Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қимыл-қозғалыста жүрген жанға дерт жуымайды

0 229

Адам жанына шипа, дертіне қуат беріп, тән мен жан саулығын сақтау жолында аянбай еңбек еткен Құдайдан кейінгі құдірет дәрігер екені белгілі. Пенде біткенді ажалдан арашалауды мақсат тұтып, дерттіге дауа іздеп, медицина саласында тер төгіп жүргендердің бірі Алматы мемлекеттік медицина институтының түлегі, дәрігер, балалар хирургі Бердалиев Мұрат Әзімханұлы. Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қошқарата ауылында дүниеге келген дәрігер бүгінде «№5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының» директоры қызметін атқарады. Мұрат Әзімханұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

– Мұрат аға, еңбек жолыңыз туралы айта кетіңізші?

– 1989-2005 жылдар аралығында Жамбыл облыстық балалар ауруханасында, жоғарғы дәрежелі балалар хирургі болып қызмет еттім. 2005-2011 жылдар аралығында Еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы болдым. 2011-2012 жылдары Денсаулық сақтау басқармасы, әкімшілік бөлімінің басшысы, 2012-2014 Қызылтаң ауылында «Жүйке аурулар интернат үйінің» директоры, ал 2014 жылдан бері №1 қалалық «Жүйке аурулар интернат үйінің» директорымын. Бүгінде бұл мекеме «№5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» деп аталады.

– Басылымдарға аз-кем мақала жолдап, жазуға икеміңіздің бар екенін білеміз. Тіпті бала күніңізде тілші болуды армандағаныңызды да естіп қалған жайымыз бар. Алғашқы сұрақты осы төңіректе өрбітсек. Бала Мұрат қандай еді? Қалам ұстап, басылымдарға хат жазып өскен баланың, есейе келе дәрігер болуына не себеп болды? Бала Мұрат қандай еді?

– Ауылда мектепті үздік оқ – Ауылда мектепті үздік оқыдым. Әкем колхоз бастық. Анам педагог. Бірақ тоғыз баланы дүниеге әкеліп, бала тәрбиесімен үйде отырған. Балалардың бәрін білімді, сауатты етіп тәрбиеледі. Бауырларымның бәрі мектепті жақсы оқыған. Менің туған ағам Қасым Әзімхан жорналшы, жазушы. Сол ағама еліктеп, тілші болуға бала кезден дағдыланып, газеттерге мақала да жаздым. Алғашқы тырнақалды туындыларым соғыс ардагерлері туралы «Жаңа өмір» гаетіне жарияланды. Әдебиетке біртабан жақындығымнан тілші болуға құмарлық қана емес, талабым да бар еді. Біздің ауылдағы мектеп бастауыш болғандықтан, жоғары сыныпты қаладағы №12 мектепте оқыдым. Тараздағы Анархан ағам жүрек дәрігері. Енді ойланып қарасам, сол дәрігер ағамнан құрметті, қадірлі адам жоқ сияқты. Алақаны дертке дауа, сөзі жанға шипа көрінді. Адам емдеп, оның саулығын ойлау деген бір керемет жұмыс деп ұқтым. Жүрген жерінде жұрт алғыс айтып, құрмет тұтып, сыйлайды. Сол сәт лезде ойымды өзгертіп, дәрігер боламын деп шештім. Ауылда да үздік оқушы болғанмын, қалада да осал еместігімді көрсетіп, сабақты алып кеттім. Сөйтіп, бала күнімнен тілші болуды арман етсем, әп-сәтте дәрігер болуға ниет етіп, сол ниетіме жеттім. Алғашқы жылы оқуға түсе алмай қалдым. Сөйтіп ауылға келіп мал бақтым. Кейін қайта тапсырып, жолым болып, дайындық курсына оқуға түсіп, 9 ай оқыдым. Бір орынға бес бала тапсырып, соның біреуі ғана қабылданады. Бір қызығы дәрігер болуды арман еткендердің арасында 10 жыл қатарынан емтихан тапсырып, құлап, жылдар бойы қайта тапсырып жүргендерді көрдім. Сөйтіп, дәрігер болуға деген тілек, асқақ арман алға жетелеп ақ халатты абзал деген атқа ие болдық.

– Сіз әдебиетті сүйдіңіз. Рухани бай, яғни шығармашылыққа жақын бала болып өстіңіз. Тек жоғары сыныпта ойыңызды өзгерттіңіз. Дәрігер оңай мамандық емес. Көптеген қиындықтан өтуге тура келді. Оның үстіне сіз балалар хирургысыз. Бұл мамандық қаталдықты талап етеді ғой. Науқас сәбилерді, дертіне шипа жоқ бөбектерді, ажал құшқандарды көру алғашында қиын болған жоқ па?

– Иә, бұл басында өте ауыр жағдай екенін оқу барысында ұқтым. Бала өлімін көріп күйзеліп ақ кетесің. Алғашында тіпті ұйықтай алмай жүрдік. Жүздеген бала осы қиындыққа шыдай алмай, бірінші курстан ақ оқуды тастап кетті. Бірі үлгере алмай кетсе, бірі қиындыққа шыдай алмай кетеді. Мен бірақ өзім осы мамандықты қалап келген соң, бар қиындықты жеңуге бел будым. Басында қиын болғанымен, уақыт бәрін реттеді.

– Алғашқы ота жасаған сәтіңіз есіңізде болар?

– Әрине, оны қалай ұмытасың. Дәрігерлердің соңынан қалмай, бар өз ісімді ынта-ықыласыммен үйренуге тырыстым. Ең алғашқы отаны соқыр ішекке жасағаным есімде. Оқытушым, балалар хирургиясының хас шебері Салпагаров Эльбрус болғанын мақтан тұтамын.

– Бала үлкен адам сияқты нақты қай жері, қалай, неден ауырып тұрғанын түсіндіріп айта алмауы да мүмкін. Сондай сәттері тек дәрігердің сауаттылығы алып шығады. Сіздің есіңізден кетпейтін қандай да бір ерекше жағдай болды ма?

– Иә, бірде 3 жасар баланы алып келді. Ауырып тұрды. «Соқыр ішек» деп ойладық. Ішін ұстасаң бебеу қағады. Ота жасау барысында, ішін тілгенде қан кетіп жатқанын көрдім. Ашсам, бауыры жыртылып кеткен. Бала соққы алғанға ұқсайды. Кейін он күннен кейін анасы шындықты біліпті. Бауыры жарылып, отаға түскен 3 жасар баланы, 6 жасар ағасы ойнап жүріп көкірегінен тепкен екен. Баланың сыртынан ештеңе білінбейді. Ал қан іштен кетіп жатыр. Егер бір тәулік өткенде баладан айырылып қалар еді. Қазір ол бала аман-есен шапқылап жүр. Дәрігер үшін науқастың айыққанын көру де бір бақыт емес пе? Бұл мамандыққа деген сүйіспеншілігімнің бір сыры осыда жатыр.

– Дәрігер ретінде сізді не қынжылтады?

– Дәрігердің беделі түсіп кетті. Дәрігерді ұрып кетіпті, «анау екен, мынау екен» деп сыртынан көп әңгіме айтылады. Алайда, қиын күн туғанда әжетке жарайтын, адамды ажалдан арашалап қалу үшін, өз басын қатерге тіге тұрып, барын салатын осы дәрігерлер емес пе? Әсіресе, дәрігердің қадірі пандемия кезінде білінді. Құдайға шүкір, қазір әжептеуір бедел жиналған секілді. Енді соны еселеп арттыру керек. Ол үшін жаман әдеттен жат болып, кішіпейілділікті, еңбекқорлықты арттыру қажет. Ақ халатты абзал жандардың барша адамзаттың саулығы үшін құрақ ұшатыны анық. Кез келген дәрігер өз еңбек жолында қандай да болсын марапатқа лайық деп ойлаймын.

– Праймериз – саяси додаға қатысып жатқаныңызды білеміз. Мойныңызға жүктелген үлкен аманат-міндетке сенім артушылар аз емес.

– Мен өз бағдарламамда медицина саласы бойынша, пандемияның екінші кезеңіне дайындықты уақытылы ұйымдастыруға атсалыспақшымын. Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттырып, себеп-салдарын насихаттауға кірісемін. Дәрі-дәрмекке қолжетімділікті арттырамын. Дәрігердің беделі, жағдайы барлығы халықтың денсаулығының нығаюына, жақсаруына алып келеді. Дәрігердің беделін көтеруді қолдаймын. Әлеуметтік сала бойынша халықтың әл-ауқатын арттыруға атсалысамын. Міне менің ең басты орындауға тиіс міндеттерім осылар болмақ. Негізі дәрігерлерді соғысқа жібермейді. Бірақ Мәншүк Мәметова медициналық институттың 1 курсында соғысқа барса, Николай Иванилов 2 курстан өз еркімен соғысқа сұранып кеткен. Мысалы, әлемге қауіп төндірген короновирус дерті кезінде қаншама ақ халатты абзал жандар көз жұмды. Олар бәрін біле тұра, қатерге бас тікті. «Бейбіт күннің батырлары» деген атқа лайық. «Жұмыс істемеймін» деп дәрігерліктен бас тартып, кетуге де болады. Бірақ ондай жағдай жоқтың қасы. Сондықтан дәрігерлерге «Бейбіт күннің батырлары» деген ескерткіш орнатуды ұйымдастыруды ойлап жүрген жайым бар. Көмекшілер де, демеушілер де табылған сияқты. Осы бағдарламаларды бетке ұстап,Тараз қаласы бойынша рейтингте, алғашқы бестікке іліндім. Кездейсоқтық деп айта алмаймын. Дәрігердің беделі өз нәтижесін берді-ау. Оның үстіне көбірек кездесулер ұйымдастырылды, фейсбуктағы жеке парақшама көбірек жазылды. Жақында пандемия кезінде қайтыс болған медицина қызметкерлерінің туыстарына Ұлттық медицина ассоцияциясынан «Алтын дәрігер», «Мейірім» төс белгілері беріледі. Осы ұйымның облыстық бөлімін басқарамын, ол да өз кезегінде медицина қызметкерлерінің көбірек дауыс беруіне септігін тигізді. Еңбектерімнін нәтижесінде, «Денсаулық сақтау саласының үздігі» , «Әлеуметтік сала қызметінің үздігі», «Алтын дәрігер» деген атақтарым бар.

– «№5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының» басшысысыз. Бұл емдеу орталығы жүйке жүйесінде ауытқушылығы бар адамдарға арналған. Мекеме, ондағы ем алушылар туралы айта кетсеңіз?

– Бүгінгі таңда мекемеде 630 адам жатыр. Дәрігер ретінде «Жүйке жүйесі ауруының сау адамнан арақашықтығы жарты-ақ қадам» деп дәріс алғанбыз. Ал мұндай дертке біреу соққыдан ұшырайды. Депрессиядан да душар болады. Мәселен, біреуді ит қапқанда қорқыныштан жүйкесі сыр береді де, ауру болып қалады. Ал енді бірі керісінше, ит қапқанда қатты үрейленгеннен жазылып кеткен. Ондай да жағдай орын алған. Бұл аурудың жеңіл, орта және ауыр түрлері бар. Дәрінің күшімен, үзбей ішіп емделуге болады. Кейде біздің орталыққа келіп, ұл-қызын көрген шешелері, сап-сау баласын көріп, етегі жасқа толып, алып кетеді. Оның дәрінің арқасында ғана сау жүргенін ұқпайды. Ал үйіне барған соң дәріні құнттамай, қайта ауруын асқындырып алады.Адам басынан соққы алған жағдайда елеусіз жүре беруге болмайды. Ерте ме, кеш пе соның зардабын тарту мүмкін. Барлық ауруды дер кезінде емдеу қажет.

– Короновирустың екінші толқыны болады деп күтілуде. Сіз дәрігер ретінде қарапайым адамдарға осы індеттің алдын алу, сақтанудың қандай жолдарын айтып, кеңес берер едіңіз?

– Біз дем алғанда еш қиындық тумайды. Ауа жұтып жатқанымыз түк сезілмейді, жеңіл ғана тыныс аламыз. Бар болғаны сол. Ал бұл өте қауіпті. Адам үнемі қимыл-қозғалыста болуы керек. Жаттығу жасап, жүгіруі қажет. Өкпе қимыл-қозғалысқа түскен сайын ауқымы, тынысы кеңейеді. Ең құрығанда терезені ашып, таза ауада күніне, 2-3 мәрте жаттығу жасауды әдетке айналдыру керек. Жас күнінде қимылсыз отырған адам, 70 жасқа жеткенде мүлде қиналып қалады. Кемінде 15 минут жүгіріп тұру қажет. Бұл мәселеде ауылда тұрғандар бәрінен озады. Өйткені олар үнемі тірлік істеп, қимыл қозғалыста жүр. Ал қимыл-қозғалыста жүрген жанға дерт жуымайды. Жуыса да жеңілінен өтеді.

– Әңгімеңізге рахмет, Мұрат аға!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.