«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жамбыл облысының 80 жылдық мерекесіне орай қала әкімдігінің қолдауымен және қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» атты әжелер байқауы өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен Абжапаров

Жүректері мейірімге, кеуделері қазынаға толы сайысты Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова ашып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Ана махаббатына, әже әлдиіне бөленген ұрпақ қана ұлттық салт-дәстүрді сүюге қабілетті. Ұлттық құндылықты насихаттау мақсатында өткен әжелер сайысы 5 кезеңнен тұрды.

1-кезең бойынша «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» тақырыбында таныстыру кезеңі бастау алды. Мұнда әжелердің бірі үкілі домбырамен топ жарып, арнау айтса, енді бірі өз өмірінен көрініс қойып, көрерменнің көңілін қуантты. 2-кезең бойынша «Әженің алтын қоржыны» аталымында әжелер заманауи сұрақтарға жауап беріп, мақал-мәтел айтып, асыл сөздерге мән беріліп, батаға талдау жасалды. Одан кейін «Өнерлі өрге жүзеді» айдарында ақжаулықтылар өнерімен көзге түсуге тырысып бақты. Ақ әжелер ән салып, күй шертті. Түрлі образдарды сомдап, жырдан шашу шашты.

«Ата мұра – асыл қазына» айдарында аналар өз қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын ортаға салды. Бірі құрақ құрап, ою ойса, енді бірі тоқыма, әшекей бұйымдарын көрсетті. Соңғы кезең үй тапсырмасы бойынша «Қонақжайлылық – ата дәстүріміз» деп аталды. Мұнда қазақтың ұлттық тағамдары – құрт, ірімшік, май, жент, қазы-қарта, жал-жая да дастарқанға қойылды.

Сайыс соңында көрерменнің көзайымына айналған Айман Қараулова «Сүйкімді әже», мейірімін төккен Сенімгүл Жексенбаева «Мейірбан әже», сыры кетсе де, сыны кетпеген Күлжәмила Жолдасова «Кербез сәнді әже», отбасының берекесі Нұрзада Махамбетова «Қазына әже», үйренуден жалықпаған, үйретуден аянбаған Айгүл Қабиева «Парасатты әже», бесік жырын төгілткен Гүлнар Есенғалиева «Өнерлі әже», алтын оймақты Айнаш Тасмағамбетова «Шебер әже» атанды.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған