Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тазша бала Тараздан табылды

0 147

Сөздің қалыбы жоқ. Қалай құбылтып, қалай құйқылжытамын десең де өз еркің. Серті сол, қара қаламнан құйылған сөз зерделі болса, алтын күмбез болып бой көтеретіні бар. Бұл жолы біз алты ауыз сөздің ауыздығын қарш-қарш шайнаған тікенек тіл, астарлы әзілдің ізіне түстік. Көрікті ойдың кескінін көркем тілмен жеткізіп, көзге тиген қамшыдай осып түсер сүбелі сөздің құлпын ашар қаламгер іздедік. Таптық та!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ. Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Мамыр айында қалалық «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің бастамасымен сатира саңлағы, шоқ тілді Шона Смаханұлының ізін жалғап, астарлы әзілдің майын тамызып, тілінің тікенімен түйреп алар қаламгерлерді анықтау мақсатында «Қырық өтірік» шығармашылық байқауы ұйымдастырылған болатын. Сөзден сойыл соққан байқаудың марапаттау кешін ашқан Эльмира Иниятқызы:

– Бұл өтіріктің байқауы емес. Бұл – ұтымды ой айтып, сөзбен сойыл соғатын сатираның байқауы. Шүкір, ойы ұтымды, тілінің тікенегі бар таланттарымыз түгесіліп, тұқымына тұз құйылып қалмапты. Ел ішінде сатираға қалам тартуға әзір жасы да, жасамысы да бар екен. Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарынан байқауда бақ сынағандардың ішінде ең жас қатысушы Таластан он бір жасар Диляра Матвай болса, жасамысы Тараздан жетпісті желкелеген Асқарбек Сейілхан ағамыз, – деді.

Ал алғашқы болып пікір білдірген қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің талай тұлпардың тұяғын дүбірлетіп бәйгеге қосқан бастамашыл ұжым екенін айтты. Оған осы ұжымның ұйымдастыруымен былтыр ғана өткен «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы мен апта бұрын әлеуметтік желі арқылы жолдаған «Бетпердеңді тастама!» фоточелленджінің ел ішінде қолдау тауып, жалғаса жөнелгені дәлел екендігіне тоқталып өтті.

Сайыста қалам құдіретімен өтіріктің өзегінен қыл суырғандарды сын тезінен өткізіп, «суайттықтарының» сырына қаныққан ардагер журналист Болат Жаппарұлы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, сатирик-ақын Бақытжан Әлімқұлов, Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің директоры Оралхан Дәуіт, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры Хамит Есаман қазылар алқасына мүшелік еткен болатын. Болат Жаппарұлы: «Алдар көсе бабамыздың ұрпақтары, Тазша баланың Тараздағы інілері, Судырахметтің туысқандары байқауға қатысып отыр. Қайда болсын шын жүйріктер шашасына шаң жұқтырмайтыны рас. Ал бұл сайыс таланттардың жарқырап шығуына жол ашары сөзсіз», – дей келіп, қатысушыларға жеке-жеке тоқталып, өтіріктерінің берекелі болуына тілектестігін білдірді. Өз кезегінде сөз алған Бақытжан Советұлы да өңірден шыққан сатириктерге тоқталып өтті. Сонымен қатар сатира жанрында қалам тербеткендер арасында нәзікжандылардың жоқтың қасы екенін қынжыла жеткізіп, «Қырық өтірік» байқауы әзілге қалам тербеген біраз қыздың жолын ашқанына сенім білдірді. Ал Оралхан Әбдірашұлы өтірік айтудың күнделікті тіршілікте қиын шаруа болмағанымен, шығарма жазу барысында асқан шеберлікті қажет ететіндігін және де бөсіп отырып-ақ шындықты дөп жеткізуге болатынын растады.
Шындық пен өтіріктің аражігін ажыратып, бәйгеге лайықтыларды анықтап, өтірік айтып жұртқа жағудың ойдан орақ орып, қырдан қысырақ матап, болымсызды болдырып, дандайсытып, тыңдаушының сілекейін шұбыртқан өтірікті өрге бастырудың алғашқы жемісінің нәтижесі расында жаман емес. Осы орайда көркем сөздің көркін қыздырып, жиырмадан аса жазба жолдағандар арасынан суырылып шығып, жүлдегер атанғандарды марапаттау рәсіміне кезек берілді.

Өтірік айтудан алдына жан салмай, өзін «Тараздың Тазша баласы» деп таныстырған шығарма иесі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Журналистика» мамандығының 4-курс студенті Шапағат Әбдірдің шығармасы үздік деп танылып, бас жүлде қанжығасына байланды. І орын биігінен ардагер журналист Асқарбек Сейілхан көрінсе, Түркістан облысы, Сайрам ауданы, «Исфиджаб» ЖШС-не қарасты «Пульс Сайрама» газетінің тілшісі Салтанат Абылбекова мен Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас ІІ орынды иеленді. ІІІ орын Жамбыл облыстық «Araı» жастар газетінің тілшілері Саятхан Сатылғанов, Талғат Нұрхан және Ақерке Кенжебекке бұйырды. Ал Алматы облысы, Райымбек ауданы, «Хантәңірі» газетінің тілшісі Серікжан Мұрасыл, «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» ҚБ-ның психолог маманы, түрік тілі дәріскері, ақын Марал Хантөреқызы, Тараз қалалық №47 мектептің 9-сынып оқушысы Ескендір Асылбекұлы, Жамбыл облысы, Талас ауданы, Майтөбе ауылы, Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Диляра Матвай ынталандыру сыйлығына ие болды. Осы орайда марапат барысында бас жүлдені иеленген Шапағат Әбдір суырыпсалмалығын танытып, табанда:
Құс көрдім, қасқыр құсап ұлиды екен,
Түс көрдім, алтын бопты құм илесем.
Тараздың суайттары, қалайсыздар,
Сіздермен жалған емес, шын үйлесем.
Жұмаққа жаңа ғана барып келдім,
Поровойы күнменен жылиды екен.
Тозаққа да көзімді салып өттім,
Деген жоқ маған ешкім «жүр үйге сен».
Бір білгенім коронавирус кезінде ақша жеген
Адамдар ол жақта да құриды екен.
«Таразға барам» деп ем сәлем айтты,
Жамбыл мен Абай атам бір үйде екен.
Тастан салсаң орнында тұрмайды деп,
Алтыннан құйсаң тағы шіриді екен,
Мүсінімді қорладың деп Қонаев ұрысты,
Кейде бізден көңілі суиды екен.
«175 жылдығымды тойлады» деп,
Тек Ұлы Абай Тоқаевқа риза екен, – деп жырлай жөнеліп, тапқырлық танытуы оның шашасына шаң жұқпайтын жүйрік екенін дәлелдеді. Ендеше, өтірікпен шындықтың сойылын соққан сайыс жүлдегерлеріне сәттілік тілейміз!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.