Қалалық қоғамдық-саяси газет

БІЛІМДІЛЕР МЕКЕНІ

Б. Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы еліміздегі жүз үздік мектептің қатарында

0 730

Фарида ШОРТАНБЕКОВА,
Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық
гимназияның директоры

25 жылдық ұстаздық өмірімде білім саласында жүргізіліп жатқан түрлі реформалардың куәсі болдым. Өзгермелі әлемде әрбір тұлғаның бәсекеге қабілетті болуының көрсеткіші білім деңгейімен өлшенетініне әлдеқашан көзіміз жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» – деген еді.

Иә, мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Баланың тұлға болып қалыптасуында мектеп тәрбиесі мен ондағы ұстаздардың ықпалы зор екені даусыз.
Ұжымдағы білімді де білікті ұстаздарымыздың еңбегі жанып, гимназиямыз биылғы оқу жылында да қала, облыс көлемінде биіктерден көрінді. Оқыту мен оқу үдерісінің сапасын жақсартуда мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен шеберлігін жетілдіруде атқарылған ауқымды жұмыстар өз нәтижесін көрсетті. Инновациялық мектеп ретінде гимназиямыз серіктес мектептерге қолдау көрсетіп, өз тәжірибесімен бөлісуде. Гимназия өткен оқу жылының қорытындысымен республиканың «100 Үздік мектеп» қатарына енсе, республика көлеміндегі «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған КИО олимпиадасының ІІ орын кубогімен топ жарғаны ұжымды тағы бір марқайтты. Гимназия оқушыларының Ұлттық бірыңғай тестілеуде орта балы – 112 болса, 92 пайызы мемлекеттік грант иегерлері атанып, бәсекеге қабілетті екендігін өз білімдерімен дәлелдеді. Екі түлек Назарбаев Университетінің грантын, 6-сыныптар бойынша 38 оқушы «Өркен» грантына ие болды. Бұл жетістіктер – гимназия ұстаздары үшін жаңа оқу жылының алдындағы мотивация болмақ.
Бұрын-соңды кездеспеген, қалыпты жағдайдан тыс, эпидемиялық төтенше жағдайдың жариялануына байланысты елімізде орта білім беру ұйымдары, жоғары оқу орындары және қосымша білім беру ұйымдары қашықтан оқытуға көшкені бәрімізге белгілі. Осы жағдайда оқушылар арасында сандық ресурс-тар маңыздылығы артқан сайын кітап оқудың құндылығы да азайып бара жатқандығы байқалды. Ұлы Абайдың «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деген насихатын ұстанып, гимназиямыздың ұстаздары оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруда біршама жетістіктерге қашықтықтан жұмыс жасай отырып, қол жеткізді. Атап айтар болсақ, Б.Момышұлының 110 жылдығына орай және «100 КІТАП ОҚУ» жобасы аясында отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту, білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін көрсету және дамыту мақсатын көздей отырып, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың оқуға ұсынған 30 кітабын оқумен қатар «100 кітап оқу» жобасы жалғасын тапты. Білім алушылардың отбасының арасынан «кітапқұмар» отбасын анықтау және марапаттау мақсатында «Үздік оқырман отбасы» атты байқау ұйымдастырылып, 23 отбасы қатысты.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында 5-9-сыныптар арасында «Бәрін білетін кітаптар!» атты кітапханалық сабақтар, дөңгелек үстел, гимназияішілік суреттер байқауы да өз орнымен ерекшеленді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», – деп әр оқушы оқуы тиіс деп санайтын отыз таңдаулы кітаптың тізімін ұсынған болатын. Қазір осы бағытта түрлі іс-шаралар атқарылуда.
Адамзат ақыл-ойының жиынтығы кітапта болса, білім – соны сақтайтын қазыналы сандық. Білім алушылардың кітап оқу мәдениетін дамыту арқылы оқу сауаттылығы, өмір тәжірибелеріне рефлексия жасау дағдылары қалыптасатын болса, осы орайда биылғы оқу жылында «Жомарт түлек» жобасы аясында гимназия түлектерінің қолдауымен жаңадан заманауи жабдықталған кабинетте «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асқалы отыр.
Білім дамыған сайын, жаңа оқу жылында да түрлі жаңалықтардың болуы, өзгерістердің енуі – қалыпты жағдай. Бұл реформалардың бәрі ұрпағымыздың білім көкжиегінде еркін самғауына мүмкіндік береді.
Биылғы жаңа оқу жылының ерекшеліктері дәстүрлі форматта оқитынымызбен қатар, бірінші сынып бүлдіршіндеріне «Әліппе» оқулығы қайта оралмақ. «Бар ғылымға бас болған, Әліппе – ғылым анасы» демекші, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің жаңа оқу жылында «Әліппе» оқулығын оқу процесіне енгізу туралы жаңалығы ұстаздар, ата-аналар тарапынан кең қолдау тапты. Бірінші қыркүйекте алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отырған бірінші сынып оқушыларына салтанатты түрде әліппені қолына ұстату – жақсы дәстүр.
Оқушылардың білім жетістіктерін сырттай бағалау жүйесінде биылғы оқу жылынан бастап оқу жетістіктерін сырттай бағалау өткізілмейді. Оның орнына білім алушылардың функционалдық сауаттылығына бағытталған оқушылардың білім беру жетістіктерін мониторингілеу жүргізілетін болады.
Ұлтын ұлықтайтын білімді, саналы ұрпақ дайындауда ешқашан жалықпайтын, шаршамайтын, шәкіртпен бірге шыңдала түсетін педагогті ғана «Нағыз ұстаз» деуге келеді. Ендеше, менің ұстанымым – ұлағатты ұрпақтың болашағына апарар ұлы жол!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.