Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлеуметтік шешімі бар тың бастама

0 65

«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде облыс əкімдігі мен Қазақстан Республикасы Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен «Әлеуметтік кəсіпкерлік: қоғам мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында халықаралық форум өтті. Онлайн режимдегі форумға АҚШ, Ресей, Үндістан, Израиль жəне ТМД елдерінің өкілдерімен қатар, өңір кəсіпкерлері қатысты.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Шара барысында қазақы ою-өрнек, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді тоғыстырған қыз жасауы, қос етек көйлегі жерге төгіліп, үкілі бөркі самалмен тербелген әсем қуыршақтар, қолөнер бұйымдары мен жиһаздар, сонымен қатар кондитерлік және сүт өнімдерінен жасалған түрлі дәм көрермен назарына ұсынылды. Бұл бұйым-дар – бағдарлама мен жобаларға қатысып, өз жеке кәсібін ашқан кəсіпкерлердің өндірген өнімі мен қолынан шыққан дүниелері. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шара басталмас бұрын өңірімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып отырған көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолынан шыққан дүниелерімен танысты.

– Бүгінгі форумға Ресейден, Түркиядан, ТМД елдерінен қонақтар қатысып отыр. Бұл шараны өткізудегі басты мақсатымыз – өңіріміздегі әлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту, мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз кəсібін ашып, қоғамға тартылуына жәрдемдесу. Олардың мəселесін форумда талқылап, шетелдік әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйене отырып бірлесе шешуге тырысамыз. Сөйтіп, өзге мемлекеттердің озық тəжірибелерін өңірімізде қолдануға жол ашатын боламыз. Қазіргі таңда əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа заң Парламенттің қарауында. Ол заң қабылданса, əлеуметтік кəсіпкерліктің статусы анықталып, салықта түрлі жеңілдіктер қаралып, басқа да мүмкіндіктер жасалады деген сенімдемін, – деді аймақ басшысы.

Атап айтар болсақ, өнертапқыш, II топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Рауан Рауылбековтің өз бетінше жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылған азаматтарға арналған «Метрон» механикалық қозғалтқышы қонақтарды таң-тамаша қалдырды. Рауан бұл құралды жасап шығу үшін 3 миллион теңге несие алып, жұмысын бастап кетіпті. Қазір оның тірек-қимыл жүйесі бұзылған азаматтарға жасап жатқан мұндай аппараты 200 мың теңгеден өткерілуде. Ол мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамастан, төрт адамды жұмыспен қамтып, бұдан бөлек, тапсырыспен басқа да бұйымдар жасап жатқанын жеткізді. Сондай-ақ облыс əкімі осы санаттағы азаматтардың бүгінгі таңда 500-ден 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант және несие алып, өз кəсібін ашып жатқандар аз емес екенін айтты. Бұдан бөлек, «Асарлатып үй салу» және «Жомарт жүрек» жобалары аясында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.

Келесі кезекте онлайн режимде қосылған ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов халықаралық форумның маңыздылығына тоқталды.

– Алдымен бүгін шетелдік əріптестерімізбен форум аясында тəжірибе алмасуға бар мүмкіндікті жасап отырған Жамбыл облысы əкімдігіне рақметімді айтқым келеді. Бұл форумның басты мақсаты – әлеуметтік топқа жататын және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мəселесін шешу. Оларды қоғамдық ортаға, кəсіпке бет бұруға тарта отырып, «қоғамнан не аламын?» деп емес, «қоғамға мен не бере аламын?» деген қағидамен олардың өмірге деген құлшынысын арттыру. Осы форумнан кейін біздің ортамызда өзін көрсете алмай отырған мүмкіндігі шектеулі азаматтар əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту жобасы аясында өзін көрсетуге, кəсібін ашуға мүмкіндік алады. Олар форумға қатысу арқылы кəсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілетінін білетін болады. Шетелдік мамандардың тәжірибесіне сүйене отырып жұмысын жолға қояды деген сенімдемін, – деді министр.

Сондай-ақ Тәжікстандағы әйелдер кәсіпкерлігі күнінің елшісі Насибахон Аминова Жамбыл өңірі мен Душанбе арасындағы туризмді дамытуды сөз етті. Бұл ұсынысты бірден қолдаған Бердібек Сапарбаев Тараз бен Душанбе арасында ашылғалы отырған әуе рейсі екі қала арасындағы, соның ішіндегі 2000 жылдық тарихы бар Тараз туризмін танытуға өз ықпалын тигізетініне сенімді екенін жеткізді.

Таразда алғаш рет өткен халықаралық форум мемлекет пен кәсіпкерлердің мүмкіндігін пайдалана отырып, аймақтағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған тың бастаманың айғағы болды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.