Қалалық қоғамдық-саяси газет

Исаак Мустопуло: «Мүмкіндікті адамның өзі шектейді»

0 408

Тараздық бірегей талант иесі Исаак Мустопуло Оңтүстік Кореяда өткен «Global IT Challenge-2019» халықаралық конкурсының финалында жеңімпаз атанды.

Халықаралық байқау алдында Исаак Мустопуломен сұқбаттасудың сәті түскен еді.

Арайлым Шабденова
Суретті түсірген А. РЫСМАХАН

LG Electronics пен RI Korea бірлесіп ұйымдастырған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ақпараттық технологиялар саласындағы бұл дәстүрлі байқау биыл Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында 26-28 қараша күндері өткен болатын. LG компаниясының Pacific Ocean елдеріне арналған бірегей байқауына 20 елден 300 үміткер қатысыпты.
Біздің жерлестеріміз ақпараттық технологияны жілікше шағатын осы ең үздік ІТ мамандарының ішінен «eLifeMap» аталымында топ жарып, Исаак Мустопуло – «Best Award» Бас жүлдесін жеңіп алды.

– Исаак, биыл мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы жатыр екенсің. Болашаққа қандай жоспарларың бар?

– Ия, мен Тараздағы №13 мектепте білім аламын. Ұстаздар сабақ кестесі бойынша үйіме келеді. Жоғарғы оқу орынына түсуге дайындық қызу. Мақсатым Назарбаев университетінің студенті атану. Дегенмен мүмкіндігіме қарай бірнеше жоғарғы оқу орындарына тапсырып көрмекпін. Халықаралық қатынастар мектебіне, әдебиет, инженерия, компьютер ғылымдарына немесе бизнес мектептердің біріне тапсыруға талпынып көрсем деймін.

– Физик-ғалым, түрлі ойындар құрастырушы болғың келгені есімде. Содан бері армандарың өзгерді ме?

– Бұл армандарымнан бөлек жеке компаниямды ашқым келеді. Бұл ой жас ғалымдардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын бақылағаннан кейін ойыма келді. Оларға үлкен қолдау қажет екенін түсіндім. Кейбір әлеуеті жоғары ғалымдар өз өнертабысын әлем қажет ететін уақытты ұзақ күтеді. Алайда үлкен компаниялар мен үкімет оларға көңіл бөле бермейді. Сол себепті маған біреудің көмектесер сәтін күтіп отырмай, алдыма өз компаниямды ашамын деген мақсат қойдым.

– Астрофизикаға қалай келдің? Осы турасында баяндап берші.

– Бала кезімде ғылымның түрлі салаларына қызықтым. Соның бірі – тарих. Байқағаным, кез келген халық өз даму тарихында міндетті түрді келесі бір елді жаулап алады, басып алады немесе өздері бодан болады. Меніңше, осы бір бітпес майданның барлығы бекершілік. Олар біз өмір сүретін әлемнің қандай нәзік екенін жете түсінбейді. Дәл осы тұста тек қана ғылым адамзатты алға бастайтынын мойындаймыз. Әсіресе біздің пайда болу тарихымыз, адам ақылының бағындырған асуы, маған аса қызық көрінді. Осы себепті ғарыш әлемімен байланысты ақпараттармен таныса бастадым. Ал астрофизикаға ден қоя бастағанымды жәй ғана кездейсоқтық деуге болатын секілді. Бірде теледидар көріп отырып, Стивен Хокингтің уақыт машинасы туралы бағдарламасын көзім шалып қалды. Сонда расымен уақытқа саяхат жасауға бола ма? Болады екен. Осы сәттен бұл тақырыпты тереңірек зерттеуге шабытым ашылды. Хокингті осы тақырыптағы барлық мақалаларын, түрлі ақпарат көздерін, танымдық бағдарламалар мен киноларды, ғалымның барлық кітаптарын, жалпы ғарыш туралы мәліметтерді зерттеуге көштім. Осылайша бірде Назарбаев университетінен Хокингтің тұңғыш туындысына тап болдым. Бұған дейін физиктің бірде бір кітабын іздеп таба алмаған болатынмын. Дәл осы сәтте Стивен Хокингтің өзімен кездесуді арман еттім. Сол арманым көп ұзамай орындалды.

– Осыдан бір жарым жыл бұрын Стивен Хокинг дүниеден өтті. Ұлы адаммен екі жыл бұрын кездесуге мүмкіндік алдың. Адамзат бас иген ғалымның қазасы саған қалай әсер етті?

– Британдық оқымыстының қазасы туралы әлем 2018 жылдың 14-наурызында хабардар болды. Ол 77 жасында мәнді де мағыналы, ұзақ әрі жемісті өмір сүріп, адамзат тарихында өшпес ізін қалдырып о дүниеге аттанды. Дәрігерлер қойған ауыр диагнозға қарамастан ол әлемді дүр сілкіндірген жаңалықтар ашты. Денесі толық жансыз болса да ол дауыс синтезаторы арқылы сөйлеп, өзінің ғылыми ізденісін тоқтатқан жоқ. Осы ауыр хабарды естіген күнгі хәлімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Мен онымен кездесуге талпындым, мақсатыма жеттім, жеке таныстым, және осы кездесу менің рухымды шыңдады. Ұлы ғалымның мейірімге толы жанары жадымнан ешқашан өшпейді. Хокингпен жеке таныс болғанымды мақтан тұтамын. Бұл кездесу менің өміріме үлкен өзгеріс әкелді. Және адам баласы өзіне шектеуді тек өзі ғана қоятынына көзім жетті. Хокингпен тілдесу арқылы менің бойымда адам жеткен жетістігін қанағат тұтып, бір орында тоқтап қалмау үшін әрі қарай дамуыма әсер етті. Бұл кездесу күні кеше өткендей сезімдемін. Алайда мен уақыттың зымырап өтіп жатқанына ризамын. Себебі өмірімде күн сайын қызықты оқиғалар орын алуда.

– Адамзат гүлдену үшін, көптеген көріпкелдер болжағандай тіршілік тоқтамау үшін әлемде қандай өзгерістер орын алуы керек?

– Жоқ, тіршілік тоқтамайды. Ең алдымен адамдар әлем халқының құрамына енетінін ұғуы тиіс. Яғни әлемде олар өзара бөлісе алмай жатқан ештеңе жоқ. Мың жерден патриот болсақ та ең алдымен адам болып қаламыз. Сыртқы келбетіміз, ұлтымыз, жасымыздың бір-бірінен айырмашылығы көп болса да, бір түрге, адамға жататынымызды ұмытпағанымыз абзал. Егер біз біріксек, Жер Ананың перзенті екенімізді түсінсек қазіргіден де биік асуларды алар едік.

– Өзіңнің Тараздағы өмірің туралы баяндап берсең. Туған қалаң саған несімен ұнайды? Әдеттегі бір күніңнің қалай өтетіні де оқырман үшін өте қызық.

– Менің күнтәртібім өте тығыз. Сол себепті 24 сағатта көп іс тындырып үлгеремін. Таңғы астан соң әртүрлі пәндер бойынша сабақ оқимын. Үй тапсырмаларын орындаған соң, ағылшын тілі үйірмесіне барамын. Одан кейін «Тараз-Арена» спорт кешенінде армреслингтен жаттығуға қатысамын. Жұма сайын Назарбаев мектебіне барып ғылыммен айналысамын. Туған қаламды ерекше жақсы көремін. Болашақта кітап дүкендері мен кітапханалар санын көбейтер едім. Сонымен қатар кинотеатрлар көп болса екен деймін. Себебі бізде жаңа туындылар прокатта бір ай ғана көрсетіледі. Премьераларға уақытында баруға мүмкіндігім бола бермейді. Мен үшін әр фильмнің маңызы зор. Әр тамашалаған туындыма рецензия қалдырғым келеді. Сондай-ақ қаладағы коммуналды шаруашылық саласы реттелсе екен деймін. Бізде архитектуралық, тарихи орындар көп. Сол нысандарға туристік турлар жиі ұйымдастырылса деген тілек бар.

– Өз бетіңмен білім алу сенің өміріңе қалай әсер етті? «Өмірде қызықтың көптігі соншалық, пайдасыз әрекеттерге уақыт жұмсаудық қажеті жоқ» деген пікірмен келісесің бе?

– Мектеп – тамаша жер, керемет орта. Бірақ орта білімді немесе ЖОО аяқтап, білімнің шырқау шегіне жеттім деу ақымақтық. Адам өмір бойы білім алуы тиіс. Мен өз қатарластарыма «сүйікті істеріңмен айналысыңдар» деп кеңес берер едім. Өздерінің салаларына махаббатпен қараса үлкен жетістіктерге жетер еді. Мысалы, менің сыныптастарым түрлі компьютерлік ойындарды ермек етеді. Бірақ тереңіне үңілмейді. Ойынды өмірге әкелгендердің еңбегі туралы естеріне де алмайды. Кино көргенде де қандай да бір ғажайып пен шытырман оқиғаны күтіп отырады. Қатарластарыма «Джокер» фильмі осы үшін де ұнамай қалғанын сеземін. Себебі бұл туынды өте ауыр әрі күрделі драмаға жатады. Мен кино көріп, ойын ойнау зиян деуден аулақпын. Қандай да бір ақпаратты қабылдауда өздеріне шектеу қоймаса екен деймін. Егер бір іске қатты қызықсаңыз оның артында қандай еңбек тұрғанын, қандай жолмен жетістікке жетуге болатынын жан-жақты зерттеу керек. Осылайша тереңге бойлау арқылы өз мақсаттарыңызды айқындай түсетініңізге сенімдімін.

– Адамзаттың келешегі үшін ғылым қандай мәселелерді шешумен айналысу керек? Мысалы жаһандық жылыну делік. Қандай мәселелер кезек күттірмейді?

– Энергетика. Жердегі байлықтар шексіз емес. Мысалы күн энергиясын пайдаланудың әсері әлдеқайда көбірек болар еді. Немесе ядролық энергияны пайдаланудың дұрыс әдістерін меңгеру арқылы жер астындағы байлықты үнемдеуге мүмкіндік аламыз. Дәл осы ресурстар жерді алдағы 4 миллиард жылға дейін аман сақтауға көмектесер еді. Бізде шөлді аймақтар өте көп. Күн энергиясын сәтті пайдаланып энергия тапшылығы мәселесін түбегейлі жоюға болады. Өкінішке орай бұл энергия көзін тиімді пайдаланып жатқан елдердің саны өте аз. Әзірленген жүйе бойынша бір станцияның құрылысын жүргізеді. Шығынның көптігіне қарамастан бір күн жиналған қуат көзін пайдаланып үлгереді. Бұл қуат көзінің адамзат біле бермейтін жасырын әлеуеті аз емес. Анығында зерттеулер дұрыс жүргізілсе күн энергиясы арқылы жер бетін толықтай қамтамасыз етуге болады. Осы нәрсенің көзін тапсақ келешекте «көмір қоры таусылса не істейміз?» деген сауалға бас қатырмас едік.

– Қалай ойлайсың, жер бетінде тіршілік жойылып, адамзатқа қауіп төнген жағдайда ғаламымызда адамның өмір сүруіне қолайлы орта бар ма?

– Мұндай орындар жеткілікті. Біздің галактикамызда Жер планетасына ұқсас ғаламшарлар көптеп кездеседі. Адам баласы өмір сүретін ортаны тез ақ тауып алады. Себебі біздің бойымызда кез келген ортаны өзімізге бейімдеп алуға жеткілікті ілім баршылық. Тек жаңашылдыққа, жаңалық ашуға ұмтылуымыз қажет. Ғарышта адамзаттың ұқыпсыздығынан пайда болған қоқыстар қалқып жүр. Ғарыштағы экология мәселесін шешу жер бетіндегі қоқыс үйінділерінен арылудан әлдеқайда күрделірек. Дәл осындай келеңсіздіктер арқылы адамзат ғаламдағы ашық ғарышқа шығу жолдарын өз қолдарымен бөгеп отыр. Сол себепті біз ең алдымен өз планетамызды қорғауымыз керек. Келешекте бізге пана болатын ғаламшарларды да осылай қорғай аламыз. Ғаламның шексіз екенін естен шығармау керек. Бізге ол тым алыс болып көрінеді. Бірақ мүлде олай емес. Болашақта өкінбес үшін ертеңгі күннің қамын бүгін ойланғанымыз абзал.

– Әңгімеңе рақмет!
Сұқбаттасқан
Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.