Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһарда күй күмбірлеген күн

0 602

«Балаcағұн» орталық концерт залында мәдениет қайраткері, күйші, сазгер Аман Малдыбаевтың авторлық кеші өтті. Кеш тізгінін ұстауға Алматыдан ат терлетіп белгілі журналист Гүлмира Нәлібай келді.

Шара шымылдығы дарынды күйшінің жолын жалғап жүрген ұлы, республикалық конкурстардың лауреаты Рүстем Аманұлы мен К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы оркестрінің орындауындағы кеш иесінің «Шоқай датқа» күйімен түрілді. Әрі қарай «Тай шолпы» күйі күмбірлегенде бойымызды бөлек бір сезім кернесе, Арайлым Болат ақын Айша Көпжасарованың сөзіне жазылған атасының «Аққу әнін» шырқағанда, аққулы көлдің жағасында отырғандай күй кештік. Автордың «Жамбыл жері» әні де жиналған қауымды бір желпінтіп тастады.
Бұдан соң Аман Малдыбаев сахна төріне көтеріліп, «Сүлейменнің жүзігі», кештің атауына арқау болған «Шағала жүрек» күйін тартып, қошеметке бөленді. Оның мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевқа арналған «Кемеңгер келбеті» күйі тау тұлғаның асқақ бейнесін көз алдымызға келтіргендей. Әлібек Аманұлы шырқаған «Үмітті жүрек» әні де әр жүректің төрінен орын алды.
Рухани кешке Майра Ілиясованың арнайы келуі де шараның шырайын ашып, сәнін кіргізді. Өнер иесі автордың көпшілікке танымал «Жалын кешкен» әнін тамылжыта орындағанда, залда қол соқпаған жан қалмады. Әулиеаталықтардың Майра Ілиясованы сахнадан кетірмей, тағы бірнеше рет ән шырқатуы да сол ыстық ықыластың көрінісі.
Кеш иесі бұл күні ресми құрметтен де кенде қалмады. Атап айтсақ, Мəдениет жəне спорт министрлігі Мəдениет комитетінің төрағасы Ақан Әбдуалиев Аман Малдыбаевқа ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың Алғыс хатын тапсырып, иығына зерделі шапан жапты. Сондай-ақ күйшінің кеудесіне «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» және Д.Қонаевтың 110 жылдық мерейтойлық медальдері тағылды.
Осылайша пайғамбар жасқа толған мерейтой иесінің авторлық кешінен көпшілік ерекше әсер алып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.