Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бейбіт жиын өткізудің де өз тәртібі бар

0 58

Қоғамда бейбіт митинг өткізу мәдениеті қалыптаспағанын мойындауымыз қажет. Қазіргі уақытта адамдар кез келген мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға алдын ала хабарламастан, топталып әкімдіктердің алдына баруды немесе әлеуметтік желілерге проблемалық мәселелерін жариялауды үрдіске айналдырған.

Кейбір белсенділер өздерінің жеке мәселесін шешіп алу мақсатында жоспарға сәйкес шешімін табатын әлеуметтік немесе коммуналдық мәселелерді қозғай отырып, халық арасында резонанс тудыру арқылы заңсыз наразылықтарға азаматтарды шақыруды «WhatsApp», «Instagram» мен «Facebook» әлеуметтік желілері арқылы үйлестіреді.
Азаматтарға заңсыз наразылықтар, бейбіт жиын туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде олар көбінесе Қазақстан Республикасының Конституциясына сілтеме жасай отырып, өздерінің пікірін еркін жеткізуге құқылы екендіктерін алға тартады. Алайда Қазақстан Республикасының Конституциясының 32-бабында: «Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін», – деп көрсетілген.
Яғни Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбіт және қарусыз жиналып, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткізу құқығын іске асыруға бағытталған қоғамдық қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңы (бұдан әрі – Заң) бар екенін көп адамдар біле бермейді.
Бұл заңда «Бейбіт жиналыстар, митингілер мен пикеттер ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама мен өтініш жасау тәртібі, оларға рұқсат беру рәсімі мен қарау мерзімдері егжей-тегжейлі көрсетілген. Бейбіт жиналыстар жергілікті атқарушы органдармен белгіленген арнайы орындарда, ал шерулер бекітілген жүру маршруты бойынша ұйымдастырылуы және өткізілуі керек» екені көрсетілген. Егер азаматтар төменде көрсетілген жиындарды ұйымдастыруды жоспарласа, онда осы Заңда көрсетілген ақпараттарды білуі қажет.
Бейбіт жиын ұйымдастыруды жоспарлаған азаматтар қала әкімдігіне осы Заңның 10-бабына сәйкес, бейбіт жиынды өткізетін күніне дейін 5 (бес) жұмыс күні бұрын хабарлама беруі керек. Бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламада төменде көрсетілген мәліметтер міндетті түрде болуға тиіс.
1) бейбіт жиналыстың мақсаты;
2) бейбіт жиналыстың нысаны;
3) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы азаматының, оның өкілінің (болған кезде) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері немесе уақытша болатын (тұратын) жері не бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, орналасқан жері;
4) бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орын, пикеттер үшін – өткізу орны;
5) бейбіт жиналыстың басталатын және аяқталатын күні, уақыты;
6) қатысушылардың болжамды саны;
7) киіз үйлер, шатырлар мен өзге де құрылыс-жайлар орнату туралы мәліметтер;
8) осы Заңда көзделген жағдайларда дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын пайдалану ниеті;
9) пикеттеуді қоспағанда, ұйымдастырушы бекіткен бейбіт жиналыстар өткізу регламенті;
10) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкілінің (болған кезде) электрондық пошталық мекенжайы, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі;
11) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкілінің (болған кезде) хабарламада көрсетілген өз дербес деректерін жинауға, өңдеуге келісімі;
12) бейбіт жиналыстар өткізуді қаржыландыру көздері;
13) бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаның берілген күні және ұйымдастырушының немесе оның өкілінің (болған кезде) қолтаңбасы көрсетіледі.
Жергілікті атқарушы органға берілген хабарлама осы Заңның 11-бабына сәйкес қаралып, хабарлама тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бейбіт жиналысты өткізуге немесе бас тарту туралы шешімді береді.
Демонстрация, шеру нысанында бейбіт жиналыстар өткізуге келісуді алу туралы өтінішті осы Заңның 12-бабына сәйкес, жиналысты ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға өткізілетін күніне дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында береді.
Жергілікті атқарушы орган өтінішті қарайды және тіркелген күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға төмендегі жауаптардың бірін береді:
1) демонстрация, шеру өткізудің келісілгені туралы;
2) демонстрацияны, шеруді дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, көлік құралдарын пайдаланбай өткізудің келісілгені туралы;
3) осы Заңның 14-бабында көзделген негіздер бойынша өткізуден бас тартылғаны туралы;
4) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің, инфрақұрылым объектілерінің іркіліссіз жұмыс істеуін, жасыл екпелер мен шағын сәулет нысандарының, өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгерту ұсынысы туралы хабарлайды.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6-бабына, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңының 8-бабына сәйкес Тараз қалалық мәслихатының 2020 жылғы 24 маусымдағы №59-6 шешімімен Тараз қаласында бейбіт жиналыстар, митингілер, демонстрациялар, шерулер мен пикеттерді өткізуге арналған арнайы орындар белгіленген. Атап айтқанда:
Жиналыстар мен митингілерді ұйымдастыру және өткізу үшін:
1) Балуан Шолақ көшесі, №50 «Б» мекенжайында орналасқан «Мамыр» саябағына іргелес алаң;
2) С.Рахимов көшесі, №55 мекенжайында орналасқан Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің алдындағы алаң;
3) Қайрат Рысқұлбеков саябағының балалар алаңшасы.
Шерулер мен демонстрацияларды өткізу үшін:
Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің алдындағы алаңнан бастап С.Рахимов, Рысбек батыр, Е.Ниетқалиев, Ұлбике ақын, С.Рахимов көшелері мен Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің алдындағы алаңға дейінгі арақашықтық.
Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді. Яғни Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабына сәйкес, он немесе бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл салуға не бес пен жиырма тәулік аралығында қамауға алу туралы жаза қаралған. Сондай-ақ осы Кодекстің 128-бабының 2-тармағына сәйкес, кәмелетке толмаған адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып өткізілетін жиналыстарға, митингiлерге, шерулерге, демонстрацияларға және қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделер мен қарсылық бiлдiрудiң өзге де нысандарына тарту, сол сияқты кәмелетке толмаған адамды қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделер мен қарсылық бiлдiрудiң көрсетілген нысандарында пайдалану – бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 400-бабына сәйкес, заңсыз жиналыс, митинг, шеру, пикет, демонстрация немесе өзге де заңсыз жария іс-шара ұйымдастыру, өткізу не оларға қатысу, сол сияқты үй-жай, байланыс құралдарын, жабдықтар, көлік беру арқылы осындай іс-шараларды ұйымдастыруға немесе өткізуге жәрдем көрсету, егер бұл іс-әрекеттер азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулi зиян келтiрсе, екі жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынады. Сондықтан азаматтарды заңсыз іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз.

Бағлан Абилдаева,
Тараз қаласы әкімдігі
ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.