ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Жамбыл облысына сапары барысында Жамбыл ауданы Айша бибі ауылындағы «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты.
Шарада ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев бастаған имамдар, Жамбыл ауданының бас имамы Ғайырфулла Әмірбеков, Зиялы қауым өкілдері, мемлекет қызметкерлері, ауыл қариялары, медресе ұстаздары, ғимараттың жөндеу жұмыстарына демеушілік еткен Бейбіт ата ұрпақтары мен бауырлары, «Әжелер алқасы», мешіт қызметкерлері, ауылдың белгілі тұлғалары, БАҚ өкілдері болды.
Ашылу салтанатында Бас мүфтиі, қиялы қауым, белгілі тұлғалар, Бейбіт атаның жары, тағы басқалары сөз сөйлеп, қариялар бата беріп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашты.
«Осыдан бір жыл бұрын Жамбыл облысына келген сапарымда осы жерге ғимараттың қазығын қаққан болатынмын. Бұл жерді облыс әкімінің қолдауы, дін қызметкерлерінің табанды еңбегі арқылы алған едік. Енді міне, осы жерге діни білім ордасы тұрғызылып, пайдалануға берілгелі тұр. Осы оқу ордасында оқып, білім алған шәкірттер білімді, иманды, арлы азаматтар болып түлеп ұшуын тілеймін» – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфти ғимараттың лентасын қиып, көпшілік бірлесе аралап шықты. Айта кетейік, медресе корпусы 2 қабаттан тұрады, ішінде бірнеше дәрісхана, жатақхана, асхана, дәретхана, ғұсыл алу, кір жуу бөлмелері, намазхана, қойма бар.
Салтанатты жиынға жиналған дүйім жұртқа ас беріліп, дастархан жайылды. Құран оқылып, сауабы марқұм мұсылмандарға бағышталды. Бас мүфти мен ауданның белгілі тұлғалары тал отырғызып, дұғасын жасады.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі