Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әйел – әлем айнасы

0 147

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғимаратында облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібектің төрағалығымен өткен жиында тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы қозғалды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова бастаған азаматтық қоғам өкілдері, қоғам белсенділері мен тәуелсіз сарапшылар қатысқан басқосу болды.

Құралай ІЗЕТБАЕВА

Есіктегі қариядан, бесіктегі баланың қамы, ошақ отының сөнбеуі, отбасының беріктігі мен бала тәрбиесінің бағдаршамы болған ақжаулықтылардың қоғамда алар орны ерен. Қыз-келіншектер ел ертеңін еңсеріп, дағдарыстың жолын тауып, экономиканы қарқынды ілгерілетуге белсенді атсалысуда алдына жан салмайды. Ал сол алақандағы ақ гүлдей аяулы жандардың қабағына кірбің түсіп, әлдекімнен зәбір көріп, нәзік жанына қылдай қиянат түссе, айналаны тұман басып, аспан күңіреніп кетердей…

Ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова ат басын Таразға бұрып, қоғамның басты бөлшегінің бірі әйел-аналардың проблемасы туралы, олардың төрт құбыласы тең болуы мемлекеттің басты міндетінің бірі екенін ескеріп, әйел зорлығымен күрес мәселесіне қатысты бірнеше ұсынысын ортаға салды.

– Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамға кері әсер етеді. Қазақстанда бүгінде қолға алынып жатқан шараның бәрі әйелдер мен балалардың құқығына қол сұғуды түбегейлі жою үшін жасалуда. Қазір әлеуметтік желі, не болмаса баспасөз беттерінде түрлі тақырыптағы мәселелер көтеріліп жатыр. Осы орайда көпбалалы отбасыларды жарнамалап, олар жайлы жақсы жазбалар, мақалалар дайындалса нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ, өкінішке орай, жаңалықтарды көріп отырсаңыз, отбасындағы жанжал жайлы ақпараттан көз сүрінеді. Бір жағынан, бұл – қазіргі таңда көптеген ортада орын алып жатқан жағдай, – деген Ләззат Рамазанова күрмеуі шешілмеген бұл мәселе өзекті тақырыптың бірі екенін айтты.

Сонымен бірге әйелдер мен балалардың жәбірленуінің алдын алу мақсатында алдағы бесжылдықта әр ауданнан 231 отбасылық қолдау орталығын ашу көзделіпті.

Қоғам белсендісі Жанна Мамашева тұрмысқа шыққан жас қыздың жұбайынан таяқ жеуі, қысым көруі жиі орын алып кеткенін, осы орайда аталған орталықтың нәзікжандылардың қоқан-лоқы көрмеуіне қаншалықты септігі тиетінін сөз қылса, белгілі кәсіпкер Меруерт Лештаева облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйытқы болуымен қыз-келіншектерді кәсіпке баулуға қатысты жобаның іске асырылу барысы жайлы ойын жеткізді.

– Біз азаматшалар кәсіпті үйреніп, бала-шағасын асыраса екен, қазақ әйелдері ешкімге кіріптар болмаса екен деген пікірді мақсат тұтамыз. Өкінішке орай, «білсем екен», «үйреніп, тірлікке аралассам екен» дейтін әйелдер көп емес. Шақырсақ, мойын бұрғылары келмейді. Олар жұмыс істемей-ақ дайын ақша келе берсе деген арманның жетегінде жүреді. Осы жағы қынжылтады, – дейді Меруерт Кәттабайқызы.

Әйел-анаға қатысты мәселенің барлығының тамыры тереңде. Алып та, ғаріп те анадан туады. Сондықтан арулардың жанарын мұң шалмау, жүректеріне кірбің түсірмеу үшін бар игілікті осы асылдарға жұмсау керек. Ұлттық комиссия басшысы пікірталаста қойылған сауалдар мен ұсыныстар назарға алынып, алдағы уақытта іске асырылуына атсалысатынын жеткізді. Сонымен бірге Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұтымды ұсыныстар бойынша барлық оң шешімді бірлесе қабылдап, жұмыла жұмыс істеуге әрқашан дайын екендігін білдірді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.