Қалалық қоғамдық-саяси газет

Иісі жұпар аңқыған

0 646

Жұпар иістің қасиеті сол, ешкімді бейжай қалдырмайды. Бір ғана хош иіс мың сезімге бөлейді. Тербейді, тербетеді, еркелетіп, елжірете де алады. Ал әтір атаулы бүкіл әлемді бір құтыға сыйдырып, бүкіл адамзаттың сезімін жинап тұрғандай әсер етуге құдіреті жетеді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Хош иісті жұпар иіс қашанда әлдебір сезімді еске түсіріп, кей-кейде әлдеқашан өткен күндерден қол бұлғайтындай. Иә, бір жұпар жанның самалындай ойнақы ғана желпіп өтсе, енді бірі тереңге батырып жіберердей тұңғиыққа тартады. Енді бірі таң шуағындай мөп-мөлдір балалық шаққа жетелесе, енді бір хош иіс алғашқы махаббатыңды еске түсіреді.

«Chanel №5» әтірі туралы білесіз бе?
Сұлулықтың символы, америкалық кино жұлдызы Мэрилин Монроға бір журналист: «Сіз не кигенді ұнатасыз?» – деген сұрақ қойыпты. Сонда Монро тосылмастан: «Chanel №5» әтірінің бірнеше тамшысын ғана», – деп жауап берген екен. Иә, атақты сән ханшайымы Коко Шанельдің туындысы қашанда асқақ мінез бен биік талғам символы болып қала бермек.

Ол ерекше ойлап қана қоймай, сол ойын жүзеге асыру барысында жетістіктерге жеткен. Ол ойлап тапқан ерекше сәнді қалпақтар, сөмкелер, қара көйлектер бірден сұлулардың сүйікті сән үлгісіне айналып шыға келгені жасырын емес. Ал Коко Шанельдің тапсырысы бойынша жасалған әтірдің хош иісінің ғажаптығына тіпті әңгіме жоқ! Сан жылдар жылжып жатса да, өз талғамынан жаңылмай, тек Коконың әтірін ғана себетін ханшайымдар қаншама! Талғампаз сән символы Коко Шанельдің тапсырысымен белгілі парфюмер Эрнест Бо арнайы 10 композиция жасап шығарған.

Коко нағыз әйел иісінің үлгісі болардай әтір таңдау жолында 10 үлгінің ішінен бесіншісін таңдаған болатын. Шанель әтірді төртбұрышты құтыға құйғызып, қарапайым декормен көркемдейді. Осылайша Коко бұл жолы парфюмерия шыңын бағындырды. Ал сол заманның экран жұлдызы Мэрилин Монроның айтқан сөзі әтірдің жарнамалық ұранына айналған.

Шанельге он хош иістің ішінен қатты ұнаған бесінші нұсқасы болатын. «Chanel №5» хош иісі тегіннен осылай аталмаған. Себебі ол «5» санын «ең сүйікті саным» деп есептеген. Оның өміріндегі көптеген жетістіктер осы «5» санымен байланысты екен.

Адамның талғамы мен темпераментін, мінез-құлқын бірден көрсете алатын ерекше дүние – әтір. Танысыңыздың таңдап, қолданған әтірінің иісі арқылы оның талғамының деңгейін де ұғынуға болады. Осы орайда иіс түйсіктеріне тоқтала кетсек.

Иіс түйсіктерінің дамуы
Адамның тұрмыс-салтына, қызмет бабына қарай да иіс сезіну процесі ерекше дамып отырады екен. Мысалы, Африкадағы бушмен тайпалары арыстанның, жирафтың, зебраның ізін иіскеп жүріп-ақ оңай тауып алады. Олар иісті ең жақсы аңшы иттерден артық біледі. Үндістанда жыланның жатқан жерін иісінен біліп табатын адамдар бар.

Иісті жақсы сезу зағип, мылқау, саңырау адамдарда ерекше жетілген. Мәселен, олар бөтен адамдарды, түрлі нәрселерді алыстан-ақ иісінен таниды. Үйге кірген адамды да, таныс көшесін де, тұрған үйін де олар иісіне қарап оп-оңай айыра алады.

Иістің табиғатын зерттейтін ғылым ольфактроника деп аталады. Иіс түйсіктері адамның көңіл-күйіне, жалпы психикасына жағымды не жағымсыз әсер қалдыруы мүмкін. Мәселен, жұпар иісті гүл адамның көңілін сергітсе, шылымның түтіні басты ауыртады. Парфюмериялық заттардың сапасын арттырып отыру адам психикасына қолайлы әсер етудің бір факторы екендігі даусыз.

Мектеп оқушыларының иіс түйсіктерін тәрбиелеу – мұғалімдердің төл істерінің бірі. Мұғалім сабақ үстінде де, сабақтан тыс кездерде де баланың айналасындағы заттарды жан-жақты танып білуде, мәселен, ауаның тазалығын дұрыс талғай білуге, орманның, гүлденген бақтың, шабындықтың хош иістерін, қарағай, шырша ағаштары, шайырының жұпар иісін, теңіз жағалауындағы ауаның тұзды-сортаң иісін сезетіндей мүмкіндік туғызуы қажет. Оқушылар бұлардың қайсысы пайдалы, қайсысы зиян екенін (мәселен, бұзылған тамақ, иіс тигізетін газ, түтін, т.б.) айыра білетін болуы шарт.

Әйел де бір әтір іспетті ерекше жаратылыс қой. Әр әтірдің әртүрлі иіс беретіні іспетті, әр әйелдің болмыс-бітімі, мінез-құлқы да әртүрлі. Бір қызығы, әтірдің иістері санада мәңгілік сақталып қалады. Мәселен, бір одеколон сүйіктіңді есіңе түсірсе, енді бір жұпар көктемнің келгенінен хабар бергендей. Ал келесісі қақаған қыстың суықтығын көз алдыңа алып келсе, енді бірі қоңыр күздің жеткенін ескерткендей жаныңды сағынышқа бөлеп ала қояды.

Әтір қалай жасалады?
Нақты деректерге сүйенсек, әтір шығару үшін 300-ден астам табиғи немесе жасанды заттардан алынатын хош иісті күрделі эфир және жоғары сапалы этил спирті қолданылады екен. Өсімдік гүлдерінен (раушан), түрлі ағаштардың дәндері мен жапырақтарынан (күнзеден, анистен, сандалдан, т.б.) алынатын эфир майы хош иісті заттар мен тұнба ретінде, ал жануарлардан, мыс, кашалоттың майынан алынған балауыз (амбра), жылан, қолтырауын, кәмшат, тышқанның тері безінен алынған мускус тек тұнба ретінде ғана пайдаланылады.

Әтірдің бір ғана түрін жасауға 15-тен 60-қа дейін хош иісті зат керек. Әтірге белгілі бір түс беру үшін арнаулы бояу қосылады. Әтір құндылығы мен сортына байланысты бірнеше сағаттан 1 жылға дейін жабық ыдыста сақталып, бабына жеткізіледі. Дайын әтір вакуум-машина арқылы арнаулы құтыға құйылып, тығындалады. Сапалы әтірдің хош иісі мақта-матадан жасалған бұйымда 30 сағатқа дейін сақталады. Құтыдағы әтірдің сақталу мерзімі 1-1,5 жылға жетеді.

Әтіріңіз өзіңізге ұқсайды!
Негізі иіссуды өз жасына қарай таңдаған ләзім. Мамандардың айтуынша, қыздар гүлдің иісі шығатын нәзік, жеңіл иіс таңдағаны жөн. Ал өткір, шығыстық иіс әйел адамдарға арналған. Иіссуды флаконынан не арнайы құралдарға сеуіп иіскегеннен кейін өз денесіне сеуіп көру қажет. 10 минут уақыт өткеннен кейін ғана себу шарт. Мұның да өз себебі бар. Қызығы, әр иіссу әр адамда түрлі иіс шығаруы мүмкін.

Біле жүріңіз!
Иіссу таңдауға барар кезде не ішіп-жеп, не тағатыныңызға да мән беріңіз. Металл жүзік, білезік тақпағаныңыз жөн. Иіссу сататын дүкенге барарда дәмді, ащы тамақ жемеңіз. Таңертеңгі мезгілде иіс сезу қабілеті жақсырақ болатынын да ескеріңіз.

Романтикалық кешке барарда эфир майынан жасалған жұпар су таңдауға болады, ал көпшілік орынға барарда қанық иісті иіссу себіңіз, ол сізді өзгелерден ерекшелей түседі. Иіссуды ылғалды жерде де, жоғары температурада да, күн көзінде де сақтауға болмайды. Иіссу аларда алдымен сынама нұсқасын алыңыз, бірнеше ай бойы сепкенде әлі де ұнайтынына сенімді болсаңыз ғана сатып алуға болады.

Иіссуды қалай себуіңіз де маңызды. 30 сантиметр арақашықтыққа сеуіп, жаңбыр астына кіргендей иіссуға бүркеніңіз. Сонымен бірге шашқа, құлақ артына, білекке себуге болады. Киім шкафыңызға сеуіп қойсаңыз, барлық киім хош иістеніп тұрады. Өзге косметикалық құралдардың иісі жоқ түрін таңдаңыз, себебі олар иіссумен диффузияға түсіп, иістері өзгеріп кетеді.

Иіссуды жылдың қай мезгілінде алатыныңыз да маңызды. Жаздық иіс пен салқын уақыттағы иіс бар, бұл жөнінде дүкендегі кеңесшінің пікіріне құлақ түрсеңіз болады.

Иіссу үлестірушісі
Адам дүкенде тұрғанда 4-5 иіссуды иіскеп көргеннен кейін иісті ажырата алмай, басы айналады. Мұндай жағдайда араға үзіліс жасап, кофе иіскеп алған да пайдалы. Осы орайда бірнеше жыл бойы түрлі француз әтірін сатып жүрген Камила Надырқызымен сұхбаттасып, пікірін тыңдап, жөн сұрасқан едік.
– Маған өз қызметім қатты ұнайды. Негізгі мамандығым – заңгер.

Бірақ маған иіссулар сондай ұнайды. Мәселен, мен қымбат әтір сатып жүргенде, түрлі жағдайлар болып тұрады. Кейде балалы аналар иіссу алғысы келіп, менің таңдап беруімді өтінеді. Сондай сәтте ол адамның бет-әлпетінен тазалық сезінбесем, мәселен, шашы майланып, қолаңсы иіс шығып, салақтығын байқасам, мен ол адамға үзілді-кесілді әтір сатқым келмей қалады. Себебі әтірді олай қорлауға болмайды.

Ол таза денеге, жаңа жуылған киімге себіледі. Сонда ғана адам жайнап, жасара түсетіні сөзсіз. Мен 15 жылға жуық әтір сатып жүргелі әр адамның болмысын, тіпті қандай әтірдің оған ұнайтынын бет-әлпетіне, сөзіне, киім үлгісіне қарап танып қоямын. Сосын арнайы сол адамға болады-ау деген иіссуларды ұсынамын. Расында, мен сол адамның талғамын дөп басқанымды мойындайды. Мен ұсынған әтірден ешбір әйел бас тартқан емес. Яғни мен осы салада бірнеше жылдың жүзінде еңбек еткеніме өкінбеймін. Себебі маған әтір ұсынып, әйелдерге көңіл сыйлаған, иіссуды үлестірген, адамдарды хош иістендірген қатты ұнайды, – деді Камила.

Иә, жұпар иісі аңқыған дала, жұпар иісі аңқыған ана, жұпар иісі аңқыған баланың өзіне тән иісі бар. Ол табиғи иіс дүниеге келгеннен өзіңмен бірге ғұмыр кешеді. Ал әтір сол иістерге өң беріп, құшырландыра түседі. Әтір иісін өзің таңдайсың. Мінезіңе, болмысыңа, қызметіңе, жасыңа, бітіміңе және талғамыңа сай таңдайсың. Сондықтан әтір иесіне тартады, ұқсайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.