Қалалық қоғамдық-саяси газет

Індет бізден жеңілмек

0 203

Індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халатты жандарға облысқа белгілі кәсіпкер, «Гауһартас» мейрамханасының иесі, өзінің ізгі бастамаларымен көпке үлгі болып жүрген Меруерт Лештаева ыстық тамақ әзірлеп таратқанын жарыса жазып, көпшілікті игі істі жалғастыруға шақырған болатынбыз.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Журналист Мөлдір Анарбаеваның идеясымен жүзеге асқан қайырымды іс көптің көңіліне ізгілік нұрын ұялатып, жақсылық жасаудың ерте-кеші болмайтынын ұқтырып, бүгінде көмек қолын созуға асығып жатқандардың саны күн санап көбейіп жатыр.
11 маусымда басталған қайырымдылық шарасына бұл жолы Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығы атсалысып отыр. Қауымдастық мүшелері арнайы үш қой сатып алдырып, «Гауһартас» мейрамханасының иесі Меруерт Лештаева өзі уәде еткендей аспаздарын жұмылдырып, аяқтарынан тік тұрып ас әзірлеп, күн сайын үш ауруханаға түскі астарын жеткізіп беріп отыр.
– Бүгінгідей пандемия уақытында кім-кімнің де болсын дәрігерлерге деген қолдауы аса маңызды. Біздің ешқандай байлықпен өлшенбейтін ғұмырымыз өз кәсіптеріне адал осы жандардың қолында. Қазір барлығымыздың ең болмағанда бір танысымыз ауруханада дертпен күресіп жатыр. Дәрігерлерді біз қолдамасақ, кім қолдайды? Мен өз тарапымнан ас үй мен аспаздарымды жұмылдырып жатырмын. Бұл жолы түскі ас әзірлеп, дәрігерлерге қуырдақ, науқастарға сорпа дайындадық. Сонымен бірге сүт пен айран қосып жіберіп жатырмыз. Осы жолы мал сатып алып, қайырымды істі жалғауға әрдайым оң бастамаларымен жақсы істің жанынан табылып жүрген өңірдің іскер әйелдері ниет білдірді. Оларға алғыстан артық айтарымыз жоқ. «Көптің тілегі – көл» деген осы. Осы игі бастаманы еліміздің Атырау сынды облыстары іліп әкетіп, жалғап жатқаны да өз алдына бөлек мәртебе, – дейді кәсіпкер.
Расында, игі іске өз үлесін қосамын деушілердің саны күн сайын артып келеді. Осы идеяны ең бірінші болып жүзеге асыруға ұсыныс жасаған журналист Мөлдір Анарбаева «көмек қолын созайын» деп келіп жатқан қарапайым жандардың көп екенін айтып, тек жақсылықтан үміт күтуге шақырды.
– Біз қазір қатты таңғалып жүрміз. Карантин нормаларын бұзбау үшін үйінде құран оқытудан бас тартқан, малын осы мейрамханаға әкеліп беріп жатқан қайырымды жандардан бөлек, жай ғана «қалай көмектесуіме болады, ең болмаса картоп тазартып берейін» деп келіп жатқан кең жүректі жандар арамызда көп екен. Бұл күшімізбен күн сайын сапалы тамақ ішіп, ағзамызды нығайтып, күні ертең-ақ дертпен айқаста жеңіп шығамыз, – дейді Мөлдір Анарбаева.
Халықтың қамқорлығын сезініп жатқан дәрігерлер де түскі асты жеткізушілерден ыстық сәлемдерін айтып, ел болып, дүйім жұрт болып жасап жатқан бұл істен мол қуат алып жатқандарын айтып, ризашылықтарын білдірді. Жомарт жандардың легі көмек беруді тоқтатпаса, бұл қамқорлық көрсету шарасы өзінің заңды жалғасын таба бермек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.