Қалалық қоғамдық-саяси газет

Күн шыққанда күліп оянатын ақын

0 450

Көне астрономияның, физиканың, медицинаның ұлы өкілдерінің түсініктері, еңбектері, ашқан жаңалықтары ескіріп, күн санап өзгеріп, алмасып жатқанда нағыз ақынның шығармалары тап-таза, мәңгі жас қалпында қала береді. А.С.Пушкин

Есімі мен еңбегін халқы мойындап, әлемнің бірқатар елдері таныған тұлғалар – тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы ғана емес, мызғымас мықты тірегі. Қазақта тұғыры биік тұлғалар жоқ та емес, көп те емес. Көзі қарақты оқырманның көңіл төрінен орын алатын қазақ поэзиясының сом тұлғаларының бірі, бірі ғана емес, бірегейі – Күләш Ахметова. Алла Тағала мейірі түсіп, ойын терең, жанын таза, жүрегін мейірімге толтыра нәзік етіп жаратқан Күләш ақын Отанын, елін-жерін, халқын сүю жағынан тұғыры биік тұлғаға айналған ақын қызымыз десек артық айтпағандық болар еді. Осы тұста Бертіс биден қалған:

Ақылы елден асқан ақының болса мақтан,

Ынтымағы жұрттан асқан жақының болса мақтан, – деген бір сөз ойға оралады. Күләш мақтансақ мақтануға тұрардай-ақ тұлға болып шынайы поэзиясы, ұлтын, Отанын сүйген үлкен жүрегі, имандылықты паш еткен ислами танымы, кісілікке, қайырымдылыққа толы мейірімділігі арқылы ортамызда қалыптасты.

Ақынды Жаратушымыз ерекше сезімді етіп жаратады, ал тұлғаларды тарихтың өзі туғызады, заманның дауылы мен жауыны, селі мен желі, өрті мен дерті шыңдап, шынықтырады. Осының бәрі Күләш ақынның поэзиясы мен сұхбаттарында тайға таңба басқандай жарқырап тұр. Поэзиясында халқының бақытты болашағы үшін қажетті саланың бәріне жүрегін тебіренте отырып қалам тартқан. Ол – азамат ақынның ғана еншісіне тиетін, маңдайына жазылған бақ. Біздің Күләш – сондай ақын! Талас жерінің киелі топырағында дүниеге келіп, қасиетті Тараздан түлеп ұшқан Күлекең бүгінде тек біздің, жерлестерінің ғана емес, бүкіл қазақ халқының, қазақ поэзиясының мақтанышына айналып отыр. Бұл – біздер үшін үлкен қуаныш.

Аз ғана шегініс

Сонау 1968 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университетінде Күлекеңмен қатар оқыдық. Бүгінгі таңда кемеліне келіп, үлкен сыршыл, нәзік, мейірімді ақын атанып отырған Күләш Ахметованың поэзияға апыл-тапыл басқан балаң, балғын кезін бірге өткіздік. Талай рет Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Жұмекен ағалардың кештеріне бірге бардық. Жырларымен сусындадық, нәр алдық. Тіпті Қазақ телеарнасынан да алғашқы балғын жырларымызды бірге оқыдық. Сол кездерде Күлекең нәзіктігімен, жанының тазалығымен, сезімтал, сыпайылығымен ерекшеленуші еді. Бойындағы сол табиғи шынайылығын ақын өлеңдерінен бүгінде дәл сол баяғы балаң қалпында танимын. Ақын поэзиясындағы ықшамдылық пен айқындылық арқылы оның шығармаларында таусылмайтын тағдыр көрінісі байқалады.

Сол жылдары осы балаң қызға ақиық ақын Мұқағалидің көше бұрылысында кездейсоқ кездесе қалып, мойнынан ұшып түскен шарфын жерден көтеріп тұрып:

Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер,
Сыйыңа сый жасаймын, нарқымды көр.
Қарызыңды мың есе қайтармасам,
Шапалақпен жағымнан тартып жібер.
Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер,
Сырдың желі мойнымды шарпып жүрер.
Алатаудың арда өскен тентегімін,

Қайырымды құрбының нарқын білер, – деп өлең шумақтарын арнауы тегін емес. Жамбыл ақын мен Сүйінбайдың арасындағы киелі байланыс Ұлбике ақын мен Күләш, Мұқағалилар арасында да барға ұқсап кетеді.

Нәзік поэзияның құдіреті

Осыншама жыл Күлекеңді шығармашылық та, рухани да, отбасылық та өсіп-өркендеуі жағынан оқырман, әдебиетші және замандасы ретінде оқып, біліп, танып келемін. Ақын өлеңдері – адам жүрегіне сондай жылы, сондай жақын, сондай мейірімді пәк жырлар.

Қар жауып тұр баяғыдай, Адамдарды бақытты ет, ая, Құдай! – деп жырлаған жолдардың өзінен-ақ ақынның адам баласына деген мейірімге толы үлкен жүрегін тануға болады.

Бірақ ақын қысқа өкпелі. Себебі оң-солын енді біліп келе жатқан кішкентай ақын қыздың аяулы анасы Бекзаданы 6 жасында қатал қыс мәңгілікке алып кетті. Ненің не екенін әлі танып білмеген кішкентай сезімтал қыз үшін қыстан қатал, мейірімсіз мезгіл жоқ сияқты болып көрінді.

Ақ шанамен ақ қарда кеткен едің,
Содан бері ақ қарды жек көремін, – деп мұңдана жырлады. Әйтсе де, өмірдің заңдылығын терең түсінген шағында мейірімді ақын қыз қатал қыспен бірге бүкіл адамзат баласына «Жамандық емес, тек жақсылық, бақыт келсінші» деп Алладан сұрайды. Бұл – халқын, елін сүйген ақынның үлкен жүрегінен шыққан жыр жолдары.

Үшінші-төртінші сыныптан бастап өлең жаза бастаған кішкентай ақын қыздың бойындағы қасиет ата-анадан, әженің тәрбиесінен келгенге ұқсайды. Халқының құрметтеуімен «Үкілі келін», бертін келе қолының ашықтығынан «Молша» атанып кеткен, сөзге ұста, өнерге, тілге бейім, ақындығы бар көреген әже болашақ ақын немересінің бойына ұлттық рухты сіңіре тәрбиелейді. Күләш ақынның: «Өнерге, тілге бейімділігім, қандай да бір қабілеттілігім болса, соның барлығын да әжемнен алдым», – деп еске алуы осыдан болса керек. Осы үрдісті Күлекең өз отбасында жалғастыра білді. Тұла бойы тұңғышы Жазираның сонау 80-жылдардың ішінде қазақтың «Ару қызы» атануы да жаны нәзік, сыршыл, қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін ана тәрбиесінің нәтижесі деп түсінуге болады. Бұл – бір отбасындағы қос ақын Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованың жетістігі еді.

Нағыз ақын өзінің аяқ алысын, алғашқы адымын, өзінің кім екенін бірден көрсете алады. Өзінің «Ақ гүлім» деген жинағында-ақ Күләш Ахметова ақын табиғатын жақсы түсінгенін танытты. Оқырман қауым жинақты жылы қабылдады. «Сен менің бақытымсың» атты екінші жыр жинағы Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

«Жапырақ – жаздың жүрегі» атты үшінші жыр жинағы арқылы ақын халқына шын ақындығын мойындатып, жақсы баға алды, есімі жалпақ жұртқа танылды.
Өзіне кезінде жөн сілтеген, өлеңдерін талдап, пікір айтқан жерлес ағалары Өкім Жайлауов, Жақсылық Сәтібеков, Кәрім Баялиев, Әлдихан Қалдыбаевтардың сенімін ақтады.

Ақын поэзиясы алуан тақырыпты, келелі мәселелерді қозғайды. Шын көңілден сыр ашады.
Тыңдаңызшы! Тым жақсы әндетеді,
Өлең айтып өтеді жапырақтар, – деп табиғатқа өзге көзбен қарайды, жан сырын ұғуға тырысып, өзгеге де тыңдатқысы келеді.

«Күн шыққанда күліп оян» деп жыр жинағын атауының өзі ақынның ерекшелігін аңғартады. Өте әсерлі. Жер-ана, табиғаттың өзі Күннен ғана нәр алады, Күнге ғана танады. Күн шыққанда жадырамайтын бірде-бір тіршілік иесі жоқ.
Ойлай берсең, ой да көп, уайым да көп,
Шыққан күнге қуана білу керек, – деген жолдар нағыз лирикалық ақынның жан дүниесі. Қуана білмеген адам күле де білмейді, баянды өмір сүре де білмейді. Бұл – нағыз сезімтал ақынның жүрегінен шыққан үзінді жыр жолдары.

Ақын өмірінің «Құты»

Ақын егемендік алған еліміздің өмірін паш ете жырлаған жырларын жинақтап, тегіннен-тегін «Құт» деп атамапты. Бұл жинақ өзінің атына сай ақын шығармашылығы үшін де, рухани өмірі үшін де, қазақ поэзиясы үшін де, шын мәнінде, құт болды.

Халық ақынның еңбегін бағалап, осы жинағы үшін мемлекет сыйлығының иегері етті. Бұл – атақ, мансап қуушылық емес, еткен еңбектің өтелуі.
Келешек ұрпақ, сенің Құтың мен Қуатың –
Кемелдігінде білімің, сұлулығында рухтық, – деп Күлекең болашақ ұрпаққа жол сілтейді.

«Теңдік үшін мұхитқа қайық салдық» атты поэмасында адамның рухани бостандығын, елдің азаттығын, қоныстың құттылығын көздің қарашығындай аялап, Елбасына аманаттайды, ұрпаққа ұлықтайды. Ел, Халық, Отан, Жер деген қасиетті ұғымдарды қаныңа сіңіріп, жүрегіңе құйып отырады. Ақынның бүкіл шығармашылығының алтын арқауы болып табылатын адамгершілік құндылықтар «Құт» кітабында айрықша сипат алып, әрленіп, қуаттанып кетеді.

Ұлбикені ұлықтайтын, Айша бибіні аялайтын Тараз елі енді Күләшына күмбірлетіп той жасады. Ол ақын қыздарының қос қуанышына арналған той еді. Бұл бір кездері Шығыс поэзиясына арқау болған «Тараз арулары» ұғымын қайта оралту қадамы секілді.

«Күлеке, тойыңыз тойға ұлассын, қуаныш ұзағынан болсын!» деп бүкіл Әулиеата жері күмбірлеп тұрғандай.

Баспасөз бетіндегі бір сұхбатында туған жерге жазда келіп, алаңсыз шығармашылықпен айналысып, осындағы әдеби жас толқынға ықпал етіп, таланттармен қоян-қолтық араласуды қайталайтынын айтқан еді. Аллаға шүкір, бүгінде қасиетті шаңырақты нұрландырып, ақ дастарқанын жайып, дамылсыз қонақ күтуден жалықпайтын қос ақынымыз ортамызда. Осы жан дүниелері ерекше екі ақынмен бір кезде ғұмыр кешіп, университетте қатар оқып, қатар жүргенімді, сыйлас-сырлас болып өмір кешкенімді тағдырдың сыйы деп білемін. Мен үнемі өмірде жақсы адамдардан тәлім-тәрбие алдым, үйрендім, көп сыйластым, араластым, шапағаттарына бөлендім, олардың батасын да, алғысын да алған күндерім болды деймін. Солардың бірі де бірегейі осы қос ақын – Күләш пен Қайырбек дер едім.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде шығармашылықпен айналысатын жастар аз емес, қыздарымыз да баршылық. Қос ақынның шығармашылық лабораториясын жастарға үлгі ету мақсатында ашылған арнайы кабинетте «Қазақ әдебиеті» кафедрасының жанынан құрылған «Жасын» әдеби бірлестігінің мүшелері үнемі шығармашылықпен айналысады. Сол жастар Күләштан үйреніп, бата алуда. Болашақта Тараз жерінен талай Күләштардың шығатынына күмәніміз жоқ.

Күлеке, облыстың белді басылымы «Жамбыл-Тараз» газеті арқылы Сізді 75 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтап, қаламыңыз қарымды, көмейіңіз жырға толы, жаныңыз шуақты, деніңіз сау болып, шаңырағыңызға шаттық ұялай берсін демекпін.


Сейсегүл ИСМАТОВА, Дулати университеті «Қазақ әдебиеті» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.