Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңірде өрт өршіп тұр

0 270

Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай таралу аумағына және келтірген нұқсанның көлеміне қарай объектілік, жергілікті, өңірлік және жаһандық болып бөлінеді.

Климаттың өзгеруі қуаңшылық пен құрғақшылық әкеледі. Ал ол – орман өртінің себепкері. Өрт болса, ауаға көмірқышқыл газын көп таратып, жағдайды одан сайын асқындырады және адам өміріне, ел экономикасына ауыр шығын келтіреді.
Өкінішке орай, өңірде өрт оқиғасы жылдан-жылға өсіп келеді. Айталық, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың саны 490-ды құраса, оның ішінде 443-і тұрмыстық және өндірістік өрттер. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда техногендік тілсіз жаудың саны 20,3 пайызға көбейіп, 10 адам зардап шегіп, 4 адам қаза болды. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша облыс аумағында 66 шөпхананың өртену оқиғасы тіркелген болатын. Бұл өткен жылға қарағанда 65 пайызға өскендігін көрсетіп тұр. Соның салдарынан 671 тонна шөп ақ жалынға оранып кеткен. Өрттен келген шығын 5 миллион 465 мың теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 10 есеге өскен.
Өрттің негізгі себебі электр жабдықта-рын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерінің бұзылуы, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы, балалардың отпен ойнауы салдарынан туындап отыр.
Осы орайда сандарды сөйлетсек, биыл абайсызда 3 апат орын алса, қауіпсіздік ережесін сақтамау салдарынан 47 келеңсіз жағдай тіркелген. Сондай-ақ 4-і қасақана, 5-і электр сымының қысқа тұйықталуынан, 6-ы өрт балалардың отпен ойнауы салдарынан шыққан. Жалпы өрттерге жол берген кінәлі тұлғалар анықталып, оларға қатысты 53 өрт оқиғасы әкімшілік іс қозғалып, оның ішінде 36 ескерту берілсе, 17-сіне айыппұл салынды. Өткен жылы далалық алқаптарда өрттен ешқандай шығын тіркелмесе, биылғы жылы 2 дала өртінен, экономикалық шығын 2 миллион теңгені құрады. Мәселен, жаздың алғашқы айында Байзақ ауданы, Ақжар ауылында 60 тонна жоңышқа өртенсе, Мойынқұм ауданы «Қосқұдық орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің аумағында 10 гектар алаңда сексеуіл өрті орын алды. Сондай-ақ Меркі ауданы, Тәтті ауылынан 70 шақырым жерде, «Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің маңында құрғақ шөп от құшағына оранды.
Балалардың отпен ойнауынан туындайтын өрттер де аз болмай тұр. Әрине, балалардың барлығы дерлік отқа қызығушылық танытады, оның ықтимал қауіптілігін толық түсінбейді. Әсіресе үйде жалғыз қалған олардың сіріңке қорабымен ойнауға батылы жетпейтініне, қағазға от қойғысы келмейтініне, әр пәтерде жеткілікті тұрмыстық техниканың жұмысына қызығушылық танытпайтынына еш сенім жоқ. Ал мұның соңы қайғылы жағдайға әкеліп соқтыруы мүмкін.
Өткен жылы облыс шеңберінде балалар өлімі тіркелмей, сәйкес кезеңімен салыстырғанда қаза тапқан балалардың саны 4 жағдайға азайды. Жалпы облыста 477 өрт оқиғасы орын алса, оның 24-і балалардың абайсызда отпен ойнауынан туындады.
Ресми мәлімет бойынша, үстіміздегі жылдың тамыз айында облыс аумағында табиғи және техногендік сипаттағы 515 төтенше жағдай мен оқиға тіркеліп, салдарынан 10 482 адам зардап шекті. Өкінішке орай, 11 адам қаза болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, материалдық шығын 82,71 миллион теңгені құрап, өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 325,9 пайызға көбейген.
Тұрмыстық және өндірістік өрттер де өршіп тұр. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өрт саны 15,3 пайызға көбейіп, зардап шеккендердің саны 1,9 есеге азайды. Қуанарлығы, қаза болғандар саны 3,5 есеге төмендесе, материалдық шығын 4,1 есеге артты.
Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар алдыңғы жылға қарағанда 38,8 пайызға көбейген. Салдарынан 10 472 адам зардап шекті. Үстіміздегі жылдың 8 айында тағаммен улану бойынша 4 оқиға тіркелді. Сондай-ақ қатты желдің салдарынан электр сымдарының үзілуінен, түрлі нысандардың шатырының ұшуы себебінен және қатты жауын-шашыннан ойламаған қайғылы жайттар орын алып жатады. Мәселен, Қордай ауданы, үлкен Сұлутөр ауылы қатты жауын-шашын салдарынан Ырғайты өзенінің арнасында көлбеу ағын қалыптасты. Нәтижесінде жол төсемін шайып, ауылға апаратын жол арқылы су тасқыны болып, 17 аула аумағы, 5 тұрғын үй су астында қалып, 12 шаруашылық құрылысы зақымданды. 71 бас мал қырылып, халыққа ауыр шығын әкелген болатын.
«Су – тілсіз жау» дейді халқымыз. Жаз мезгілінде ағын судың құрбандары да аз болмады. Соның бірі – Талас ауданы «Жартас» су қоймасындағы дұрыс емес жерден өтіп, абайсызда суға құлап, батып кеткен 1992 жылы туған азаматтың денесі табылған. Сол сияқты Шудың бойынан жергілікті тұрғындар бір адамның денесін судан тауып шыққан. Мұндай қайғылы жағдай Жамбыл, Мойынқұм аудандарында да кездесті.
Қайғылы жағдайды болдырмау үшін төтенше жағдай қызметкерлері құтқару операцияларын жиі жүргізіп тұрады. Аталған департаменттің аумақтық бөлімшелері авариялық-құтқару жұмыстарына 2702 рет шығып, 389 адамды құтқарса, төтенше жағдайлар зонасынан 587 адам қауіпсіз орынға көшірілген. Жедел құтқару жасағы 685 шығу жасап, 134 адамды құтқарып, 32 адам қауіпсіз орынға көшірілді. Өкінішке орай, судан 10 адамның денесі табылды.
Облыстың барлық аудандарында және Тараз қаласында өрт санының көбейгені байқалады. Мұндай жайттардың негізгі объектілері – әдеттегідей тұрғын үй секторы. Бұл барлық өрттердің 64 пайызын құраса, оның 19 пайызы автокөлік құралдарына тиесілі. Әсіресе Тараз қаласы, Сарысу, Талас, Жамбыл, Қордай, Т.Рысқұлов, Меркі және Шу аудандарында өрт жиі қайталануда. Биыл өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі дабыл бойынша 478 тілсіз жауды ауыздықтауға атсалысқан. Жалпы өрт ретінде есепке алынбайтын жану оқиғалары 1286 болса, дәлелденбеген жану оқиғалар саны – 53. Ал қызыл жалыннан 255 адам құтқарылса, қауіпсіз жерге 555 тұрғын көшірілген.

Ералы АҚЫЛБЕКОВ, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық
қорғау полковнигі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.