Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әйел – тіршіліктің тірегі, отбасының ұйытқысы

0 716

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйел затына қандай теңеу айтсақ та артық емес. Әйелдердің отбасындағы беделі мен қоғамдағы алар орны отбасының беріктігіне де байланысты болса керек. Ал отбасы ата-ана болудан, ұрпақ тәрбиелеуден басталары хақ.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Осы орайда, қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен Тараз қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысының күн тәртібінде өзекті мәселелер қаралып, көпшілік назарына ұсынылды. Кеңесті қала әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Кенжебек Олжабай жүргізді. Алдымен сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының балалар және босануға көмек көрсету жөніндегі орынбасары Жібек Исаева қала бойынша балалы болуды жоспарлау, жас отбасыларға, отбасы жоқ жалғызбасты адамдарға психологиялық және консультативті көмек көрсету жұмысын ұйымдастыру туралы баяндама жасады. Хабарламашы кәмелетке толмаған қыздардың жүктілігі, ана мен бала өлімінің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ал қала көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабарламаны Тараз қалалық ішкі істер басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшесінің аға инспекторы Анар Мұсаева жасады.
– Жасыратыны жоқ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нәзікжандылар көбірек ұшырайды. Соңғы уақытта бұл бойынша деректер де көбейіп кетті. Ағымдағы жылдың есептік кезеңінде қала бойынша қылмыс құрамы бар құқық бұзушылықтарды талдау барысында былтырғы кезеңмен салыстырғанда 11 пайызға төмендеген, яғни 1222 фактіден 1088 фактіге дейін. Оның ішінде 785 ұрлық дерегі тіркелсе, әйелдерге қарсы тонау – 10, бұзақылық фактілері бойынша 25 қылмыс тіркелген. Денсаулыққа қасақана ауыр дене жарақаты бойынша биыл 2 қылмыс, орта ауыр жарақат бойынша 2 қылмыс дерегі орын алған. Отбасы-тұрмыстық қатынас саласында қылмыстар мен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 5 айдың қорытындысымен отбасы жанжалдары бойынша шақырулар саны 1725-тен 1673-ке дейін кеміді. Ал отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 1673 арыз келіп түсті. Сонымен қатар «Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ ашылды. Тәулік бойына 8 (7262) 45-59-57 сенім телефоны жұмыс жасайды. Ашылғалы бері дағдарыс орталығында биылғы жартыжылдықта 24 әйел мен 46 балаға қажетті көмек көрсетілді. Біз отбасында зорлық-зомбылыққа жол берген тұлғаларға «мүлдем төзбеушілік» танытып, санамызды өзгертуіміз керек, – дейді аға инспектор Анар Бекзатқызы.
Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Яғни туған жерге, елге деген сүйіспеншілік пен адалдық та жанұядағы ата-ананың тәрбиесі арқылы қалыптасады. Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан консультативті орган ретінде еліміздің барлық аймағынан аналар кеңесі құрылған. Кеңестің атқарып жатқан жұмыстары туралы Жамбыл облысы ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова айтып берді. «Өткен жылы 35 отбасын сақтау бойынша мәселе қарастырылып, 32 жанұяның мәселесі оң шешімін тапса, биылғы жылы отбасылық сот бойынша 9 отырыс өткізіліп, 6 отбасы табысты. Ата-аналары ажырасқан жағдайда балалардың құқықтары сақталады», – деді М.Сейдуллақызы.
ҚР Жоғарғы Сотының «Жанұялық сот» пилоттық жобасы аясында ағымдағы жылы Тараз қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жанынан отбасы мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Топ құрамына әлеуметтік сала басшылары, отбасы мәселелерімен айналысатын құрылым өкілдері, мемлекеттік емес ұйымдар мен полиция қызметкерлері енгізілген. Бүгінгі таңда жұмыс тобының қарауына ажырасу талаптарымен сотқа жүгінген ерлі-зайыптыларға қатысты 10 сот ұйғарымы, кәмелетке толмаған балаларын өзіне қайтару туралы 1 сот ұйғарымы келіп түскен. Бұл туралы «Шанс» кәмелетке толмағандардың әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қамтамасыз ету орталығының директоры Миляуша Галимова жан-жақты айтып берді.
– Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Отбасы – адамзаттың аса қажетті әрі қасиетті алтын мектебі. Отанды сүю, өмірге құштарлық, сұлулықты тану бала кезден жанұядан басталатыны көпке мәлім. «Отбасы – ошақ қасы» демекші, отбасы – киелі шаңырақ, ал киелі шаңырақ иелері өз шаңырағының түтіні түзу ұшқанын қалайтыны сөзсіз. Яғни шаңырағымыздағы ошағымыздың оты өшпеу үшін отбасы мүшелерінің бір-біріне деген жылы сөздері, шынайы ыстық махаббаты, жарасымдылығы мен сыйластығының берік болуы қашанда маңызды. Бұл қасиеттердің барлығы жұдырықтай жұмылған жүрегімізден шығады. Халықаралық зерттеудің нәтижесіне сүйенер болсақ, жас жұбайлардың 50 пайызы ата-ананың ықпалына тәуелді болмау мақсатында жанұя құрады екен. Ал олардың 49 пайызы тұрмысқа шығу керек немесе үйленетін жасым жетті деген ұстанымды алға тартса, 26 пайызы жалғыздықтан, 25 пайызы ата-ананың қалауы бойынша немесе салт-дәстүрге сай шаңырақ көтереді. Жастардың тек 10 пайызы ғана махаббатпен, сүйіспеншілікпен отбасын құрса, 5 пайызы тұрмыстық жағдайын дұрыстау мақсатында, 3 пайызы белгілі бір адамдардан кек алу үшін отбасын құрады, – деді Миляуша Ахатқызы.
Отбасы – кішігірім мемлекет. Ол мемлекеттің өзінің тәртібі, заңдары, әдет-ғұрыптары бар. Адамның мінезінің, жүріс-тұрысының қалыптасуы, өмірде өзінің орнын тауып орнығуы, жеке тұлға болып дамуы осы қарапайым ғана жанұядан бастау алады. Яғни отбасы – тәрбиенің қайнар көзі. Кеңес отырысында көтерілген мәселелер де шаңырақты сақтап қалудың негізгі тетіктері мен орын алған мәселелердің алдын алуға бағытталды. Жиында комиссия төрағасы жауапты сала мамандарына күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша арнайы тапсырма беріп, әрбір маманды алдағы уақытта отбасы институтын нығайтуда қоян-қолтық жұмыс жасауға шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.