Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қауырсын қалам, құсқанат ғұмыр…

0 236

Саналы адам төл мерекесі – туған күнінде өткен бір жыл ішінде «Не ұттым, не жоғалттым?» деп ойланары хақ. 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында да қалам ұстаған қауымды осы ой мазаласа керек-ті. Кәсіби тұрғыдан алғанда, ұтылғанымыз жоқ шығар.

Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ

Қашанғыдай журналистер халықтың көзі, тілі һәм құлағы болудың үдесінен шығып келеді. Ақордадан шыққан ақпарды ауылға, ауылдағы ахуалды Ақордаға жарғақ құлағы жастыққа тимей жеткізуден жаңылған жоқ.
Ал енді не жоғалттық дегенге келсек. Қазақ журналистикасының тұтас бір дәуірін жоғалттық. Алты алаштың арзу арманын, мұңы мен зарын, қайғысы мен қасіретін, бақыты мен қуанышын айта білген, жоғын жоқтап, кең дүниенің кем-кетігін түгендеген Шерхан Мұртаза бақилыққа бағыт түзеді. Өткен жылдың қазан айы қазақ халқына осынау ауыр қазаны естіртті. Шераға кетті, шер қалды. Алайда қазаны айтып қайғыра бергеннен не ұтамыз? «Орнында бар оңалады» демей ме?! Қазақтың қасиетті топырағы Шерағаңдай талай қайсар ұлды туады әлі. Жазушыны соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде белгілі қаламгер Сауытбек Әбдірахманов былай депті: «Шерағаңның қалдырған өнегесі көп. Өткен жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жазушының публицистикалық туындыларын жинақтап, «Намыс найзағайы» деген атаумен шығардық. Бұл кітаптың атауының өзі дәл қойылған. Ол кісі өмір бойы намыстың найзағайын жарқылдатып келеді. «Лениншіл жасты» лаулатқанда да, «Жалынды» жандырғанда да, «Жұлдызды» жарқыратқанда да, «Егеменді» еңселендіргенде де, әсіресе Парламент мінберінен ақырып теңдік сұрап, тіл, дін, ел қорғау туралы ғажайып сөздер айтып, қашанда ұлттың, елдің намысын жыртты. Бұл кісі қазақтың жадында өзіне тән сері, ері қалпында қалады. Солай аманат етіп кетті деп санайық. Сол аманатқа адал болуға тырысайық». Бұдан артық не айтарсың?! Шераға аманатына адал болу ең алдымен біздерге – журналистерге қасиетті парыз екені даусыз.
Жамбыл журналистикасының ерте жанған жарық жұлдызының бірі Альфия Мингазова еді. «Журналистика – менің өмірім. Осы уақыт аралығында мен өзімді кәсіби тұрғыда шыңдауға, тәрбиелеуге ұмтылдым. Әлеуметтік бағдарламалар жүргіздім. Мен адамдармен араласқанды, сұқбаттасқанды жақсы көремін. Олар қасымда болғанда маған ештеңе де қорқынышты емес. Неге журналистиканы таңдадым? Көпшілігі телеарнаға тек әдемі көркін көрсету үшін ғана келеді. Бірақ мен емес. Мен үшін телеарна – адамдарға көмектесудің ең тиімді әрі ұтымды жолы», – депті қайсар қыз өмірінің соңғы күндерінде әріптестеріне берген сұқбатында. Жергілікті «77 TV» телеарнасында жұмыс істеп жүріп, өзекті мәселелерді көтерген өткір сюжеттерімен көзге түсті. Оқиға орнынан жүргізген репортаждары, арнайы хабарлары мен жедел ақпараттары жан дүниесі жалын толы қызды одан әрмен жарқырата түсті. Алайда жас таланттың ғұмыры, асқақ армандары, өкінішке орай, ерте үзілді. Жақсы қыз жаман аурумен күресте жеңіліс тапты.
Жамбыл телевизиясының қалыптасу тарихына тер төккен жандардың ішінде Мақсат Салықов ағамыздың да орны бөлек еді. Әулиеата жерінде телеарна ашылған алғашқы күндерден бастап еңбек еткен Мақсат аға қай салаға салса да, қайыспас қара нар екенін көрсетті. Еңбек жолын музыканттықтан бастап облыстық филармонияның вокалды-аспапты оркестрінде өнер көрсеткен ол кейін Жамбыл телевидениесіне дыбыс режиссері болып келеді. Осылайша, телеарна Мақсат ағаның екінші тынысын ашты десе де болады. Жамбылда жүрген 20 жылға жуық уақытта телеарнада түрлі жауапты қызметтер атқарып, кәсіби, білікті маман болып қалыптасты. Содан да болар өмірінің соңғы жылдары «Ел арна» арнасының эфир режиссері ретінде көпшілікке танылды. Алайда сұм ажал биылғы жылдың көктемінде Мақсат ағамызды да ортамыздан алып кетті.
Қазақ, соның ішінде Жамбыл журналистикасына із қалдырған әріптестерді мереке қарсаңында бір сәт еске алуды жөн көрдік. Мерекеден мерекеге дейінгі мезетте біздің қабырғамызды қайыстырған дүние осы еді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді дана халқымыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.