Қалалық қоғамдық-саяси газет

Инклюзивті кабинеттің көмегі мол

0 528

«Болашақ» корпоративтік қорының «Әрбір бала мектепке лайық» жобасы аутизм және дамудың басқа да ерекшеліктері бар балаларға білім берудің инклюзивті моделін әзірлеуге және Қазақстанның мектеп және мектепке дейінгі ұйымдарына енгізуге бағытталған.

Жобамен бүгінде еліміздің 34 мектебі қамтылған. Соның аясында ерекше қажеттілікке мұқтаж балалары бар 1 200-ден астам отбасына кеңес беріліп, 1 250-ден астам маман инклюзивті білім беру және мінез-құлықты қолданбалы талдау бойынша оқудан өтіп, 420 жұмыс орны құрылды.
Мұндай кабинеттердің арқасында бүгінде бірнеше баланың өз құрдастарымен бірге жалпы мектепте оқуға мүмкіндіктері бар. Бұрын бұл балалар үйде оқыған және логопедтердің, дефектологтардың және психологтардың тұрақты қолдауына ие бола алмаған еді.
Жоба қазір Қазақстанның 8 өңірінде жүзеге асырылуда. Әр мектеп сертификатталған мамандардың жылдық курациясымен қамтамасыз етілген.
Инклюзияны қолдау кабинеті Тараз қаласының А.Гайдар атындағы №35 орта мектебінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қамқорлық» қорының бастамасымен ашылды.
Инклюзияны қолдау кабинетінің мақсаты – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамытудың тиімді моделін құру, сондай-ақ ата-аналар мен мұғалімдерге оқыту мен тәрбиелеу әдістерін таңдауда көмектесу.
Кабинетке психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру мекемесінің қорытындысы бойынша ПДТ және аутизм диагноздарымен 19 оқушы тіркелген. Қазіргі уақытта кабинетте 18 маман жұмыс істеуде. Соның ішінде 15 педагог-ассистент әр балаға бекітілген жеке бағдарлама бойынша сабақ жүргізсе, логопед және дефектолог мамандары баланың сөйлеу тіліндегі ақаулармен және баланың танымдық қабілеттерін дамытумен жұмыс атқаруда. Ал психолог әр баланың жеке ерекшелігін ескере отыра психологиялық ықпал етеді. Балалардың жалпы сыныпта сабақтары аяқталған соң, осында келіп мамандармен арнайы бағдарлама бойынша жұмыс жүргізеді.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Тараз қаласындағы «Жаса, Жастар!» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы және Тараз қалалық мәслихатының депутаты Арман Бейсенбаевтың басшылығымен ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы 2 кабинет ашылып, қызмет көрсетуде.

Қымбат Шәріп,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Конвергенттік журналистика» мамандығының 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.