Қалалық қоғамдық-саяси газет

«КӨНЕ ТАРАЗ» КЕШЕНІ «ТОҢЫП» ТҰР

0 471

Тотыдай түрленіп, сұңқардай сыланған Тараздың көркі күннен-күнге көз тартып, тұрғындарға қуаныш сыйлауда. Әсіресе тарих түкпірінен сыр шертетін «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені шаһардың шырайын кірігізіп, ажарын ашып-ақ тұр. Десе де кешен аумағындағы бірқатар нысандарда үшінші жыл қатарынан жылудың болмауы көңілді күпті етуде.

Әне-міне дегенше қыр астынан қылышын сүйретіп қыс келеді. Осы мәселе оңынан шешілмесе кешен қызметкерлері биыл да бүрсең қағуға мәжбүр. Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиұлының айтуынша, қыстыгүні жылусыз отыру қызметкерлердің денсаулығына зиян келтіруде екен.
– Шығыстың ерекше сәулет үлгісімен айшықталған мұндай нысанның облыс орталығында бой көтеруі бәрімізді қуанышқа бөлейді. Жан-жақтан келген туристтер де осы кешенді қызықтап, тамсанып қайтады. Бұл жалғыз менің ғана емес, барша жерлестерімнің мақтаныш сезімін тудыратыны анық. Дегенмен ғимараттардың орталық жылу жүйесіне қосылмауы сол қуанышымызды су сепкендей басып отыр. Бұл мәселемен кезіккенімізге үшінші жылға аяқ басты. О баста мұнда күннен қуат алып, жылу тарататын қондырғылар орнатылған болатын. Алайда оның игілігін әлі күнге көрген жоқпыз. Өйткені ғимараттарды салған мердігерлердің есептеуімен берілген майлы 12 радиатордың алтауы істен шығып, қысқа жарамсыз болып қалған. Ал бізге берілген батареялар ғимараттың көлеміне шақталмаған. Яғни, бір батарея бөлмені толық жылыта алмайды. Қыста жылу болмаған соң қаншама қызметкерлерімізге суық тиіп ауырды. Қазіргідей дерт дендеген тұста мамандарымыздың денсаулығына алаңдап отырмыз. Осы түйткілдің түйінін тарқатып, оңынан шешіп берсе деген талап-тілегіміз бар. Әрі бұл осында келетін қонақтар үшін де қолайлы жағдайды қамтамасыз етер еді, – дейді орталық директоры.
Аталған кешеннің Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы, Өңірлік тарихи-өлкетану музейі, Көркемсурет галереясы және Көрме залы облыстық мәдениет басқармасының меншігінде. Жоғарыдағы мәселенің жай-жапсарын білмек болып басқармаға сауал жолдадық. Олардың бізге берген мәліметіне сүйенсек, аталған нысандардың жылу жүйесіне қосылмағандығы туралы мәселе осы уақытқа дейін көтеріліп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев басқарма басшысы Ерлан Жүнісбайға жылыту маусымына дейін нысандарды орталық жылу құбырына қосуды тапсырыпты. Сондай-ақ басқарманың жауабында: «Аталған мәдени нысандар басқармаға қарасты болғанымен, толық өтпеген. Нақтырақ айтқанда, жылу жүйесіне қатысты қосалқы қондырғыларға қала әкімдігінің құрылыс бөлімі жауапты», – делінген. Басқарма сілтеген бағытпен құрылыс бөлімімен байланысқанымызда ол жақтағылар қай нысанның қанша қаржыға салынғанын тізбектей келе, нысандарды жылумен қамтамасыз ету жылу жүйесінде бу тамшыларын қолдану арқылы шешілгенін және батареяларды сатып алу, орнату, монтаждау сметалық құн шегінде алып тасталатын және қосылатын жұмыс түрлері есебінен орындалатынын жеткізді.
Әрине олқылықтың орны толып, мәселе оң шешімін тапса құба-құп. Әйтеуір «сен салар да мен салардың» керін келтіріп, қыс келгенде қызметкерлер тоңып отырмаса болғаны. Оған қоса үш жылға шыдас берген шығыстық сәулет үлгісімен салынған кешенде биыл да жылу болмаса, қабырғалары көгеріп, құлап жатпасына кім кепіл? Сондықтан жауаптылар «мақұлға» емес, «ақылға» салып, түйткілдің түйінін тез тарқатқаны абзал.

 

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.