тауып, қарап тұру деген жоқ. Екі қолға – бір қандауыр. Адам тағдыры қыл үстінде тұрған мұндай жұмыстың жауапкершілігі өз алдына, орасан физиологиялық күшті қажет етеді. Перзентханаға қаралушылар лек-легімен толассыз келіп-кетіп жатады. Келгендердің қуанышын бөлісіп, ауыртпалығын қайыспай көтеретін дәрігерлер қауымы күн сайын сан түрлі тағдыр иелерімен жолығысады. Қуантатын, кейде мұңайтатын сәттер де аз емес екен. Акушерлік жұмыстың қиындығы көп-ақ. Өйткені мұнда хал үстіндегі ана мен баланың өмірі жатыр. Әр минут санаулы. Жұмыс уақыты аяқталды деу дәрігер үшін шарттылық қана. Науқастардың жағдайын ауық-ауық сұрап, үнемі байланыста болады екен.
– Ұзақ уақыт баласыз жүрген отбасылардың кішкентайлы болған кездегі қуанышына куә болу – ерекше сезім. Жүрегіңді елжіретеді. Екі адамның өміріне бірдей жауаптылық таныту оңай емес. Өмірде текке жүрмегеніңді түсінесің. Кейде көпшілік орындарда, көшеде көріп, танып қалған ата-аналар келіп алғыс білдіріп жатады. Бұл – біздің жұлдызды сәтіміз, – дейді дәрігер, акушер-гинеколог Айнұр Налибаева.
Дәрігердің сөзінен кісіліктің биік өлшемі байқалады. Ізгі мұрат жолында мамандықтың кісі таңдамайтынына кезекті рет куә болдық. Олардың бұлжымас бір ғана мақсаты бар, ол – өмір мен өлім алдында дәрмені жоқ қос бірдей жанның өміріне араша түсу. Жалпы перзентхана қабылдау бөлімі, босану бөлімі, балалар мен ересектер жансақтау бөлімі және патология бөлімі болып бөлінеді. Әр бөлімде жұмыс қауырт. Жалпы дәрігерлер толғақ қиын, туу оңай дейді. Бұл орайда, орталық арнайы заманауи жабдықтармен де жабдықталыпты.
– Біз ана өзін ауруханада емес, үйдегідей жайлы сезіну үшін палаталарды үй бөлмесіндей етіп жабдықтадық. Бұл босану кезде әйелдің өзін жайлы, қолайлы сезінуіне септігін тигізеді. Тіпті дәрі-дәрмекті де көзге көрінетін жерге қоймаймыз. Сондай-ақ әр палатада спорттық бұрыштар бар. Онда әйелге арналған жұмсақ доп, керілген арқан және тыныс алуды реттеу үшін арнайы гимнастикалық төсеніштер төселген. Толғақ кезінде әйел өзіне ыңғайлы «позаны» қолданып, өзіне жеңіл құралды пайдаланады. Тіпті толғаққа шыдамаған қыз-келіншектер эпидуральды анестезияға келіседі. Бірақ бірнеше рет ана атанған әйелдер екпені қабылдағаннан кейін өкініп те жатады. Өйткені екпенің күші кеткеннен кейін арқа ұзақ уақытқа дейін ауырады. Сондықтан мүмкіндігінше ешқандай екпесіз, табиғи жолмен босанған абзал, – дейді бас акушер Мұраткүл Қасымова.
Соңғы жылдары серіктестік босану трендке айналды. Иә, жаны қиналып, екі өмірдің ортасында тұрған анаға қасында жақын жанның болғаны жақсы дейді дәрігерлер. Сондай-ақ мамандар серіктестік босануға кіретін адамды алдын ала белгілеп, емханалардағы отбасын жоспарлау кабинеттерінде арнайы шеберлік сыныбын өтуді ұсынып отыр. Өйткені әйел босанып жатқанда, дәрігерден бөлек серіктес те көп көмектесе алады екен. Ай-күні жетіп, сәбиін бауырына басқан ана босанғаннан кейінгі палатаға ауыстырылып, дәрігердің жіті бақылауында болады. Жағдайлары жақсы ана мен бала 2 күннен кейін үйлеріне шығады. Ал босану кезінде белгілі бір патологиясы бар ана мен бала жансақтау бөліміне жатқызылады. Бұл бөлімде шала туылған балаларға дейін түрлі диагнозбен шақалақтар жатады. Қазіргі таңда босандыру орталығында 21 акушер-гинеколог, 5 нәресте неонатологы мен 4 анестезиолог-реаниматолог жұмыс істейді. Бәрі де өз қызметінің майталманы. Десе де, бұл салада мамандық жетіспеушілігі бар екен.
– Соңғы екі жылда, яғни 2017-2018 жылдар қатарына түрлі аталым бойынша республикадағы бес жұлдызды перзентхана статусына ие болған перинаталдық орталықтың жұмысы қауырт. Ана мен бала өміріне жауапты болу оңай емес. Бірақ ашылғанына жарты ғасырға жуық болған перзентхананың ең алғашқы сәбилері бүгінде келіндерін, қыздарын өзге қалалардан босандыруға алып келеді. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Жұмысымыздың жемісі. Орталық 106 орынға арналған. Дегенмен одан көп адам түсіп жатса да, біз оларды кезек күттірмей қабылдауға, медициналық көмек көрсетуге қашанда дайынбыз, – дейді қалалық перинаталдық орталықтың директоры, бас дәрігер Қаракөз Сағынғалиева.
Иә, сандарды сөйлететін болсақ, өткен жылы қалада екі нәресте өлімі тіркелсе, биылғы жылдың соңғы айына дейінгі мәлімет бойынша көрсеткіш екі есеге артқан. Дәрігерлер бала өлімін туа біткен түрлі патологиялық аурулардың салдарынан дейді. Сонымен қатар сала мамандары жүктілікті жоспарламай көтеріп қоятын қыз-келіншектердің ай-күні жеткенше есепке тұрмауы бала өміріне де, ана өміріне де қауіпті екенін ескертті. Емханадан скринингтен өткенде, дәрігердің нұсқаулығы бойынша барлығын талапқа сай жасамайтын, жүктілікке жауапкершілікпен қарамайтын аналар ортамызда көп екен. Бұл орайда, шаңырақ көтерген әрбір жас отбасына алдын ала жұптар толық медициналық тексеруден өтіп, әрбір емханада орналасқан «Жанұяны жоспарлау» кабинеттеріндегі дәрігердің алдынан өтуді назардан тыс қалдырмау керектігін де ақ халаттылар ескертті.
Жарық дүниеге іңгәлап келген шақалақтың ащы дауысы әр палатадан сағат сайын шығып жататын орталықтың жұмысы расымен де қауырт. Дені сау ұрпақ пен дені сау ана ұлтымыздың болашағы екені де сөзсіз. Ай-күні жетіп босанған ананың құрсағынан шыққан ащы дауысы, бауыр еті баласын кеудесіне басқан сәті, шақалақтың ең алғашқы болып көрген дәрігерлер, жерден көтеріп алып кіндігін кесу, қуанышты сүйіншілеп туыстарына жеткізу – осындай әдемі көріністердің барлығы адамға үлкен ерік-жігер беретін секілді. Мұндағы ақ халатты абзал жандар таңертеңнен қара кешке дейін қарбалас арасында қалай шыдайды десек, құпиясы осы екен.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған