Қалалық қоғамдық-саяси газет

Күн шығыстан тараған нұр

0 291

Суретшінің қылқаламынан төгілген бейнелер кешенің бүгінге берген аманатындай сайрап тұр. Тарихты тайға таңба басқандай дөп көрсетеді. Ақ түсті жанынан алып, қызылды қанымен бейнелегендей екен.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ, Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тарихи-өлкетану музейінің көрме залында суретші-академик Аманат Назарқұлдың «Күн шығыстан» атты жеке көрмесі өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары және «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында ұйымдастырылған кеш суретшінің 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Майлы бояудағы батыр бейнесі – кенептен ақырып атып шығып, алдаспанын жалтылдатып, жауға қарсы шаба жөнелетіндей қаһарына мінген айбарлы ұл. Ай сырғасы діріл қаққан қыз бейнесі тым иілгіш, талдырмаш, әсем және де барынша асқақ, әлденеге іңкәр, әлденеге аңсарлы жанардан тамып түскен моншақ дерсің. Түнін жұлдызы жарық етіпті. Гүлі жұпар аңқиды. Әр картинасында ерен мінез, өршіл рух бар. Түртіп кетсең тіріліп кетердей-ақ. Таңдайға түскен тәтті дәмдей тамсандырмай қоймасы анық.
Байырғы күндердің қаймағын бұзбай, қаламынан қаз қалпында түсіре салатыны, әлденені там-тұмдап жеткізіп, тарихтың қатпар-қатпар қойнауынан қою бояу арқылы үн қата салатыны ұнаттырмай қоймасы анық. Білімі мен таланты, рухани байлығы мен шығармашылық қабілеті бір-бірімен ұштасып жатқан монументалды жан-жақты суретшінің түйе көнінен жасалған дүниелері де ерекше.
Алматы қаласындағы көркемсурет училищесін, Мәскеуде Суриков көркемсурет академиясының И.В.Суриков суретшілер институтын бітірген суретші Тараз қаласының тумасы. Оның «Қасиетті билер елі», «Астана мен білім қаласы» монументалды картиналары ТМД мемлекеттерінде ең ірі полотнолар болып кіші «Гиннес» рекордтар кітабына кірген. Жазушы Шыңғыс Айтматовқа арналған «Мәңгілік өмір симфониясы» , «Ұлы дала таңы», «Скифтер – Кентаврлар» , «Қорқыттың үш бұлты», «Азия бибі», «Үш ару» және көптеген композициялық еңбектері өз бағасын алған.
Көрмеде Аманат Назарқұлдың суреттерінен сыр шерткен мұқабасы қалың, айтары мол альбомы қалың көрермендерге сыйға тартылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.