«Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаев түрлі мәселелермен келген тұрғындарды қабылдады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қабылдауға бірінші кірген «Қаратау» мөлтек ауданының тұрғыны Гүлмира Бұралхиева 2006 жылдан бері жер кезегінде тұрғанын айтады. №4488 болып тіркелген ол қазіргі таңда 3260-шы болып тұр. Тұрғын қала әкімінен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үй алуға көмек сұрады.

– Бүгінгі таңда ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 31 желтоқсандағы №922 қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша Сүлейменов көшесінің соңынан 255 тұрғын үй салынып жатыр. Сіз осы бағдарламаға қатыса аласыз. Ал жер кезегіне келер болсақ, инфрақұрылым қамтамасыз етілген алаңдар дайын болғанда, жер учаскелері арнайы рет-ретімен беріледі. Сол себепті сіз өз кезегіңізді күтуіңіз керек, – деп жауап берді әкім тұрғын өтінішіне.

Жанұялық үлгідегі балалар үйінің басшысы Қарлығаш Бибазарова мүгедек балаларды таситын көлікпен қамтамасыз етуді сұрап келген. Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы орынбасарының қамқорлығында 12 бала бар. Оларға қамқорлық көрсетіп, қарағаны үшін 41578 теңге төленеді. Бөлім тарапынан міндетті гигиеналық құралдармен де қамтамасыз етіледі. Айтуынша, «Инватакси» қызметтерін алу үшін 2019 жылы әлеуетті өнім берушілерге бірнеше рет шақыру жіберген. Алайда олар бұл қызмет бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысуға ниет білдірмеген. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу бұйрығына өзгеріс енгізіліп, «Инватакси» қызметі ашық конкурс тәсілі арқылы да өткізілген. Бірақ бұл талпыныстан да нәтиже шықпай отыр. Айтқазы Дәулетқұлұлы маңызды өтінішпен келген тұрғынның тілегін толық тыңдап, мәселені назарға алуды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандарына тапсырды. Сондай-ақ мәселе өзінің жіті бақылауында болатынын айтты.

Рысбек батыр көшесі, №9 үйдің тұрғыны Рахима Усуалиева – ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат. 3 баласы бар жалғызбасты ана пәтер кезегі келмеуіне байланысты уақытша баспанамен қамтамасыз етуді сұрайды.

– Қазіргі таңда Рахима Жолдасқызы тұрғын күй кезегінде 4392-ші болып тұр. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабына сәйкес, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларын, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қоспағанда, мұқтаждар есебінде тұратын азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш берілген кезден бастап тізімде белгіленген кезек бойынша беріледі. Осыған байланысты сіз өз құжаттарыңызды әзірлеп, өтінішіңізді тапсыруға тиіссіз, – деп жауап берді шаһар басшысы.

Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың басым көпшілігі баспана кезегін жылжытып, тезірек үйлі болуды тілек етеді. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның баршаға ортақ екенін, кезекке тұрған азаматтардың құқығы тең екенін алға тартып, салынып жатқан үйлердің құрылыс қарқыны жылдағыдан жоғары екенін хабарлады. Сондай-ақ мамандар қабылдауға келген азаматтарға тұрғын үй кезегінің жылдам жүріп жатқанын түсіндіріп, оларды заң бойынша әрекет етуге шақырды.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған