Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көкжиегі кең кәсіпорын

0 560

Су – өмір нәрі, тіршілік тірегі. Сусыз өмір жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс», – деген болатын. Сондықтан бұл салада еңбек етіп жүрген қызметкерлердің еңбегі ерен.

Бұл тұрғыда «Жамбыл су» кәсіпорнын ерекше атап өткеніміз абзал. Жарты миллионға жуық тұрғыны бар Тараз қаласындағы су және кәріз жүйесінің 80 пайызы «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің теңгерімінде. 1952 жылы құрылған кәсіпорын осы мерзімде талай даму мен дағдарысты кезеңдерді бастан өткізді. Аға ұрпақ өкілдері өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары судың кестемен берілгенін, жоғары қабаттағы пәтерлерге жазда оны жеткізе алмай қиналғандарын әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Мекемеде кейінгі кезде қайта жарақтандыру жұмыстарының қолға алынуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына байланысты бұл қиындықтар артта қалды. Әсіресе мекемеге Медет Беркімбаев тағайындалғалы кәсіпорын жаңа биіктерге құлаш ұрғаны жасырын емес. Мекеменің негізгі қызмет түрі – жерасты суларын өндіру және қала тұрғындары мен кәсіпорындарын ауызсумен қамтамасыз ету, сүзу алаңдарына ағынды кәріз суларын қабылдау және бұру.
– Қала тұрғындарының 80 пайызы су құбырлары және 53 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Жер астынан су көтеру үшін 90 дана су ұңғымасы жұмыс істеуде. Атап айтқанда, «Жалпақтөбе» бас су жинағышының қуаттылығы тәулігіне 64 мың текше метрді, «Құмшағал» алқабындағы 21 дана ұңғыманың қуаттылығы 110 мың текше метрді құрайды. Сонымен қатар шаһардағы канализация құбырларының ұзындығы – 294 шақырым. Оның ішінде коллекторлар – 51, көшелік кәріз жүйелері – 243 шақырым. Бұл құбырлардың 43 пайызы ескірген. Сондай-ақ кәсіпорында 2 217 өрт сөндіру гидранты орналасқан. Бұдан бөлек, кәсіпорында 41 электр қосалқы станциясы бар.
Кәсіпорынның жалпы табысы – 2 миллиард 835 миллион теңге, шығын көлемі 2 миллиард 833 миллион теңгеге жетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мекеме 2 миллион 245 мың теңге пайдаға кенелді.
Қазіргі таңда мекемеде 616 адам жұмыс істейді. Бүгінгі күні айлық жалақы бойынша қарыз жоқ. Мекеме жұмысшыларының еңбекақысын көбейту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, 2022 жылдан бастап жалақы 20 пайызға көтерілсе, былтыр тағы 17 пайызға артты. Осылайша, еңбекақы қоры 182 миллион теңгеге ұлғайып, 2 жылда орташа жалақы 132 863 теңгеден 187 177 теңгеге көтерілді. Ал биыл еңбекақыны 21 пайызға арттыру көзделуде. Сондай-ақ кәсіпорында жұмысшыларға арнайы киім (қыстық, жаздық), аяқ киім, жуынатын сабын, сүт және түскі ыстық тамақ та беріледі, – дейді мекеме директоры Медет Жақсыбайұлы.
Тағы бір ерекше атап өтерлігі, кәсіпорынның ауызсу және кәріз суының сапасын бақылайтын заманауи зертханасы да бар. Мұнда айына 220 сынама алынып, 1 250 анализ жасалады.
Соңғы бірер жылдың бедерінде кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Айталық, кәсіпорында 81 көлік техникасы бар. Бұл техникалардың 30 пайызы 25 жылдан астам уақыт қызмет көрсеткендіктен тозған. Соңғы жаңарту 2018 жылы болған. 85 миллион теңгеге 10 жеңіл автотехника бюджеттен және ЕБРР есебінен 122 миллион теңгеге 2 арнайы техника алынған. Техника әлі де жеткіліксіз болғандықтан, бюджет есебінен арнайы техника сатып алуға өтінім жолданды. Нәтижесінде, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қолдауымен 2023 жылы бюджет есебінен 284,6 миллион теңгеге – 6, кәсіпорын қаражаты есебінен 239,2 миллион теңгеге тағы 6 техника алынып, техника паркі жаңаланды. Жалпы қалалық әкімдік тарапынан кәсіпорынға кең қолдау көрсетілуде.
Мекеменің сату басқармасында барлығы 112 адам жұмыс істеп, 109 815 тұтынушыға қызмет көрсетуде. Олардың 5 601-і заңды тұлғалар болса, 1 277-сі көпқабатты, 37 226-сы жер үй. Басқарма өткен жыл бойы түгендеу (инвентаризация) жүргізу нәтижесінде бірқатар заң бұзушылық фактілерін анықтаған. Атап айтсақ, заңды тұлғалар жеке тұлға болып тіркелуі бойынша – 18, жеке тұлғалардың сумен жабдықтау жүйелеріне заңсыз қосылуы бойынша – 10, қала мейрамханалары, дәмханалар, сауналар, моншаларында сарқынды суларын май ұстағыштарсыз кәріз желілеріне ағызу бойынша – 73, заңды тұлғалардың келісімшартсыз су алуы бойынша – 10, жаңа соғылған үйлердің сумен жабдықтау жүйелеріне заңсыз қосылуы бойынша – 21, қызметтен ажыратылған тұтынушылар бойынша 16 нақты дерек тіркелген.
2022 жылдан 2023 жылға жеке тұлға тұтынушылар саны 1 795 абонентке, заңды тұлғалардың тұтынушылар саны 208 абонентке өсіп, табыс 23 миллион теңгеге артты. Сонымен қатар жылдық су беру көлемі 3,7 пайызға, кәріз көлемі 0,3 пайызға ұлғайыпты. Бұған қоса, 2021 жылы бақылаушының жалақысы 70 мың теңге болса, бүгінгі күнге олардың еңбекақысы 149 мың теңгеге жетті. Сонымен қатар айына 5 мың теңге жолақысы төленеді. Ал қаржы түсімі жоспарын орындаған бақылаушыға 30 мың теңгеге дейін қосымша үстемеақы төленеді екен.
Кәсіпорындағы жаңғырту жұмыстарына келсек, мекеме жыл сайын өз қаражатынан тарифтік сметалар арқылы инвестициялық бағдарламамен жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Су желілерінің 2022-2026 жылдар аралығында атқарылатын жөндеу жұмыстарына тариф есебінен 1,7 миллиард теңге қаралып, оған 52 шақырым болатын 44 көше енгізілген. Нәтижесінде, тозу деңгейі 8 пайызға төмендетіліп, желілер апаттылығы азаймақ.
Ал 2020-2024 жылдар аралығында атқарылатын кәріз желілерінің жөндеу жұмыстарына тариф есебінен 900 миллион теңге қаралып, оған 8,5 шақырым болатын 18 нысан енгізілген. Нәтижесінде, тозу көрсеткіші 3 пайызға кемімек.
Кәсіпорынның қаржылық мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, бұл көрсетілген жұмыстар жеткіліксіз болып отыр. Яғни тозуды жылына 1,6 пайызға ғана төмендетеді. Ал физикалық тозу жылына 3 пайызға жеткен. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2022 жылы кәсіпорын өз қаражатынан 6 көшеге 21 миллион теңгеге жоба әзірлеген. Құны 1,021 миллиард теңгеге бағаланған жобаның жобалау-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, оң қорытынды алынған.
Бұдан бөлек, №1 «Жалпақтөбе» бас су қабылдағышы және №3 «Құмшағал» су қабылдағыш нысандары бірден-бір стратегиялық маңызы бар ауызсу көздері. Бұл санитарлық қорғау аумағының ІІ белдеу шекараларына келісімсіз жеке тұрғын үйлер құрылысына жер телімдері берілген. Қазіргі таңда мекеме өз қаражатынан 18 миллион теңге бөліп, бұл мәселенің шешімін тауып, ІІ белдеу шекараларын анықтайтын жоба әзірлеген. Сонымен қатар 2011 жылғы 7 қазандағы ҚР Үкіметінің №1151 Қаулысына сәйкес, «ҚР ІІД мемлекеттік қорғалуға тиісті нысандары» тізіміне су қабылдағыш имараттарын енгізу үшін инженерлік-техникалық қорғаныс талаптары орындалуы керек екен. Сондықтан су қабылдағыштардың қоршаулары мен басқа да қорғаныс нысандарына құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар және құрылыс жұмыстарына қаржыландыру көздерін анықтау қажет болған. Бүгінгі күні 4 320 метр аумақты қоршауға жеткілікті материал беріліп, қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Сонымен қатар Еуропа қайта құру және даму банкінің қаражатынан Тараз қаласының сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жобасы бойынша 6 құрамнан тұратын жобалар әзірленген. Соған сәйкес, геоақпараттық жүйе енгізу арқасында қаланың сумен жабдықтау және су бұру желілерінің мониторингі мен есебі құрылған. Сондай-ақ екінші көтерімдегі сорғы станцияларының 8 сорғысын ауыстыру, жиілік түрлендіргіштерді орнату, басқару шкафтары мен монометрлерді орнату нәтижесінде электр қуатын үнемдеу кәсіпорын бойынша 25 пайызға жетіп, жылына 70 миллион теңге үнемделген. Сонымен қатар 65 ұңғыма сорғылары ауыстырылып, жиілік түрлендіргіштер, басқару шкафтары мен монометрлер орнатылған. Бұдан бөлек, судың шығынын азайту және дистанциядан мәлімет алу үшін 551 нысанға коммерциялық су өлшеуіш құралдары орнатылып, жұмыс цифрландырылған. Нәтижесінде, уақыт үнемделіп, шығын азайған.
«Жамбыл су» мекемесі Тараз қаласының тұрғындарын ауызсумен Талас-Аса жер асты суларының кен орнына бұрғыланған ұңғымалар арқылы қамтамасыз етіп отыр. Ұңғымалардан тәулігіне 70-80 мың текше метр су көтеріліп, құбырлармен қалаға жеткізіледі. Сол себепті сорғы станциялары стратегиялық маңызды нысандар қатарына жатады, қатаң қорғауды талап етеді. Осы нысандардың соңғы жылдары шешілмей келе жатқан күрделі мәселесі – қорғау қоршауларының терроризмге қарсы талаптарға сай келмеуі. Соған орай қала әкімінің шешімімен ағымдағы жылы қазынадан тиісті қаржы бөлініп, «Бас су жинағыш» сорғы станциясына толығымен талаптарға сай қоршаулар алынған.
Бүгінгі күні облыс орталығында өзекті болып отырған мәселенің бірі – кәріз тазарту жүйесінің жоқтығы. 1962 жылы салынған Тараздың сарқынды суларын сүзу алаңдары бүгінде қанағаттанарлықсыз жағдайда. Олардың жобалық қуатттылығы тәулігіне 43 мың текше метрді құрайды. Дегенмен іс жүзінде күн сайын шамамен 70-80 мың текше метр сарқынды су келіп түсуде. Бұл мәселені шешу үшін жаңа тазарту қондырғыларын іске қосу жобасын әзірлеу қолға алынды. Тараз қаласының әкімдігімен аталған жоба шеңберінде қаржыландыру, жобалау, құрылыс мәселелерін зерделеу үшін жұмыс тобы құрылған. Қазіргі уақытта «СЕСТ Consulting» компаниясымен келісімшарт жасалған. Сондай-ақ жұмыс тобы компанияның экологтарымен бірлесіп жақын маңдағы елді мекендерде зерделеулер өткізіп, тазарту нысанын салу мәселесі бойынша тұрғындар арасында сауалнамалар жүргізген. Сонымен қатар техникалық-экономикалық зерттеуді (ТЭЗ) және техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеу үшін Еуропа қайта құру және даму банкі 340 мың еуро көлемінде гранттық қаражат бөліпті. Бүгінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, жыл соңына дейін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу күтілуде. Осылайша нысан құрылысы 2025 жылы басталып, 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Кәсіпорын тарапынан тұтынушылармен берік байланыс орнатылған. Мәселен, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында байланыс сандық технологиялар негізінде 109, ұялы телефон, «WhatsAрp», «Telegram», «Е-өтініш» жүйелері арқылы жүргізіледі. Айталық, былтыр барлығы 8 688 өтініш түсіп, қаралған. Кері байланыс өз деңгейінде орнатылып, әрбір шағымға жауап қайтарылып және түскен шағымдардың орындалуы бақылауға алынған. 2022 жылы құбырлардағы ақаулар саны 5 294 болса, 2023 жылы 5 755 ақау тіркеліпті. Шағым және ақауларды дереу жою үшін тәулік бойы кезекші бригадалар жұмыс істейді.
Бүгінгі күні кәсіпорында өзекті болып отырған мәселелердің бірі – су және кәріз құдықтарында орналасқан қақпақтардың сынуы мен ұрлануы. Теңгерімдегі құдықтардағы люктар саны 16 129 дананы құрайды. Ал өткен жылы сынған және ұрланған люктар 949 дана болған. Қақпақтардың ұрлану және сыну фактілерінің көбеюі салдарынан кәсіпорын бетон қақпақтарды пайдалануға мәжбүр. Ал мұның 1 данасын жасау үшін 6 280 теңгеге тең материал шығыны жұмсалады екен. Алайда мұндай люктар уақытша болғандықтан, жергілікті тұрғындарға ыңғайсыздық тудыратын көрінеді. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін кәсіпорын Еуропа елдеріндегідей кәріздерге арнайы тор орнатуды ұсынып отыр. Яғни кәріздердің қақпақтары жоғалса да, оның ішіндегі тор адамдарды құдыққа құлап кетуден сақтайды.
Кәсіпорында қызмет етіп жүрген әрбір жұмысшының еңбегі ерен. Олардың арасында осы салаға ширек ғасырдан астам ғұмырын арнаған азаматтар да аз емес. Тіпті бұл мекемеде бір отбасының қос бірдей егіз ұлы да еңбек етеді. Олар – Болат пен Қанат Дәуіт. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін тәмамдаған соң, екеуі де су саласының дамуы жолында тер төгіп келеді. 2001 жылдан бері егіздер «Жамбыл су» мекемесінде слесарь болып жұмыс істеуде. Ең қызығы, олардың әкесі Шаманберді де осы кәсіпорынды талай жыл абыроймен басқарған азамат.
Бұл «Жамбыл су» мекемесіндегі жарқын істердің бір парасы ғана. Алдағы жұмыс бұдан да ауқымды, жоспар жұмыр. Ендеше, кәсіпорынның көкжиегі одан әрі кеңейе түсеріне сенім мол.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.