Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ізгілік жолында

0 190

Ұрпаққа берілер сапалы білім, ұлағатты өнеге болашақтың баянды бақытына бастар жол екені айтпаса да белгілі. Осындай ізгі мұратты көздеген «Һибатулла Тарази» мешітінің жанындағы медресе колледж статусын алған еді. Енді медресенің жанынан жаңа жатақхана ашылып, ел игілігіне берілді.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ. Суретті түсірген Ағаділ РЫСМАХАН

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, елдің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Өтпенов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. ҚМДБ төрағасын аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қабылдап, діннің ұлтаралық келісімді нығайтудағы рөлі туралы жан-жақты қаузалды.

– Біз ортақ күш-жігеріміздің арқасында қоғамдағы келісім мен тыныштықты сақтай алып отырмыз. Бірлік, төзімділік және мейірімділік қағидаттарын негізге ала отырып, барлық қиындықтарды еңсеретінімізге сенімдімін. Халықтың рухани тұтастығын нығайтуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге ҚМДБ-ның өңірдегі филиалы да айрықша атсалысуда. Бірлескен жұмыстар нәтижесінде Қордай ауданындағы ахуалды тұрақтандыру мүмкіндігіне қол жеткіздік. Имамдар ротацияланып, қазіргі таңда мешіттерде уағыздар қазақ тілінде жүргізілуде, – деді өңір басшысы.

Бердібек Машбекұлы «Бейбітшілік пен келісім» жобасының іске асырылу барысы туралы да айтып, оның негізінде аудандардағы қоғамдық-саяси ахуалға мониторинг жүргізіліп жатқанын жеткізді. Еліміздің Бас мүфтиі Қордай ауданында «Имамдар үйі» ашылатынын осы жиында хабарлады. Жаңа орталықта дін қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады.

Бұл күні Бердібек Сапарбаев пен Наурызбай қажы Өтпенов «Һибатулла Тарази» медресе-колледжі жатақханасының ашылу салтанатына қатысты. Олар жаңа ғимаратты аралап танысып, ондағы оқу және тынығу үшін барлық қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Екі қабатты ғимаратта барлығы 12 жатын бөлме, екі оқу кабинеті, кітапхана, асхана, кір жуатын, жуынатын бөлмелер және монша орналасқан. Медресе-колледжде 61 студент оқиды десек, олардың арасында еліміздің басқа өңірлерінен келіп білім алып жатқандар да бар. Бүгінгі күнге дейін олар медресе ғимаратында тұрып келген. Медресе-колледждің директоры Қанат Жұмағұлдың айтуынша, жатақхана құрылысы 2 жыл бойы жүргізіліпті.

– Жатақхана ғимараты кәсіпкерлердің демеушілігімен салынды. Ілім іздеген жастарға жайлы жағдай жасау үшін қолдау көрсеткен демеушілерге шексіз алғысымызды айтамыз. Әсілінде, білім алуға ұмтылу – адам баласының игі мақсаттарының бірі. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) қасиетті Құран сөзі түскенде, «Оқы!» дегеннен басталған екен. Өнегелі өмір өрнегін көрсететін сол киелі кітапта оқу, ілім іздеп, білім алу туралы аяттар жеткілікті. Өзіміз білгенді басқаларға үйрету де ғибрат. Бұл дүниеде алған біліміміз, оны неге жұмсағанымыз үшін де сұраламыз. Жас жеткіншектердің білім алуына қолайлы мүмкіндіктерді қамтуға қолдау көрсеткен демеушілердің бұл ісі де қайырымды, сауапты, – деді Қанат Жұмағұл.

Облыс жұртшылығы мен мұсылман қауымының өкілдері алдында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы 30 жыл бойы ҚМДБ жастарды толеранттылық негізінде тәрбиелеуге, қазақ халқының салт-дәстүрлерін құрметтеуге ерекше көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті. Елімізде діни білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған.

– Өткен жылы имамдар жамағатқа еліміздің мұсылмандарының рухани тұғырнамасына айналған «Жеті рухани қазық» құжатын ұсынды. Ол еңбексүйгіштік, мейірімділік, патриотизм сияқты адамгершілікке үндейтін құндылықтарға бағытталған. Діни қызметкерлер жастарға осы құндылықтардың мағынасын, конфессияаралық диалог негіздерін түсінуге баулиды. Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз ету арқылы ғана біз халықтың әл-ауқатын арттыру мүмкіндігіне қол жеткізе аламыз, – деді облыс әкімі.

Ал Наурызбай қажы Өтпенов бүгінде жоғалған дәстүрлер қайта жаңғырып, мешіттер бой көтеріп, медреселер ашылып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар облыс әкімі мен Бас мүфти «Һибатулла Тарази» облыстық мешітінде «Asyldin» студиясының, «Әжелер мектебі» клубының жұмысымен де танысты. Клуб төрайымы Жәмилә Жұмабаеваның айтуынша, мұнда әжелер жас қыздарды халықтық дәстүрлерге баулып, бақытты өмірдің құпиясымен бөлісіп, дұрыс жолға тәрбиелейді. Клуб мүшелері де түрлі ұлт өкілдерінен құралыпты. Ал Наурызбай қажы оларға отбасы институтын дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Айта кету керек, бүгінде облыста 358 діни бірлестік тіркелген десек, оның ішінде 312 мешіт пен 46 шіркеу бар. 6 облыстық, 7 қалалық және 10 аудандық ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамындағы теологтар, дінтанушылар, психолог және мемлекеттік қызметкерлер тиісті жұмыстар жүргізуде. Жастардың тұлға болып қалыптасуы үшін білім алумен қатар саламатты өмір салтын сақтап, жанмен бірге тәнді де шынықтырып, ширығып өскені абзал. Бұл жағы да ұмыт қалмай, жатақхананың ауласынан спорт залы да салынып жатыр екен. Ол қыстық жаттығуға арналса, аулада жаздық спорттық алаңша да жасалуда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.