Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көптен күткен қоныс тойы

0 259

15-ші мөлтек ауданда халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған 80 пәтерлі тұрғын үйдің кілттері табыс етілді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен Абжапаров

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген тұрғын үй көп жылдан бері үй кезегінде тұрған тиісті санаттағы азаматтарға берілді.

– Қазіргі таңда тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту бағдарламасы қарқынды жүргізіліп келеді. Өткен жылы 16 үй, 1300-ге жуық отбасы жаңа үйге қоныстанған болатын. Ал биылғы жылы 19 үйдің құрылысы жүргізілуде. Былтырғы жылы 230 көпбалалы жанұя пәтерлі болса, қазіргі таңда да жатақханалар салынып жатыр. Мұның барлығы халық игілігі үшін жасалып отыр. Осы шаңырақтарда тек қана сәбилердің күлкісі естілсін, қоныс құтты болсын! – деді пәтер кілтін тұрғындарға табыс еткен қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай.

Құрылысты жүргізуші мердігер – «Тараз құрылыс – 2004» ЖШС. Олар құрылыс материалдарын қолдану барысында тек отандық өнімдерді пайдаланғанын жеткізді.
– Нысанды белгіленген уақытында тапсырдық. Үйдің сапасы туралы айтар болсам, отандық өнімдегі сапалы материалдарды ғана пайдаландық. Жылу, ыстық су мен суық су, көгілдір отын сынды қажеттің барлығы қосылған. Бұл үй пайдалануға дайын және сапасы сын көтереді. Себебі құрылыс барысында сапасына қатты мән бердік, – дейді «Тараз құрылыс – 2004» ЖШС-нің прорабы Ғалымжан Тойбаев.

Жаңа пәтерге қоныс аударып, қуаныштан мәре-сәре күй кешкендердің ішінде Шымырбаевтар отбасы да бар. Олар осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген. Мәулен мен Анардың отбасы зор шаттыққа кенеліп, қуаныштарымен бөлісті.

– Пәтерге кезекке тұрғанымызға он жылдан асты. Отбасымызда үш баламыз бар. Біздің жанұямыздың қуанышында шек жоқ. Мен бүгін бізге пәтер берілетінін білген де жоқпыз. «Пәтер көруге келіп кетіңіз» деп қоңырау шалынған соң келген едім. Қолымызға пәтер кілті берілгенде таңданып, қуанышымызда шек болмады, – дейді отанасы Анар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.