Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ислам дінінде спортқа үкім қандай?

0 187

Қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Жекпе-жек кәсіпқой спорт клубы» КММ-де кездесу өтті. Оған дін өкілдері мен спортшылар қатысты.

Зере Қуаныш

Халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында қала әкімінің 5-Ө өкімімен 7 қалалық ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілген. Осыған орай, №6 қалалық ақпараттық топ мүшелері «Жекпе-жек кәсіпқой спорт клубы» мекемесінің ұжымымен кездесіп, «Исламдағы спорттың үкімі қандай?» тақырыбында ой бөлісті. Жиынды ашқан қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Гүлназ Смәтілдаева ақпараттық топтардың жұмысына тоқталды.

– Әр топтың құрамында қала әкімдігінің бөлім басшылары мен қызметкерлері, білікті теолог пен психолог мамандары, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен қала имамдары бар. Үстіміздегі жылы 37 ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оған 3 мыңға жуық қала тұрғыны қатысты. Бүгінгі таңда қала бойынша 4 конфессия бойынша 58 діни бірлестіктер мен филиалдар, 11 намазхана мен 1 құлшылық орны тіркелген, – деді Гүлназ Смәтілдаева.

Жалпы жиында күн тәртібіне бірнеше тақырып шығарылды. Соның алғашқысы – «Ислам дініндегі спорттың үкімі». Бұл тақырыпта «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Амантай Садиев хабарлама жасады.

– Шыны керек, спортпен шұғылдану исламда харам емес, егер оның мақсаты айқын болса. Ол дегеніміз егер спортпен өзгеге зияныңды тигізу үшін, бопсалап, ұрып-соғу үшін айналыссаң, ол мұсылманға тән қасиет емес. Меніңше, сіздер өскелең ұрпаққа үлгісіздер. Әнұранымызды асқақтатып, Туымызды әрбір жеңісте көкке көтеретін сіздерсіздер.

Біздің облыстан жауырыны жерге тимеген талай тарландар шығып жатыр. Араларыңызда да түрлі жарыстың жеңімпаздары бар. Сондықтан сіздер дұрыс жолмен жүріп, сіздерден кейінгі бой түзеген жастарға дұрыс бағыт-бағдар берсеңіздер – ең үлкен жемісіміз сол, – деді Амантай Әбілдаұлы.

Ал «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің дін проблемаларын талдау секторының меңгерушісі Аят Күшікбаев Қазақстандағы ислам дінін жамылған деструктивті ағымдар туралы өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ кездесуде «Діни фанатизмге қарсы ұлттық идеяны дамыту жолдары» тақырыбында қалалық «Құлбай баба» мешітінің бас имамы Амангелді Ембергенов жан-жақты айтып берді. Жиын барысында еркін форматта қатысушылар өзара сұрақ-жауаппен алмасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.