Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ислам дінінің қазақ даласында таралуы

0 264

«Ислам» сөзі – мойынсұну, бағыну, берілу, амандықта болу деген ұғымды білдіреді. Терминдік мағынасы – Ұлы Жаратушы Ие Аллаһқа мойынсұну және Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың дін ретінде әкелген, үйреткен, жеткізген нәрселерін толықтай қабыл етіп, ұстану.

Алладан басқа жоқ тәңір, Мұхаммед (с.ғ.а.) Оның елшісі екеніне куәлік етемін. Әуелі, Ислам діні қазақ даласына қашан, қай кезде, қалай тарағаны жайында тоқталсақ. Араб Әмірлігінің қолбасшысы Кутейб ибн Мүсілім бастаған қарулы жасақ 714 жылы қазақ сахарасына басып кірді. Олар Алланың қалауымен пайғамбарымыз (с.ғ.а.) салған ізбен, кең байтақ жерімізде уағыздар айтып, хақ дінді жүрегімізге сіңіре бастады. Олар ешкімді мәжбүрлемеді, ешкімге қолқа да салмады. Ол – біздің асыл дініміздің тазалығының айқын дәлелі. Дәл осылайша қазақ даласында көптеген мешіттер салына бастады. «Мешітке кім келсе, соған 2 дирхам беремін» деген жаулаушы Кутейб ибн Мүсілім халыққа үндеу жасады. Бастапқыда қарапайым халықтан сескенген араб әскері мешітте қару-жарақпен тұруға мәжбүр болды. Осыған орай пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Араларыңдағы дұшпандық пен кекті жою үшін сыйлық беріп, бір-біріңді жақсы көріңдер», – деп өсиет қалдырыпты. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар өзіне келген елшілерге де, басқа адамдарға да сыйлық беруді ешқашан есінен шығармаған. Адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олармен достық қарым-қатынаста болу үшін сыйлық берудің айыбы жоқ екенін осылайша жеткізіп, салт-дәстүрімізге нұқсан келтірмеді. Оған дәлел Мұхаммед (с.ғ.а.) бір хадисінде түркілер туралы: «Сендер оларға тимеңдер, олар сендерге тимейінше», – дейді. Пайғамбарымыз Түркі елінен мықты мұсылман мемлекеті құрылып, ғұлама ғалымдар шығатынын сезді, білді. Расында, кейін келе дінді зерттеп, дұрыс бағытта тәлім-тәрбие берген Әбу Насыр әл-Фараби, Имам Ғазали, Қожа Ахмет Ясауи сынды көптеген ғұлама ұс-таздарымыздың есімі әйгілі болды. Міне, содан бері бес уақыт намазын қаза қылмай жауға шапқан батырларымыз туралы кітап беттерінде де, ауыз әдебиетінде де көрініс тапты. Бұған Бұқар жыраудың:
Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Ең шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкілсіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз:
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытты бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа, – деген толғауы жарқын мысал бола алады. Мұнда бұл кезде дініміздің беріктігін негізге алып айтып отыр. Әрине, жер бетінде жатқан көп қабір пенденің осы дүниеден алған елшісі екенін лайым естен шығармағанымыз жөн.
Бірде Хазіреті Осман бір қабірдің қасында тұрып, сақалы су болғанша жылайды. Қасында тұрған кісілер оған: «Сен жәннат пен тозақты айтқан кезде жыламайсың да, қабірді көріп, мұншалықты неге көп жылайсың?» – деп сұрайды. Сонда Хазіреті Осман: «Расулуллаһ былай деген еді: «Шындығында, қабір – ақырет қонақтарының алғашқысы. Егер өлген кісі одан сәтті өтсе, одан кейінгі кедергілер оған жеңіл болады. Ал егер пенде одан құтыла алмаса, яғни қабір азабын шексе, кейінгі сатылар одан да бетер ауыр болады», – деп жауап беріпті. Хазіреті Осман сөзін әрі қарай жалғастырып былай дейді: «Расулуллаһ бұған қоса: «Мен дүниеде қабірден бетер сүйкімсіз әрі қорқынышты ештеңе көрмедім», – деген екен. Сондықтан да Алла жолында ілім іздеп, тура жолдан ауытқымай жүруді нәсіп етсін. Құранның сөзін қасиет тұтып, пайғамбар сөзін өсиет етсек, өсеміз, өнеміз, өркендейміз. Сондықтан парыз етілген бес уақыт намазды оқып, иманымызды кәміл жисақ, жалған дүниеде сол артық болмақ».
Өкінішті мынау өмірде:
Тарам да тарам жол болар.
Біреудің тасып мерейі,
Біреудің бағы кем болар.
Алланың ол да сынағы,
Ойлаған соны жөн болар.
Есіктен кірген басыңның
Алатын орны төр болар.
Бесіктен шыққан басыңның
Баратын жері көр болар», – деп ақындарымыз жырлағандай, жалған дүниенің жылтырағына алданып, Ібілістің арбауынан сақтасын деп тілейік. Себебі алған бағытымыз, баратын жеріміз белгілі.
Осы орайда Ислам дінін уағыздаушы Алланың сүйікті құлы, күллі адамзатқа үлгі пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) жайында тоқталып өтсек. Себебі діннің де шығу тарихы осымен біте қайнасып жатыр. Адамның ең үлкен жауы – шайтан мен нәпсі. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) бұрынғы пайғамбарлар сияқты белгілі бір қауымдарға ғана емес, күллі адамзатқа жіберілген Алла Тағаланың елшісі ретінде ерекшеленеді. Адамзаттың асыл тәжі болған Хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) пайғамбарлық ақыл-ойы кемелденген 40 жасында қонған. Елшілік міндетті 610 жылы Рамазан айында Хира тауының басында Жәбірейіл періште жеткізген көрінеді. Періштенің жеткізген аяндары «уахи» деп аталған. Тауда үңгір ішінде оңаша отырған бір сәтінде Жәбірейіл періште Хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) өз бейнесінде көрініп, алғашқы аяттарды түсірген. Алғашында бұл оқиғадан Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) қатты қорыққан. Кейіннен өзіне елшілік міндеті берілгеніне нақты көзі жеткенде, түскен әмірлерді қалтқысыз орындай бастаған. Жәбірейіл періште арқылы Алла Тағаладан аян түсуі өмірінің соңына дейін үзбей жалғасын тауып келген. Ең алғашқы болып өзінің жары Хадиша, досы Әбу Бәкір және туысы Әли мойындаған. Бұл кісілердің барлығы кейіннен Ислам діні жолында үлкен еңбек сіңірген қадірлі тұлғаларға айналды. Пайғамбар және жаңа дін туралы хабар Меккеден тыс жерлерге де өте тез тарап үлгерді. Алайда пұтқа табынуды, көп құдайшылдықты санасына әбден сіңірген меккеліктердің көбі алғашында оны келеке-мазақ қылып, кейіннен ашық қарсылық таныта бастаған. Алғашқы мұсылмандардың меккелік пұтқа табынушылардан көрген зорлық-зомбылығы Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) қолдау білдіріп жүрген жары Хадиша мен Әбу Талибтің қатар қайтыс болуымен тіптен асқына түсті. Күн сайын мұсылмандардың Меккеде тұрақтауы қиындады. 612 жылы мұсылмандар Меккеден Ясриб қаласына уақытша қоныс аударады. Ясриб қаласы кейіннен Мәдина деп аталған. Бұл көш Ислам тарихында «хижрат» деп аталған. Мәдина қаласына көшіп келгеннен кейін Ислам дінінің таралуы қарқынды күш алды. Мәдинаға хижрат жасау мұсылмандардың жыл санауының басы саналған (ай күнтізбесі бойынша). Осы уақыттардан бастап Мәдина қаласы Ислам дінінің таралу орталығы ғана емес, бүкіл мұсылман-араб әлемінің қасиетті мекеніне айналды. 630 жылы Мекке қаласын да мұсылмандар азат етіп, қасиетті Қағбаның ішін қолдан жасалған құдайлар мен пұттардан тазартқан. Ислам дінінің кең көлемде таралуы Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с.) кейінгі халифаттар кезеңінде жүзеге асты. Ислам тарихында олар «хұлафа рашидин» (әділетті халифалар) деген атпен қалған. VIII ғасырдың өзінде Ислам дінінің аумағы Араб түбегін қоса алғанда, Солтүстік Африка, Пиреней түбегі, Месопотамия, Иран, Ауғанстан, Кавказ аймағы, Орталық Азия мен Үндістанның солтүстігіне дейін жеткен. Мұсылмандарда адам Құдайдың құлы, ең алғашқы пайғамбар Адам (а.с.), ал ең соңғы пайғамбар Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) болып есептелінеді. Екеуінің арасында жіберілген пайғамбарлардың баршасына иман етіледі.
Қазақ тіліндегі «дін» сөзі дүние жүзінің өзге тілдерінде «вера», яғни «сенім» деген мағынаны білдіреді. Тіліміздегі «сенім» сөзінің мағынасы исламдық мұсылман түсінігінде «иман» деп айтылады. Сонда, «дін», «сенім», «иман» сөздері – адамның дінге деген сенімі мағынасында қолданылатын синоним сөздер. Мұсылманға иман – шарт. Яғни ол жаратушы бір Алланың бар екеніне, оның бірлігі мен ақиқатына иман келтіріп, сенуі керек. Абайдың түсінігіндегі иман – жай әшейін сенім емес. Мұсылманның бес парызы бар. Сол бес парыздың ең бастысы әрі ең негізгісі, ол – Алланың бар екеніне, Құран – Оның сөзі, ал Мұхаммед пайғам-бар Оның Елшісі екеніне иман келтіріп, сенуі шарт. Абайдың ойынша, Аллаға иман келтіруімізбен ғана іс бітпейді. Себебі біздің оған сеніп, иман келтіруімізге Алла Тағала мұқтаж емес. Құрғақ бір ғана сенім ешқандай пайда бермейді. Аллаға жан-тәніңмен, бар болмысыңмен, оның өзіне ғана лайық ұлы сипаттарына шын беріле отырып, ақиқатыңмен, бар махаббатыңмен сенуің керек. Сол кездегі иман шын мәніндегі кәміл иман болмақ. Әлемдік діндердің барлығында құзыры мен билігі шексіз жаратушы Хақ Тағаладан пендесі қорқу керек десе, «Махаббат пен қорқыныш – от пен су секілді, бірі бар жерде екіншісіне орын жоқ», – деген Абай: «Алла Тағала адамзатты махаббатпен жа-ратты. Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз іс емес пе?», – дейді 38-ші қара сөзінде. Абайдың ойынша, Алланың махаббатымен жаратылған біз, яғни адамдар, жаратушы бір Алланы шын жүрегімізбен, бар болмысымызбен жанымыздан артық сүюіміз керек. Тек махаббатпен! Еш қорқынышсыз! Өйткені қорқыныш бар жерде махаббатқа орын жоқ. Сондықтан да бір Аллаға сеніп, иман келтіріп, біз оны тек қана махаббатымызбен шын сүюіміз қажет. Бұл – әрбір пенденің өмірлік ұстанымы, иманы болуы шарт. «Иманигүл» мен «Толық адамды» «Абай ілімі» деп ғылыми айналымға түсірген абайтанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметұлының «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» атты ғылыми еңбегінде: «Алланың бойындағы сегіз сипатын құдірет пен ғылым сипатына қоса біріктіріп, оны бір сөзбен ғақыл, яғни ақыл сөзімен атайды. Осы ақыл сипатына Абай өз тарапынан нақылия, ғақлия дәлелдерге сүйене отырып, екі сипатты, яғни әділет пен рахымды қосады. Осы өзі өлшеп, даралап алған қастерлі үш ұғымнан яғни ақыл, әділет, рахымнан Абайдың толық адам туралы ілімінің негізі қаланады», – деп ойын түйіндейді ғалым. Сонымен, «Абай іліміне» сүйеніп айтар болсақ, өн бойына ақыл, әділет, рахым секілді үш адамгершілік қасиетті жинақтаған адамды «Толық адам» дейміз. Алланы шынайы махаббатпен сүйіп, білім мен иманды бірге ұстау керек деген мақсатты ойды ұстанған Абайды, Ислам дінінің философиясын жоғары деңгейге көтере отырып, дінді жаңаша пайымдағысы келген шын мәніндегі исламдық ойшыл-ғұлама деп түсінуіміз керек. Бұл – таласы жоқ ақиқат дүние.
Жоғарыда сөз еткеніміздей, қазақ даласына Ислам дінінің енуі шамамен 1250 жылдан астам уақыт бұрын басталды.VIII ғасырдың басында Орта Азияны өзіне қаратқан арабтар бірте-бірте қазақ даласына қарай жылжи бастайды. 751 жылғы Талас өзені бойындағы арабтар мен Қытай əскері арасында болған Талас шайқасы, қазақ халқының тарихындағы үлкен маңызды оқиға еді. Талас шайқасында түркі тілдес тайпалардан құралған түргештердің араб əскері жағына шығуы қытайлықтардың жеңіліске ұшырауына себеп болды.
Көк тəңіріне сиынатын түркі тайпалар-ына Исламдағы бір ғана Жаратушыға сиыну, көшпелілердің дүниетанымдық көзқарасына жақын болуымен қатар салт-дəстүріне де кереғар болмады. Көшпелі тұрмыстағы түркі тайпаларының исламды қабылдауы мұсылмандық түркі мəдениетінің қалыптасуына əсер етті. Ислам дінінің сүнниттік тармағының ханафиттік бағытының ерекшелігі – сол жергілікті халықтың салт-дəстүрімен үйлесімділігінде. Қарахан əулеті (Х-ХI ғ) билігі тұсында Мұса қаған 960 жылы Ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялағаннан соң, бұл аймақта Ислам мəдениетінің таралуына жол ашылды. Ғылым, білім, қолөнер, сəулет өнері, əдебиет жылдам қарқынмен дами бастады. Мешіт, медресе, кітапханалар бой көтеріп жаңа қалалар салынды. Сайрам, Тараз, Құлан, Меркі, Баласағұн, Сауран, Ясы, Өзгент қалалары тек сауда орталықтары ғана емес, ғылым мен өнердің, əдебиеттің орталығына айналды.
Ислам дінінің қазақ жеріне енуінің тағы бір кезеңі бұл Алтын Орда дəуірі еді. Өзбек ханның тұсында (1313-1341 жж) ислам діні мемлекеттік дін дəрежесіне көтеріліп, Алтын Орданың қуатты елге айналуына ықпалын тигізді. Көшпелі тайпалардың арасында сопылық ілімнің таралуына еңбегі сіңген Қожа Ахмет Ясауи өз шығармаларын түркі тілінде жазып, Ислам құндылықтарын таратса, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари еңбектері адамзатты ізеттілікке, мейірімділікке, адалдыққа шақырды.
Сол заманның тарихшысы Фазлаллах Ибн Рузбеханның қазақтардың билеуші топтары жөнінде: «Олар құран оқиды, намазға жығылады, өз балаларын мектепке береді», – деген жазбаларының өзі-ақ бұған дəлел бола алады. Қазақ хандығының ең қуатты елге айналуына үлес қосқан Қасым хан енгізген «Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағынан да Ислам дінінің қазақ қоғамындағы орнын байқауға болады. Тəуке ханның «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар жинағы да шариғат пен көшпелі тұрмыстағы дала заңдары негізінде әзірленгенін тарихтан білеміз.
XVIII-XIX ғасырда Қазақ елі Ресей отарына айналғаннан кейін патша үкіметі алғашында христиан дінін тарата бастағанымен, кейінірек бұл күткендей нəтиже бермегеннен соң, Ислам дініне бақылауды күшейте түсті. Сан ғасырлар бойы Ислам дінін ұстанатын қазақ халқын христиандыққа өткізу саясаты нəтиже бермегеннен соң, патша үкіметі солтүстік аймақтарға жерсіз шаруаларды күштеп қоныстандыра бастайды. Бірақ қазақтардың Исламға деген беріктігі бəсеңсімей, керісінше, азаттық жолындағы күреспен үндесіп жатты.
1906 жылы Верныйда Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1 құрылтайы өтті. Құрылтайда діни-руханият мəселелері, сонымен қатар діни басқарма құру мəселелері қаралды. Ал 1917 жылдың басында бірнеше діни сипаттағы партиялар құрылып, діни мəселелерге мəн бере бастайды. 30-жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін дін өкілдерін де қамтып өтті. 1940-50 жылдары дін мəселелерін ретке келтіру мақсатында Орта Азия мұсылмандары діни басқармасы құрылып, бұл діни басқарманың Қазақстандағы өкілі болып Абд-əл-Ғаффар Шамсутдиновті бекітеді.
Еліміз тəуелсіздік алғаннан соң, азаматтардың діни наным бостандығына жол ашылды деуімізге болады. 1992 жылы «Діни сенім жəне діни қарым-қатынастар бостандығы туралы» Заң қабылданып, жаңадан мешіттер, медреселер, храмдар мен шіркеулер ашылды. Қазіргі күні біз көпұлтты еліміздегі түрлі дін өкілдерінің татулық пен келісімде өмір сүруінің үлгісі ретінде, елордада өткен əлемдік дəстүрлі дін өкілдерінің басқосуын айта аламыз. Астанада өткен Бүкілəлемдік діни конфессиялардың I, I, III, IV жəне V cъездерінің маңыздылығы сол, еліміз дəстүрлі діндердің рухани келісімінің ордасына айналды деуімізге болады.
Бүгінде Ислам дінін ұстанатын мұсылмандардың қатары артып келеді. Десе де, дін ұстанған кей мұсылманның білімі жетпей айтқан сөздерінен, әдепке жатпайтын ұнамсыз қылықтарынан Исламға деген жеккөрушілік, дін арқылы қоғамда үрей-қорқыныш қалыптастыру сынды үрдістер, жағымсыз насихаттар етек алып тұрғаны шындық. Біз мынаны білуіміз керек: пенденің бойындағы қателіктерге қарап, оны діннің қателігі деуге болмайды. Негізгі кемшілік таза дінді дұрыс жеткізбеуден әрі дін қалағандай қағидаттарды ұстана алмаудан туындайды. «Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деген қанатты сөздің астары осы болса керек. Демек, дінді талабына сай ұстансақ, көптеген қасиетке қол жеткіземіз. Ислам қоғамға сауаттылықтың дәнін екті. Соңғы Елші Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың келуі арқылы қараңғылық бұлты сейілді. Адамзатқа бақыт әкелетін Ислам дінін жеткізу үшін пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Құран аяттары түсірілді. Ең алғашқы түскен аят: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен (Оқы!)» – деп басталды («Алақ» сүресі, 1-аят). Міне, осыдан бастап Ислам ғылым-білім діні екенін дәлелдеді. Ал ғылым адамдардың санасын оятып, тапталған құқықтарының қорғалуына, өркениетке қол жеткізуге септігін тигізді. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер иман келтірмейінше, жәннатқа кірмейсіңдер. Бір-біріңді жақсы көрмейінше, шын мағынада иман келтіре алмайсыңдар. Мұны істеген жағдайда бір-біріңді сүйе алатын (бір-біріңе деген сүйіспеншілікті арттыратын) істі айтайын ба? Араларыңда сәлемді жайыңдар!» – деді (Бұхари). Халқымыз сол үшін «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» деген. Сәлем сүйіспеншіліктен басталады. Көршімен, ағайынмен, доспен жақсы болу үшін де берер сәлемің дұрыс болу керек. Ал арада сыйластық бұзылса, күллі қарым-қатынас та бұзылады. Хадистегі «Сәлемді жайыңдар!» деген сөздің мәні қоғамның тыныштығын, адамзаттың амандығын меңзесе керек. Адам бойында сүйіспеншілік, мейірім, жанашырлық секілді көркем мінездер болмаған жағдайда қоғамның дерті асқына беретіні хақ. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисте: «Нағыз мұсылман – өзге мұсылмандарға тілімен де, қолымен де зиян тигізбеген мұсылман», – деді (Бұхари). Демек, нағыз мұсылман қоғамшыл, көпшіл, жанашыр келеді. Яғни адам баласы тілі мен қолы арқылы адам құқығын таптамай, оған құрмет ету арқылы қоғамның бейбітшілігі мен тыныштығын сақтайды деген сөз. Сондықтан Алланың жалғыз екеніне кемшіліксіз, күнә атаулыдан пәк екеніне күмән келтірмеуіміз керек. Адалдық пен ақиқаттың серігі болған асыл дінімізді қадірлеп, Хақ Тағалаға сәжде етіп, жолы бөтен арамдыққа адаспайық!

Нұрперзент Туғанбай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.