Қалалық қоғамдық-саяси газет

Репетиторсыз мұғалімнің күні мұң немесе балаңызды кім оқытып жатыр?

0 527

Бүгінде жыл он екі ай білім беретін репетиторлардың дәурені жүріп-ақ тұр. Әсіресе ҰБТ жақындаған сайын олардың түрлі сайттардағы жарнамасынан көз сүрінеді. Бейресми дерек бойынша, жыл сайын жаңа оқу жылы басталысымен, әрбір төртінші оқушы қосымша сабаққа барады екен. Немесе репетитор үйіне келіп дәріс береді.

Ал оған ата-ана еңбегін төлейді. Барын балама деп жинайтын халқымыз ұрпағынан еш нәрсесін аямайды. Баланың білімі үшін берген қаржы болашаққа салған инвестиция тәрізді. Бірақ мұны барлық ата-ананың қалтасы көтере ме? Әрине, аз қаражат жұмсамайтыны анық. Бірақ олардың берген білімі сапалы әрі талапқа сай ма? Әр сағаты қыруар ақша тұратын репетиторды жалдап оқыту несімен тиімді? Осы сауал кімді болса да мазалайтыны анық.
Педагог-шебер Жанар Ахметова қазіргі таңда репетиторсыз мұғалімнің күні қараң екендігін жасырмайды.
– Меніңше, репетитор көбіне бастауыш сынып оқушыларына қажет. Өйткені мұғалім қабылдау деңгейі әртүрлі, отызға жуық балаға қырық минуттың ішінде оқу бағдарламасын толық меңгертіп үлгермейді. Ал баланың түсінбеген тақырыбын түсіндіруге ата-ананың көбінің мүмкіндігі, қабілеті, білімі, уақыты жете бермейді. Репетитор оқушымен жеке-жеке жұмыс істейді. Бірақ репетиторға жүгінудің де зияны бар. Мәселен, репетитордың көмегіне сеніп үйренген балада өздігінен білім алуға деген құлшыныс азаяды. Соның салдарынан сенімділігін де жоғалтуы мүмкін. Сыныпта берілген тапсырманы орындаған сәтте оның дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қарайтын әдет те пайда болады. Сол үшін ақылы оқытумен айналысатын оқытушыға бағыт беруші, баланың игере алмай қалған тақырыбын үйретіп, қатарға қосушы ретінде ғана қарауға болатынын айтқым келеді, – дейді педагог.
Бұл пікірге Елдос Жарқынбек те қосылады. Ол өзі де мектеп бітірер тұста репетитордан жеке сабақ алыпты.
– Оқушылар көбіне мектеп бітіретін кезде ғана репетитор жалдап оқиды. Негізі, қай сыныпта болса да қосымша сабақ алған өзің үшін тиімді. Мектептегі сабақ барысында көп нәрсені түсінбеуің мүмкін. Мұғалімнің оны қайталап түсіндіруіне уақыты, кейде шыдамы жетпей жатады. Өзім 11-сыныпта ең негізгі әрі күрделі пәндерді репетитордың көмегімен оқыдым. Оның ішінде математика, физика, ағылшын пәні бар. Жеке оқығаннан кейін еш алаңдамай тыңдайсың, түсінбегеніңді сұрайсың. Бір сағат көлемінде бұрын-соңды білмеген тәсілдерге қанық боласың. Әрине, ол үшін таңдаған репетитор білікті болуы қажет. Мектептегі мұғалімнің үйретері мол. Тек олардың әр оқушыны жеке-жеке оқытуға мүмкіндігі бола бермейді. Ұстаздарымның арқасында, қосымша оқығанның нәтижесінде ҰБТ-дан жоғары балл жинадым. Сол үшін бұған еш өкінбеймін, – дейді Елдос.
Жоғарыда айтқанымыздай, репетиторлық қызмет бойынша сұраныстың жоғары екенін түрлі жарнамалардан да көруге болады. Мәселен, repetitor.kz сайтында Жамбыл облысының өзінен 150 адам тіркелген. Бұған olx.kz қосымшасындағы 20-дан астам хабарландыруды тағы қосыңыз. Біразына хабарласып, олардың қызметі сағатына шамамен 2-7 мың теңгенің аралығын құрайтынын білдік. Пәннің күрделілігіне, тақырыптардың қиындығына байланысты құны бұдан да өсіп отыруы мүмкін. Әсіресе, химия, физика, математика сынды пәндерден тәлім беретіндердің қарасы қалың екен. Солардың бірі Әлия Батырбекова репетитор жалдаудың оқушыға тиімді тұсы көп деп санайды.
– Репетитор мен мұғалімнің аса қатты айырмашылығы жоқ. Бұл кәсіптің иелері баламен жеке немесе 3-4 оқушыдан құралған топпен жұмыс істейді. Ал мұғалім бүкіл сыныпты тұтас қамтитын болғандықтан, бәріне уақыт жеткізе алмайды. Ал репетиторда уақыт жеткілікті болғандықтан, әр баламен жұмыс істеп, қызықты тапсырмалар орындайды. Оқушы да назарын тек бір тақырыпқа аударып, ұғынықты жауап алады. Өзім мектепте мұғалім болып та жұмыс істедім. Бір жылдан бері осы қызметпен айналысып келемін. Негізінен, репетитор жалдайтындардың дені – 11-сынып оқушылары мен Назарбаев зияткерлік мектебі, «Білім-Инновация» лицейі сынды оқу орындарына түсуге талпынып жүргендер. Арасында басқа да оқушылар келеді. Пандемия жағдайында мектептер қашықтан білім алуға көшкен тұста сұраныс бұрынғыдан 3-4 есеге көбейді. Қазір де аз емес. Жалпы бұл қызметтің оқушыға тиімді тұсы көп дер едім. Себебі әр оқушының қабілеті әртүрлі. Кейбір оқушылар топпен жұмыс істегеннен гөрі жеке оқығанда жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Мектептегі сабақ барысында түсінбегенін репетитор қамтиды, үйретеді, меңгертеді. Сол сияқты репетитор да сабақты мектеп бағдарламасымен жүргізеді. Тек сабақты игерудің өзгеше әдіс-тәсілін қолдануы мүмкін. Мәселен, математика пәні бойынша есепті оңай әрі тез шешудің жолын көрсетеді. Сабақты жеке өткізгеннің оқушыға пайдасы зор. Дегенмен ата-ана баласын қосымша оқытқанда бір апта бақылау жүргізгені абзал. Егер бұрынғыдан өзгеріс байқалса, репетитордың сабақ беру тәсілі балаға түсінікті болса, одан әрі жалғастыруына болады. Керісінше, қолайсыз болса, басқа мұғалімді іздегені дұрыс. Көп жағдайда барлығы оқушының зейініне байланысты. Дегенмен репетитормен жеке оқыған көп жағдайда нәтиже береді. Содан соң қосымша білім беру орталықтарына апаруға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Ал жеке репетиторларға жағдайыңды айтып, бағасына келісуге болады, – дейді Әлия Лутфуллақызы.
Ардагер ұстаз Зәуре Қалматаева болса, көптеген мұғалімдердің өз жұмысына немқұрайлы қарауы оқушылардың қосымша білімге ұмтылуына әкеліп соқтырды деген пікірде.

– Бұрындары репетитор деген дүниенің әлі ауқымы арта қоймаған тұста, мұғалімдер сабақтан қалып қойған немесе үлгерімі нашар оқушыларды сабақтан соң алып қалып, кейде бос уақытында мектепке немесе үйіне шақырып алып оқытатын. Олар мұны еш ақы талап етпей-ақ, ұстаздық борышым деп ұғатын. Себебі ұстаз алдына келген оқушының өзіне берілген аманат екенін біледі, жауапкершілікті сезінеді. Қазір де бар білген-түйгенін шәкіртінің бойына дарытуға тырысатын, оның болашағы үшін шынымен қам жеп, білімді болғанын қалайтын, ізденімпаз, жаңашыл, шығармашыл, еш нәрсе талап етпей-ақ кез келген уақытта алдына келген шәкіртіне білгенін үйретуден жалықпайтын ұстаздар жетерлік. Дегенмен айлығын алып отырған негізгі жұмысына селқос қарап, 40 минут уақытының «аман-есен» өткеніне қуанатын, есесіне репетиторлық қызметке бел шеше кіріскен мұғалімдерді кездестіретініміз өкінішті. Иә, ол ақылы қызметпен айналыспауы да мүмкін, бірақ мұғалімнің жауапкершілік жүгін сезінбей, дұрыс жөн сілтеп, білім бере алмауынан да ата-ана ақы төлеп, репетиторға оқытуға мәжбүр болып жатқан жоқ па? – дейді ардагер ұстаз.

Сұраныс болған жерде ғана ұсыныстың түсетіні белгілі. Қаржыға байланған бүгінгідей нарық заманы да осыны талап етуде. Бұрынғының «еті сенікі, сүйегі менікі» деген сөзін бүгін «білім баламдікі, ақша репетитордікі» деп өзгертуге болатындай. Қалай десек те, оқушы сабақ барысында түсінбегенін қосымша оқып білсе немесе әрбір ата-ана ұл-қызының біліміне осылай көңіл бөлсе, үлгерімі төмен оқушы болмас па еді? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.