Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халық жағдайын жақсарту – басты міндетіміз

0 334

Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші аудандардың әлеуеті арқылы көтерілетіні белгілі. Жуырда аймақ орталығын қоршап жатқан Жамбыл ауданында екі жылдың ішінде қолға алынған игіліктер мен атқарылған жұмыстардың барысы туралы аудан әкімі Сәкен Арубаевпен әңгімелесудің сәті түскен еді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

БІРНЕШЕ АЙ БОЙЫ АУЫЛДАРҒА НЕНІҢ ШЫН ҚАЖЕТ ЕКЕНІН САРАЛАДЫҚ

– Сәкен Қаланұлы, 2019 жылдың қараша айында Жамбыл өңіріне әкім болып тағайындалдыңыз. Мұның алдында Мойынқұм ауданын басқарып, кейіннен облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқардыңыз. Бүгінде 86 мыңға жуық халқы бар облыс атымен аттас ауданның тізгінін ұстап отырсыз.

Алғаш жұмыс күніңізді қандай игіліктерден бастадыңыз? Осы сауалмен ашық сұхбатымыздың шымылдығын ашсақ…

– Жұмыс күнім ауылдар мен әлеуметтік нысандарды аралаудан басталды. Тұрғындармен жүздесіп, танысып, білісіп, ауыл-аймақта бауын тапса, байламын таппай жүрген мәселелерден жан-жақты хабардар болдым. Тағайындалғаннан кейін араға екі ай салып, 2019 жылдың қорытындысы бойынша ауданға қарасты 17 ауылдық округте тұрғындар алдында есеп беру кездесулерім өтті. Басқосуда әр елді мекенге қажетті жұмыстар мен ауылдағы ағайынның айтқан талап-тілектерін хаттамаға барынша түсірдік. Көбіне ауылға газ, сапалы ауызсу желісін тарту, көшеге асфальт төсеу және жер телімінің қажеттігі сынды сауалдар төңірегінде мәселелер қозғалды. Бірнеше ай бойы осы жұмыстарға екпін беріп, жамбылдықтарға ненің шын қерек екенін жете ұғынып, ауқымды тірліктерге қаражат қарастыру жағын мықтап қолға алдым.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІМ ТҰРҒЫНДАРМЕН ЖАҚЫНДАСТЫРА ТҮСТІ

– Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру жолында өңірде қандай шаралар қолға алынды?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында азаматтардың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне назар аударып қана қоймай, олардың түйткілді әрі өзекті мәселелерін шешу жолдары көзделгенін білесіздер. Жолдау жүктеген міндеттерді орындау мақсатында облыс әкімдігінің бастамасымен қараша халықпен ауданның әлеуметтік желілерінде «Әкім сағаты» жобасын 15 мәрте өткізіп, бұқараның 150-ден аса өтініш-тілектеріне назар аударып, сұрақтарға толымды жауап қайтардық. Мұны неге айтып отырмыз. Себебі ғаламтор арқылы жұртшылықпен өткен тікелей эфирде қойылған сауалдары хаттамаға енгізілді. Тұрғындардың сұрақтарын саралау бойынша арнайы топ құрылып, мәселенің мән-жайы анықталды. Бұл жоба билікті халықпен жақындастырса, әлеуметтік желіде белсенділік танытуымыз жұртшылықтың билікке деген сенімін арттыра түсті. Қазір кез келген азаматтың қалтадағы телефоны арқылы көкейіндегі сауалдарын жолдауға ешқандай шектеу қойылмаған. Өзім де Facebook, Instagramm және Whatsapp әлеуметтік желілерінің қолданушысымын. Аппараттық кеңестерде ауданға қарасты ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларына желіге тіркелу қажеттігін түсіндірдік. Қазіргі таңда белгілі бір округке қатысты сұрақ туындап, сыни ақпарлар жарық көрсе, сол ауылдың әкімі жедел әрекет етіп, нақты жауап қайтаруды қызметіндегі міндеті санаған. Бұл бастамаға тоқсан сайын мониторинг жасап отырамыз. Сондай-ақ Whatsapp желісінде «Әкіммен байланыс» айдарын ашып, бұқараның 100-ге жуық сұрағына нақты жауаптар берілді.

8 ЖОБА СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛСА, 350-400 ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қолайлы іскерлік ортаны, бизнеске тиімді қолдау көрсетуді және бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің бизнес-дағдысы мен құзыретін жетілдіру, инвестор­ларға қолдау көрсету мәселелеріне ерек­ше назар аударып, Үкіметке бірқа­тар тапсыр­маны жүктеді. Өңірге инвести­циялық көзқарас қандай? Алда қандай жаңа­лықтар болатынын тап басып айта аласыз?

– Бұл бағыттағы игіліктерді жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер жердің құрылымынан бастап, ауа райына дейін баса мән беретіні белгілі. Ал, Тараз қаласымен іргелес жатқан Жамбыл ауданының географиялық орналасуы инвесторларды тарту, кәсіпкерлікті дамыту бойынша әлеуеті жоғары өңірлердің бірі болып саналады. Аудан аумағында бірқатар ұзақ мерзімді инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Ауданның негізгі даму бағыты ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан және облыс орталығына жақын орналасқандығын ескере отырып жобалардың басым бөлігі егін және мал шаруашылығына бағытталған. Ауданда 4500-ге жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс жасайды. Бүгінде бизнес субъектілерінде 7100 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, соңғы үш жылда ауданға 78 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Атап өтер болсақ, 2020-2024 жылдар аралығында өңірде жалпы сомасы 35 млрд теңгеге 8 жоба жүргізіліп, алдағы уақытта жаңадан тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Қысқаша тоқталсам, «Жамбыл Ет МS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Полатқосшы ауылдық округі аумағынан 1500 бас ірі қара малын бордақылау алаңын салуға 1,5 млрд теңге, Аса ауылдық округі аумағынан «Алель Агро» ЖШС жылына 2,5 мың тонна сапалы құс етін өндіретін фабриканың құрылысына 2,5 млрд теңге инвестиция салмақ.

Ал, «Аса Агро» ЖШС ет бағытындағы құс фабрикасын іске қосу үшін 8 млрд теңге жұмсауды көздеп отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталса, тәулігіне 2 тонна 700 келі, жылына 21 мың тонна бройлер етін сатылымға шығармақ. Жылдық қуаттылығының артуына байланысты 35-ке жуық жаңа фабрика іске қосылмақ. Айшабибі ауылдық округі аумағынан «Родина» серіктестігі 300 гектарға 150 МВТ күн сәулелі электр станциясын салуға 16,8 млрд теңге бөліп, жұмыстар жүргізуде. Ақбастау ауылдық округінен «КазФос» ЖШС жылына 8 мың тонна натрий гексаметофосфатын өндіретін желінің ауқымын кеңейту үшін 2 млрд теңге қаражат қарастыруда. «АCA DAMU» ЖШС құс фабрикасының 4-корпусына 200 млн теңге бөліп, жақында жұмысын бастайды. «Данвер-Т» ЖШС Қаракемер ауылында 120 гектарға жылыжай кешенінің құрылысын салуға 2,5 млрд теңге аудармақ. Ал, «Супер Фарм» ЖШС екпеге арналған шприцтер шығаратын зауыттың үшінші корпусының құрылысына 1,5 млрд теңге жұмсап, жұмыстарды өз мәресіне жеткізді. Егер жоғарыда аталған жұмыстар белгіленген уақыт аралығында аяқталса, өңірде 350-400 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлап отырмыз. Инвесторларға құрылыс жұмыстарын жүргізуге жергілікті тұрғындарды тарту мәселесі қойылған.

СОҢҒЫ ЕКІ ЖЫЛДА 61 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСҚАН

– Жуырда облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданына арнайы келіп, «Ауыл – ел бесігі» жобасының орындалуы барысын зерделеп, оң бағасын берді. Жоба аясында өңірде қандай жұмыстар атқарылды?

– Орынды сауал. Аймақпен аттас ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жоғарылауына, халықтың әлеуметтік тұрмыс сапасының жақсаруына «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламаларының шарапаты еселеп тиюде.

Ауданда 2019-2020 жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 6 елді мекенде 1,3 млрд теңгеге 45 жоба іске асырылды. Атап айтар болсам, спорттың 8 түрінен бір мезетте 350 спортшы шұғылдана алатын спорт кешені салынды. Аса ауылындағы ескі жатақхана болған ғимарат қалпына келтіріліп, «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы» болып ашылды. 1400 балаға арналған орталық оқушыларды 23 педагог техникалық, көркем эстетикалық, тілдік, биологиялық-экологиялық, сәндік қолданбалы, кәсіптік бағдар беруге баулиды. Балалардың функционалдық сауаттылығын арттыру, шығармашылық ізденістерін, дағдыларын қалыптастыру, кәсіби бағдар беру мақсатында техникалық үлгілеу, әуе үлгілеу, кеме үлгілеу, автокөлік ісі, робототехника, қызықты математика, тағам дизайны, аспазшы кондитер, жас суретші, саздан бұйым жасау технологиясы, стоп кадр студиясы, ағылшын тілі, сөйлеу шеберлігі, жас биолог-эколог, химия, киім үлгілеу және этнодизайн, алғашқы медициналық көмек көрсету үйірмелері жұмыс жасайды. Бүгінде тұрақты жұмысқа 40 азамат тартылды. Ал, сол жылы қаракемерліктердің өтініші бойынша 90 орындық жаңа клуб пайдалануға беріліп, түрлі үйірмелер жұмысын бастады. Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы, «Сәуле» балабақшасы мен орталық стадион жөндеуден өткізілді. Аудан орталығының 8 ауылішілік көшесінің 680 ауласына түнгі жарық орнатылды. Жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын Аса, Бірлесу-Еңбек, Құмтиын, Еңбек, Рахат ауылдарының 29 көшесіне асфальт төселді.

Ағымдағы жылы да өзгерістер легі жалғасын тапты. Жоба шеңберінде 2021 жылға 3 тіректі елді мекен: Айшабибі, Жалпақтөбе, Өрнек және 7 спутниктік ауылдар: Бектөбе, Қызылқайнар, Түрксіб, Пригородное, Гродеково, Ерназар, Тоғызтарауды қаржыландыру үшін 16 жобаға 883 млн 503 мың теңге бөлінді. Оның ішінде Өрнек ауылында 202 млн теңгеге 140 орындық өнер ордасының іргетасы қаланып, бүгінде қабырғасы көтерілуде. Ал, ағымды шығындар бойынша 15 жоба жүзеге асырылуда. Яғни, 4 мектепті күрделі жөндеуге 359 млн 480 мың теңге жұмсалды. Таратып айтсақ, Айшабибі орта мектебіне 132 млн 651 мың теңге, Макаренко атындағы орта мектепке 71 млн 903 мың теңге, Жасөркен орта мектебіне 24 млн 584 мың теңге, Амангелді атындағы орта мектепке 130 млн 342 мың теңге жұмсалып, білім ордалары толықтай жаңарды. Сондай-ақ Жалпақтөбе, Пригородное, Өрнек, Ерназар, Тоғызтарау ауылдарындағы 11 ауылішілік жолдарды жөндеуге 321 млн 938 мың теңге бөлінді. Гродеково ауылындағы Ақ жол көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған 7 шақырымдық тротуар жұмысы аяқталды.

ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА 7 АУЫЛҒА АУЫЗСУ, 10 АУЫЛҒА «КӨГІЛДІР ОТЫН» ЖЕТКІЗІЛДІ

– Үкімет тарапынан аймақтарға енгізілген мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы өңірге соңғы екі жылда қандай өзгерістер әкелді?

– 2020-2021 жылдары ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына 7 ауылға ауызсу, 10 ауылға табиғи отын жеткіздік. Бағдарлама шеңберінде ауданға 2020 жылы 5,5 млрд теңге бөлініп, 42 жоба (96 нысан) іске асырылды. Оның 4,5 млрд теңгесі 15 жаңа құрылысқа, 753,9 млн теңге 15 нысанның орта, 206,1 млн теңге 12 нысанның ағымды жөнделуіне жұмсалды. Біз жобалардың мемлекеттік сатып алу шарттарын қайта қарау барысында 142 миллион теңге үнемдеп, ол қаражатты тиімді пайдалану үшін облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қосымша 30 жобаның құжаттарын жолдадық. Бүгінгі таңда тиісті жобалар бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Аталмыш бағдарлама аясында сол жылы 1841 жаңа жұмыс орны ашылып, 1000-ға жуық азамат аудан әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа қабылданды.

Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Бәйтерек, Қаратау ауылдарын сапалы ауызсумен қамту үшін 2,6 млрд теңге қаралып, 1863 аула, 10600 тұрғын тіршілік нәріне қол жеткізді. 29 елді мекенде 12604 ауладағы 70367 адам ауызсумен қамтылған. Бұл дегеніміз өңірдегі ауланың 80%-ы, халықтың 82%-ы сапалы ауызсу тұтынып отыр. Өткен жылы бағдарлама шеңберінде Қаракемер, Рахат, Еңбек, Тастөбе, Ащыбұлақ ауылдарын «көгілдір отынмен» қамту үшін 725,2 млн теңге бөлініп, 6299 тұрғынның 926 ауласына газ құбыры тартылды. Нәтижесінде, газ құбыры тартылған мекендер саны 32-ге, қамтылған аула саны 12388 бірлікке, яғни 78923 адамға жетті. Сондай-ақ Аса ауылында 5 қабатты 76 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пәтер иелеріне кілттерін табыс етті. 2020 жылы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Жамбыл ауылында Жамбыл атындағы орта мектептің құрылысы аяқталды. 100 орындық білім ордасына бағдарлама шеңберінде 444,5 млн теңге бөлінді. Жасөркен ауылынан контрабандалық малдарды уақытша ұстау орнының құрылысына 33,2 млн теңге, «БАМ» су қоймасын қалпына келтіруге 11 млн теңге, Ш.Ниязбеков ауылынан ашық футбол алаңын салуға 21,7 млн теңге, Қаракемер, Ащыбұлақ, Бесағаш ауылдарындағы 7 каналды механикалық тазалау жұмыстарына 34,6 млн теңге қаралса, Өрнек ауылының Бекбенбет және Медер көшелерін толықтай жарықтандыруға 18,4 млн теңге аударылды.

БЕСЖЫЛДЫҚ АУЫЛЫ ТУ АВТОРЫНЫҢ ЕСІМІмен аталды

Егемендігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Бесжылдық ауылының атауы мемлекеттік тудың авторы Шәкен Ниязбековтің есіміне өзгертіліп, күре жолдың бойынан қоғам қайраткеріне арналған обелиск пен саябақ ашылды. 23 метр биікте жалауы желбіреп тұрған саябақ ауылға кіреберістегі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан. Бұл – жерлесімізге деген құрметтің көрінісі.

Аталған бағдарлама шеңберінде Шайқорық және Танты ауылдарының жерасты суларының көтерілуіне байланысты дренаждар механикалық тазалаудан өтсе, Аса ауылының айналма жолы асфальттанып, аудандық маңызы бар жолдың жақсы жағдайдағы үлесі 95%-ға жетті. Сондай-ақ бағдарлама ауылішілік көшелердің жаңаруына үлкен септігін тигізді.

БИЫЛ 5 АУЫЛҒА ГАЗ ТАРТЫЛДЫ

Ағымдағы жылы мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 4 жобаны жүзеге асыруға жалпы құны 854,8 млн теңге бөлінді. Атап айтқанда, Аса ауылында кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 199,5 млн теңге қаралып, қазіргі таңда 3 шақырымға құбырлар орналастырылды. Өткен жылы бағдарлама аясында 5 ауылға газ тартсақ, биыл Өрнек, Ерназар, Шайдана елді мекендерін газдандыруға 655,3 млн теңге бөлініп, бүгінде газ тарту жұмыстарының қабылдау актісі әзірленуде. Сондай-ақ Жұма мен Көлқайнар ауылдарында осындай игіліктер жасалды. Жобалар шеңберінде 65 адам интеграциялық карта базасына енгізіліп, 52 адам аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тартылды. Осы тұста аудан жұртшылығына айтар бір мәселе – 8 ауылға газ тарту жұмыстарын толық аяқтағанымызбен, орталық магистральдағы газ жүйесі облыстық энергетика басқармасына тиесілі. Егер магистральдағы жұмыстар аяқталса, біз бір мезетте 8 ауылға табиғи отынды қолданысқа беретін боламыз. Бұл жұмыстар 2022 жылы жүзеге асырылмақ.

ЕКІ ЖЫЛДА 50 АУЫЛДЫҢ 130-ҒА ЖУЫҚ КӨШЕСІНЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ

– Жаңа сөз басында, есептік кездесулерде, тұрғындармен қабылдау өткізгенде жол мәселесі көтерілгенін айтып қалдыңыз. Соңғы екі жылда жол жөндеу жұмыстары туралы не айтуға болады?

– «Жол қадірін жүрген білер» демекші, ауыл-аймақты аралап жүріп, кедір-бұдыры көп жолдарды қағазға түсірдік. Халыққа қажетті әлеуметтік нысандарды салу жұмыстарымен қатар жол жөндеу жұмыстарына айрықша екпін бердік. Нәтижеде, 2020-2021 жылдары 50 ауылдың 130 көшесіне асфальт төселді.

Жіктеп айтар болсақ, 2020 жылы аудандағы 24 ауылдың 76 шақырымы, яғни 96 ауылішілік жолы тақтайдай тегістелсе, аудандық мәндегі 8,6 шақырымды құрайтын 2 автомобиль жолына жабынды төселген. Бұл игіліктерге 1,1 млрд теңге қарастырылып, қаражат толық игерілді.

Мысалы, сол жылы Өрнек-Тоғызтарау-Жаңаөткел жолы мен 12 елді мекеннің 28 ауылішілік жолдарына аудандық бюджеттен 206 млн теңге бөлініп, 22,9 шақырым жол орта жөндеуден өтсе, мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 12 ауылдың 61 көшесі мен 1 аудандық мәндегі жолды асфальттауға 702,9 млн теңге қаралып, 50,2 шақырым жол жаңарды. «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 5 ауылдың 8 көшесіне 98,4 млн теңге бөлініп, 5,5 шақырым жол орта жөндеуден өтті.

Жыл соңына дейін аудандық мәндегі 5 жолды жөндеуге 125,2 млн теңге қаралды. Олар – Бесағаш-Юбилейный, Құмтиын-Өрнек-Ерназар, Ерназар-Қойгелді, Құмсуат ауылына кіреберіс, Шайдана-Сеңгірбай бағытындағы жолдар.

Сондай-ақ 10 ауылдың 26 ауылішілік жолдарын жөндеуге 309,7 млн теңге бөлінді. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 6 ауылдың 10 көшесі және аудандық бюджет есебінен 8 ауылдың 16 көшесі асфальттанды. Жалпы өңірде 415 шақырымды құрайтын 517 көше бар болса, бүгінде оның 176 шақырымы асфальт, 239 шақырымына шағалды төсем төселген. Бүгінде атқарылған жұмыстарға, әсіресе олардың сұранысы бойынша жасалған игіліктерге халықтың берер бағасы жақсы деп ойлаймын.

7 ЕЛДІ МЕКЕНДЕ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛУ ҮШІН 1864 ЖЕР ТЕЛІМІ БЕРІЛЕДІ

– Жамбыл ауданында тұрғын үй салуға жер кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі қашан шешімін табады? Бұл жұмыстардың қарқыны қалай?

– Ауданда 11 мыңнан астам тұрғын жер кезегіне тіркелген. Облыс әкімінің қолдауымен аудандағы жер теліміне ұзақ жылдан бері тұрған және кезектілік тізімі көп ауылдарды зерделей отырып, 7 елді мекенді таңдап алып, 1864 жер учаскесіне инженерлік-инфрақұрылымдық желілермен қамтамасыз ету жұмыстарын бастап кеттік. Атап айтар болсақ, Айшабибі ауылынан 382, Бірлесу-Еңбек ауылынан 130 жер теліміне электр жарығы, газ желісі, ауызсу, Бектөбе ауылынан 143, Аса ауылынынан 811 жер учаскесіне электр жарығы, газ желісі, Қызылқайнар ауылынан 222 жер теліміне қиыршық тас төсеу, электр, газ желісі, Тастөбе ауылындағы 79 жер учаскесіне электр жарығы мен су құбыры, Ш.Ниязбеков ауылындағы 97 жер теліміне қиыршық тас төсеу, электр желісін тарту жұмыстары қызу жүргізілуде. Басым көпшілігінде жұмыстар тәмамдалды. Жыл соңына дейін жоғарыда көрсетілген 6 елді мекеннің тұрғындарына кезектілік тәртібін қатаң сақтай отырып, тұрғын үй салуға жер үлестіреміз. Ал, Аса ауылындағы жер учаскесіне табиғи отын мен ауызсу жүргізілді. Енді электр жарығымен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Келер жылы беріледі деп жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, 76 пәтерлі 4 тұрғын үй салуға қаржы күтілуде.

АУЫЗСУМЕН ҚАМТУ ҮЛЕСІ 71,5 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

– Сөз басында тұрғындар ауызсу мәселесін көтерген деп қалдыңыз. Елді мекендердің тіршілік нәрімен қамтылуы қандай деңгейде?

– Аудандағы 42 елді мекеннің 29-ында орталықтандырылған ауызсу жүйесі бар. Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 2020 жылы Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Бәйтерек, Қаратау ауылдарына ауызсу құбыры тартылып, су тетіктері әр аулаға орналастырылса, Шоқай ауылындағы жұмыс өз мәресіне жетті. Көптен бері ауызсудың жайын айтып жүрген Бесағаш және Түрксіб ауылына республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге қарастырылып, жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде. Жоба екі жылға жоспарланған, яғни 2022 жылы аяқталатын болады. Бектөбе, Қызылшарық, Қаракемер ауылдарына ауызсу жүргізу үшін құжаттар дайындалып, сараптама қорытындысын күтіп отырмыз. Қалған Әулиекөл, Көлқайнар, Кемел, Сеңгірбай, Жұма стансасы, Құмсуат, Жаңаөткел елді мекендеріне жеңілдетілген жолмен ұйымдастырылмақ. Жоспар бойынша 2025 жылға қарай өңірде ауызсу мен газ жүйесінің үлесі 100 пайызды құрайтын болады.

ӨҢІРДЕ ГАЗБЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ ОСЫ ЖЫЛЫ 90,4 ПАЙЫЗды құрайды

– Ауданда табиғи отынға елді мекендердің қосылу деңгейі қалай?

– «Көгілдір отын» жүйесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып отыр. Ауданның 26 ауылына газ жүйесі тартылған болса, бүгінде 13 ауылға бастапқы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2020 жылы Ащыбұлақ, Тастөбе, Рахат, Қаракемер, Еңбек ауылдарына газ құбыры тартылса, 2021 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 655,3 млн теңге бөлініп, Жұма стансасы, Көлқайнар, Ерназар, Шайдана, Өрнек ауылдарына газ жүйесі кіргізілді. Осы тұста мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп отырған Қаратау ауылын мысалға алсақ болады. 2019 жылы ауызсуы да, газ жүйесі де, байланыс операторы да орнатылмаған мекенге жыл ішінде халыққа қажеттінің бәрі жасалды. Енді бұл ауылдың көшесін жөндеп, жарықтандыру жұмыстарын қолға аламыз. Осылайша, ауданда 2019 жылы газбен қамту үлесі 57,1%, 2020 жылы 61,9%-ға жетсе, биыл бұл көрсеткіш 90,4%-ды құрайтын болады.

– Сәкен Қаланұлы, мәдениет, білім, денсаулық салалары ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мұғдарында қандай жетістіктерге жетіп, өзгерістерге ұшырады?

– Бодандықтың бұғауын шешіп, бостандыққа қол жеткізген күн – әр қазақтың жүрегінде жазулы, жадында жаттаулы. Алтынға да айырбастай алмайтын азаттық – халқымыздың баға жетпес байлығы. Ел болып еңсе тіктеген алғашқы жылдары еш салаға оңай тимегені белгілі. Көптеген өндіріс орындары тұралап, шаруашылықтардың шатқаяқтағаны жасырын емес. Мәдениет саласы да бұл дағдарысты сезінді. Уақытша қиындықтар мен кедергілер бұл саланы да айналып өтпеді. Алайда, осыны дер кезінде ұғынған Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев 2000 жылды «Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялады. Сол уақыттан бастап мәдениетке қыруар қаржы бөлініп, тамырына қан жүгіре бастады. Бұл тиісінше ауданымыздағы мәдениет саласының өркендеуіне жол ашты. Айталық, 2001 жылы өңірде 12 ауылдық клуб жұмысын бастады. Ал бүгінде ауданда 1 аудандық, 3 ауылдық Мәдениет үйі, 15 ауылдық клуб, 1 «Зерде» бейнемобиль жұмыс атқаруда. Өткен жылдың өзінде Қаракемер ауылдық округінде 90, Жалпақтөбе ауылында 180 орындық жаңа мәдени орда есігін айқара ашты. Сондай-ақ, азаттықтың алғашқы жылдарында ауылдық клубтың бірде-бірінде компьютерлік құралдар болмаса, қазір барлығы заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Осы бір жан-жақты демеу өңір өнерпазда­рының екінші тынысын ашып, жұлдыздай жарқырауына мүмкіндік берді деп ойлаймын. 2002 жылы аудандық Мәдениет үйі бойынша құрылым саны 45, оған 491 өнерпаз қатыстырылса, 2021 жылы құрылым саны 90, қатысушы саны 924-ті құрап отыр. Тәуелсіздігімізбен бірге аудандық Мәдениет үйінің жұлдызы одан әрі жарқырай түсеріне сеніміміз мол.

ТӘУЕЛСІЗДІК БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫНА ЖОЛ АШТЫ

2019 жылы Түрксіб ауылында оқу жылы қарсаңында 300 орындық мектеп-гимназия пайдалануға берілді. Жалпы ауданда 38 білім беру мекемесі оқушыларға қызмет көрсетеді. Сол жылы 11 орта мектептің асханасы, шатыры, ғимарат сырты, акт залы, қазандығы және сыртқы қоршауы жөнделіп, барлық мектепке ішкі әжетханалар, интернет желісі, камералар орнатылып, 17 мектеп робототехникамен жабдықталды. Биыл 1 млрд 400 млн теңгеге Айшабибі орта мектебіндегі үш ауысымды оқытудың алдын алу үшін 300 орындық мектеп құрылысы басталып, қабырғасы көтеріліп келеді. Ал, Шоқай ауылынан 817 млн теңгеге 150 орындық мектеп құрылысына бюджеттік өтінім ұсынылды. Сондай-ақ биыл, жоғарыда айтқанымыздай, Айшабибі, Амангелді, Макаренко және Жасөркен орта мектептері күрделі жөндеуден өтіп, білім ордаларының реңі кіріп қалды. Мектепке дейінгі 23 балабақшада және 20 мектеп базасындағы шағын орталықтарда 5000-ға жуық бүлдіршін тәрбиеленуде.

86 МЫҢ ТҰРҒЫНҒА 35 МЕДИЦИНАЛЫҚ мекеме ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Өңірдегі 86 мыңға жуық тұрғынға 35 медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Ауданда 1 аудандық, 1 ауылдық емхана, 1 орталық аурухана, 3 фелдьшерлік-акушерлік, 15 медициналық пункт, 14 дәрігерлік амбулатория үздіксіз қызмет етсе, 16-ыншы медициналық пункт көп ұзамай Қаракемер ауылында пайдалануға беріледі.

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Өңірде кейінгі толқын ұрпаққа, жастарға қандай жеңілдіктер мен көмектер көрсетілуде?

– Жастарды қолдау үшін олармен ең бірінші емен-жарқын әңгімелесу қажет. Ауданда бұл бағытта танымал спортшылардың өмірін үлгі ету, олармен кездесу ұйымдастыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Ал, мемлекеттік қолдау ол өзінше бөлек тақырып. Жалпы бизнес идеяларды іске асыруға 291,7 млн теңге бөлінді. Оның ішінде жастар тәжірибесіне 61,2 млн теңге, ақылы қоғамдық жұмыстарға 780 млн теңге, әлеуметтік жұмыс орындарына 24,5 млн теңге, қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуға 59,1 млн теңге қаралып отыр. Жастарды жұмыспен қамту, олардың идеяларын назарға алу – басты бағыт. Мұны біз аппараттық кеңестерде жиі қарап, көрсеткіштерге көз жүгіртеміз. Өткен жылы 1951 жас жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 664 жас, әлеуметтік жұмысқа 15 жас, ақылы қоғамдық жұмыстарға 450 жас, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 300 жас, кәсіби оқуға 93 жас жолдама алса, 41 жас шағын несиеге және 203 жас мемлекеттік гранттарды иеленді. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен 34 маманға көтерме жәрдемақы, 20 маманға тұрғын үй алуға несие, 34 маманға көтерме жәрдемақы тағайындалды. Ағымдағы жылдың 9 айында 16 жас маманға көтерме жәрдемақы берілген (медицина, білім, мәдениет, спорт салалары). Тұрғын үйге несие алу үшін 6 жас өтініш білдіріп, несие алған.

ЕГІНСУ ТАПШЫЛЫҒЫН АЙНАЛЫП ӨТУГЕ КҮШ САЛУДАМЫЗ

– Биыл еліміздегі бірқатар облыста қуаңшы­лықтың әсері байқалып, судан шаруа­лар тапшылық көрді. Ауыл шаруашылығы министрі су үнемдеу технологиясын жедел ұйымдастыру жағын қолға алды. Өңірде бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілді?

– Ауданда бүгінде мал басын көбейтіп, егін егіп, бақша салудың арқасында табысын арттырып отырған шаруалар аз емес. Бұл бағытта жұмыстың жандануына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың да көп көмегі тиюде.

Бұған қоса, қысы-жазы көкөніс өсіретін жылыжайлардың көптеп бой көтеруін, егістіктерде тамшылатып, жаңбырлатып суару технологиясының енгізілуін атап өтуге болады. Мәселен, өткен жылы 7 елді мекендегі 77 жылыжай 1500 тонна қияр, 154 тонна қызанақ, 49,6 тонна басқа да дақылдар жинаса, тамшылатып суару әдісімен 11 қожалық 70 мың тонна көкөніс, жеміс-жидек жөнелткен. Ендігі кезекте осы әдіске көшу арқылы ағын су тапшылығын айналып өтуге басымдық беріп отырмыз.

553 ШАҚЫРЫМДЫ ҚҰРАЙТЫН 96 КАНАЛ РЕТТЕЛДІ

«Казсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «ПУИИД-2» және «Европалық даму банкі» арқылы өткен жылы 11 млрд теңгеге 553 шақырымды құрайтын 96 канал қалпына келтірілді. Осы каналдар 14556 гектар алқапты суландырады деп күтілуде. Сондай-ақ мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен Қаракемер, Ащыбұлақ, Бесағаш ауылдарында 7 канал, аудандық бюджет есебінен Қызылқайнар ауылындағы Иманқұл каналы тазаланды.

Осы жылы облыстық бюджеттен Шайқорық, Қоңыртөбе, Ащыбұлақ ауылдарындағы каналдарды және аудандық бюджеттен «Сұлтан» каналын тазалауға және Аса өзенінің арнасын бөгеуге қаржы қаралып отыр.

ЖОБА АЯСЫНДА КӨМЕК АЛУШЫЛАР САНЫ ЕКІ ЕСЕГЕ АЗАЙДЫ

– Үкіметтен қолдау тапқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасының аяқ алысы қалай? Көрсеткіш көңіл көншіте ме?

– Бұл қанатқақты жобаға кірген Бесағаш ауылына 5 бағыт бойынша 1,0 млрд теңге бөлініп, 1117 аула жерден ризық табуға кірісті. Түсім 2655 тоннаны құраса, жоба аясында екі жылыжай салынды. Шарапаты мол жобаға қатысқан алғашқы жылы 276 аула 4760 бас малдан 202 тонна ет, 233 тонна сүт өндірді. Сондай-ақ 22 техника алынып, 1335 гектар жерде мал азығы дайындалды. Сол жылы 560 тонна арпа, 170 тонна бидай, 1380 тонна жүгері, 4 199 тонна көпжылдық шөп жиналды. Жаңадан ашылған кондитерлік цех 1 тонна өнім шығарды.

Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған қанатқақты жоба Бесағаш ауылдық округінде осылайша ұйымшылдықпен ұйымдастырылды. Бүгінде ауыл тұрғындары жобаның жемісін көріп, табыс табуда.

МАЛ БАСЫНДА ӨСІМ БАР

– Ауыл шаруашылығы саласы туралы айта кетсеңіз?

– Жалпы біздің аудан егін егіп, төрт түлік мал ұстағанға қолайлы аймақтар қатарына жатады.

Әдетте ауыл шаруашылығы асыраушы сала деп жатамыз. Әлбетте, жерге тер төгіп еңбек етпей, өнім жинау мүмкін емес. Жұмыстың көзін тапқан аудан диқандары жер баптай біледі. Халықтың дені табысын осы диқаншылықтан табуда. Көпшілігі бақша салып, көкөніс өсіреді. Қауын-қарбыз егетіндер де бар. Мал өсірушілердің табыстары да көңілге қонымды. Өңірде мал басының өсу динамикасы байқалады. Биыл мүйізді ірі қара – 47029, қой-ешкі – 264666, жылқы – 20290, үй құстары 429609-ға жетті. Мал негізінен жеке үй шаруашылықтарында шоғырланған. Аудан бойынша биыл сүт 34883 тоннаға, ет 3778,5 тоннаға жетіп, 60382 дана жұмыртқа өндірілді.

Бүгінде ауданымызда 6370 басқа арналған 13 мал бордақылау алаңы мен тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеуде.

Ауданда бау-бақша салумен қатар егіншілік те жақсы дамыған. Бүгінде 2021 жылғы ауыл шаруашылығы құрылымдары 57371 гектар алқапқа дәнді дақылдар орналастырды. Атап айтсақ, бидай 4300 гектарға, арпа 13838 гектарға, дәндік жүгері 1800 гектарға, майлы дақылдар 2938 гектарға, қант қызылшасы 690 гектарға, картоп 582 гектарға, көкөніс 8823 гектарға, бақша 740 гектар алқапқа егілді. Бұған 25110 гектар көпжылдық шөп пен 407 гектар сүрлемдік жүгеріні қосыңыз.

Аудандағы суармалы егіс 29020 гектар алқапты құрайды. Оның көлемін тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын қолдану арқылы көбейту жоспарлануда. Қазірдің өзінде 62 шаруа қожалығы 5,6 мың гектар алқапты тамшылатып, 280 гектарды жаңбырлатып суаруда.

Бүгінде 235 гектар алқапқа үдемелі алма бақтары орналастырылған. Бұл шаруаны «Алтын алма», «Шоқай-Жеміс», «Агро KZT», «Садықов» ШҚ, «Сады-Востока» ЖШС, «ALTYN ALMA» және «Әулиеата Алма» АШК, «Шайқорық бауы» ӨК мен «Салман» ЖК табысты жүзеге асыруда. Аудандағы жеті ауылдық округте 295 жылыжай бар. Оның 265-і Қаратөбе ауылдық округінде орналасқан. Биыл бірінші айналымында 300 тонна өнім жиналып, Тараз қаласына өткерілді.

Жерден жақсы өнім алу минералды тыңайт­қыш­тар себуге де байланысты екені анық. Осы мақсатта 280 шаруа қожалығы 6906,8 тонна мине­ралды тыңайтқыш алып, егіс алқаптарына септі.

Аудан бойынша сыйымдылығы 24036 тоннаны құрайтын картоп, көкөніс және жеміс сақтайтын 112 қойма бар. Оның ішінде 5-еуі – типтік, қалған 108-і – ыңғайластырылған.

ЕКІ ЖЫЛДА 16 МҰҚТАЖ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауданда нендей жұмыстар атқарылды?

– Өздеріңіз білесіздер, облыс көлемінде бағдарламалық мақала аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Асарлатып үй салу», «Жомарт түлек» жобалары қолға алынды. Өткен жылы аудан көлемінде 10 үй мұқтаж деп танылған отбасыларға берілсе, биыл 6 үй жыл соңына дейін берілетін болады. Ал, түлектердің туған өлкесіне жанашырлық танытуына септігін тигізген аймақ басшысының «Жомарт түлек» жобасы көпшілік қолдауына ие. Жобаның түпкі мақсаты туған жеріне қарайласу, түлеп ұшқан төрін түлету, ауылының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту болып табылады. Облыс орталығында бастау алған форум Жамбыл ауданында жалғасып, оған түрлі салада қызмет етіп жүрген 400-ден аса мектеп түлектері қатысып, жобаның негізгі мүддесіне қаныққан еді.

Аудандық форумда түлектердің демеушілі­гімен 18 жобаның іске асырылуына 118 млн теңге жұмсалатыны анықталды. Атап айтар болсақ, Шайдана ауылында 10 млн теңгеге спорт музейі мен спорт кешенінің құрылысы аяқталса, Ащыбұлақ ауылында 2 млн теңгеге балаларға арналған ойын алаңшасы, Шоқай, Ш.Ниязбеков, Қаракемер ауылдарына 5 млн теңгеге арка орнатылды. Ақбұлым ауылындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясына 1 млн теңгеге демалыс алаңшасы мен субұрқақтар орнатылды. Жұмыстар жалғасын табуда.

БАСШЫЛАРДЫ ТАНУ ШАРТ ЕМЕС, ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ЖАСАЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫ БІЛСЕ БОЛҒАНЫ

– Осы екі жыл ішінде аудан жұртшылығы сізді танып білді ме? Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Жамбылдықтар мені емес, мемлекет саясатын, ел игілігі жолында атқарылған жұмыстарды сезіне білсе жеткілікті. Ең бастысы, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың игілігін аудан тұрғындары көріп, сезініп отыр. Көшесі асфальт көрмеген тұрғындардың тілегі қабыл болғанымен, енді жұртшылық сол тақтайдай тегіс жолға жол белгілері, жылдамдық бәсеңдеткіш құрылғы орнатылса деген өтінішін алға тартып жүр. Халықтың жағдайы расымен жақсарып, сұраныстар қатары көбейіп келеді. Ауданның әлеуетін көтеру, халық қажетін өтеу үшін аянбай еңбек ете бермекпін.

– Сәкен Қаланұлы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.