Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастардың жанашыр басылымы

0 247

Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп өткен ғасырдың басында өмір өлшемімен өшпес бағасын берді. Содан бергі уақыт бедерінде ақпарат айдынына сан мыңдаған газеттер мен басылымдар қосылып, билік пен бұқара арасында алтын көпірге айналды. Ал 2005 жылы 13 қазанда Жамбыл журналистикасы «Ар-Ай» атты жастар газетімен толықты. 15 жылдық белесті артта қалдырған газеттің тыныс-тіршілігін білу мақсатында газеттің бас редакторы Дәулет Төлендімен мереке қарсаңында сұқбаттасқан едік.

– Дәулет Төлендіұлы, мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! Әңгімені басылымның тарихынан бастасақ.

– 2003 жылы облыс әкімі Бөрібай Жексембиннің тұсында облысқа жастардың өз басылымы керек деген жан-жақтан ұсыныстар түсіпті. Әрине газет құрылған жылы басылымның мекемесі де журналистер қатарыда болмаған. Алғашқы редакторы белгілі жазушы, драматург Болат Бекжанов алғашқы жиналысты ашық аспан астында жасапты. «Арайдың» алғашқы санына облыс әкімі Бөрібай Жексембиннің құттықтауы салынып, солай жастар үнпарағы оқырманға жол тартты. Осылайша жастар газеті қыруар жұмыс пен маңдай термен дүниеге келген. О баста штат саны да аз болып, журналистер де көп болмаған. Дегенмен уақыт өте келе тиражын 3500-ден бастаған басылымның қанаты кеңге жайылып, жастардың үнін билікке жеткізетін, сан түрлі айдарларымен көптің көңілінен шыққан газет болды. Газет оқырманға жол тартқан алғашқы күнінен бастап оған белгілі жазушы, драматург Болат Бекжа нов басшылық етсе (2005-2011), одан кейін елге танымал қаламгер Оралхан Дәуіт (2011-2012), алғашқы тілшілік жұмысын осы басылымнан бастаған Гүлнұр Ембердиева (2012-2017),облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік (2017-2018) бас редактор болды. Өзім 2008 жылы осы басылымға жұмысқа келіп, оның тізгінін 10 жылдан кейін қолыма алыппын. Журналист ағалардың алдыңғы буыны «Шер ағаңның шепенінен шықтық» деп жатады, ал біздер «Болат Бекжановтың бешпентінен шықтық». Бұл да бір жалғасын тауып келе жатқан үрдіс.


– 15 жылды артқа тастаған газеттің шығармашылық ұжымына тоқталсақ. Жалпы кадр мәселесінде тапшылық болған кездер болды ма?

– Облыстық «Araı» газеті 15 жыл бойы қоғамдық сананы қалыптастыру, өскелең ұрпақты тәрбиелеу міндетін абыроймен атқарып, жаңалықтың жаршысы, билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір болып келеді.
Қас пен көздің арасында қарыштап дамып келе жатқан елдің, соның ішінде қазақ ұлысының шаңырағы мен туы тігілген Әулиеата өңіріндегі жас ұрпақтың жанашырына айналған газетіміздің бұл күнде бет-бейнесі ғана емес, мазмұны да байыды. Өңірде өзіндік айтары бар басылымға айналды. Жаңа арнаулы беттер мен арынды айдарлар ашылып, оқырманнан оң бағасын алуда. Бүгінгі таңда әр бөлім өз алдына жауапкершілікті сезініп, халыққа ақпар беруде алдына жан салмайды. Алғаш басылымның ашылған жылдары талай жас журналисті республикалық деңгейде танытып, үлкен өмірге түлетіп ұшырды. Олардың қатарында Өркен Кенжебек, Ерлан Жүніс, Азамат Есалы, Хамит Есаман, Нұрболат Әлдибеков сынды қазіргі таңда республикалық басылымдарда жүрген жастар бар. Бұл үрдіс бүгінде өз жалғасын тауып жатыр.Осы тұста бір айта кетерлігі біз 2005 жылы «Ар-Ай»-ды ашқанда республикада ондай жастар газеті болмаған. Қазір де мұндай басылымдар некен-саяқ. Бүгінде жастар үні өз биігінен табылып, ақпарат кеңістігінде өз орнын ойып тұрып алды. Кадр мәселесі қазақ газеттеріне қарағанда орыс тілді басылымдарда күрделі. Сондықтан журналистика мамандығына оқуға түсетін орыс тілді журналистерге көбірек грант беріп, өңірде қалуға жағдай жасайтын уақыт жеткен сияқты.

– Журналистер арасында қаламақы деген дүние бар. Сіздердің басылымда журналистерді қалай ынталандырасыздар?

– Газет құрылған жылдан бері басылым тілшілеріне қаламақы тағайындалмаған. Дегенмен өткен жылы біздер «Редактордың сыйақысын» тағайындадық. 3 ай сайын тілшілер арасында мониторинг жасап, журналистің жазған мақаласына, мазмұнына сай қаламақы тағайындап отырдық. Оны «Шерхан Мұртаза атындағы сыйлық» деп айдар қойып шартты түрде бердік. Мәселен, сол жүлденің бірін алған Нұрым Сырғабаев 3 айда 50-ге жуық мақала жазыпты. Оны әр санға бөлсеңіз кемінде әр газетте 4-6 мақаладан жазылған. Бұл да үлкен көрсеткіш. Содан ұжымның ішінде бәсекелестік те пайда болды. Әрбір журналист сүйекті мақала мен тарихи-танымды дүниелерді зерттеп, саралап жазды. Кез келген жұмыста ынталандыру болмаса жұмысқа деген құлшыныстың төмендейтіндігі белгілі. Ал журналисттер ешбір категорияға жатпағандықтан, үй алу, кезекке тұру, сынды әлеуметтік мәселелер қордаланып жатыр. Сондықтан қаламақы, сыйақы ол әрбір басылымда болуы керек деп ойлаймын.

– Биыл «ARAI» газеті «Aulieata-Media» холдингіне, бір шаңырақ астына бірікті. Газеттің ендігі болашағынан не күтеміз?

– Бұл енді заман талабына қарай туындаған шешім. Холдинг құру, басылымдарды оңтайландыру әу баста республиканың батыс өңірінен басталды. Бір кездері Ақтөбе облысын басқарған Аслан Мусин холдинг құрып, оны кейін Атырау облысына әкелді. Енді міне осы оңтайландыру Жамбыл жеріне де жетіп отыр. Қазір көптеген адамдар болашақта интернет басылымдар газет-журналдардың орнын алмастыратындығын айтып жүр. Алайда АҚШ сынды алып мемлекеттерге қарасаң, онда осы күнге дейін газеттер жарық көріп жатыр. Сондықтан газет жоғалып кетеді дегеннен қорықпау керек. Тек оны заман ағымына қарай жаңартып отыру қажет. Қай заманда болмасын бізге мемлекеттік саясатты жүргізетін газет-журнал қажет. Ондай басылымдар өзге мемлекеттерде де бар. Десе де бұл ақпараттың сан алуандығы жоғалады деген сөз емес. Әр газет өз бағытында жұмысын жалғастыра береді. Холдингке бірігудің бір ұтымды тұсы – редактор тек шығармашылыққа ден қояды екен. Бұрын барлық есеп-қисап, келетін тексеріс барлығы сенің мойныңда болса, қазір ұжыммен қоян-қолтық жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Әр бөлімдегі журналист өз жұмысын қандай деңгейде жасап жатыр, кім қандай тақырыпқа қалам тербеп жүр, тілшілердің газеттен бөлек шығармашылығы не болып жатқандығынан да хабардар болып отырғаныма қуанамын. Білесіздер, газет аптасына бір рет шыққандықтан ақпарат ескіріп қалады. Сондықтан холдингтің «Жамбыл инфо» деген сайты ашылды. Журналистер өз ақпараттарын сол жерден де жариялап тұрады.

– Алдағы жоспарлар қандай?

– Елімізде болып жатқан пандемияның салдарынан біраз саланың кенжелеп қалғаны жасырын емес. Соның ішінде басылымдардың тиражы. Мен келгелі газет тиражы 11 мың 500-ге дейін жеткен күндер болды. Бұл жастар үнпарағы үшін үлкен көрсеткіш. Ал бүгінде жазылым мәселесі ақсап тұр. Оның да өз себебі бар. Жоспар, әрине, ең алдымен, оқырманның көңілінен шығатын сүйекті мақалалар беру. Бүгінде біздер айдарларды жаңартып, алдағы уақытта аудандағы ауылдардың жастары немен айналысып жатыр, олардың жай-күйі қандай? деген тақырыпты кеңінен көтерсек дейміз. Карантин кезінде журналистер де өзге сала мамандары секілді аурудың асқынған тұсында халыққа ақпар тарату үшін алдыңғы шепке шықты. Сол аралықта «Арайдың онлайн емханасы» деген айдармен түрлі дәрігерлерден тұрғындарға арналған кеңес беріліп отырды. Сол тұста хабарласқан тұрғын да көп болды. Олар өздерін толғандырған сауалға дер кезінде жауап тапты. Әрине алдағы уақытта газеттің сайтын қайта жандандырып, әлеуметтік желідегі парақшаларын іске қосу жоспарда бар. Ол бойынша жұмыстар да атқарылып жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет. Жастар үнпарағының ғұмыры ұзақ болсын!

Сұқбаттасқан Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.