Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халық қазынасының қамқоршылары

0 234

Оқырман мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана болса, әр таңын білімнің қайнар көзі кітаппен ашатын, кітаптағы асыл мұраларды оқырмандарға жеткізетін алтын көпірді байланыстырушы – кітапханашылар.

Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ барша оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазан №833 қаулысымен 24 қазан – «Кітапханашылар күні» болып кәсіби мерекелік күндердің тізбесіне енуі, қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген абыройлы мамандық иелеріне деген зор құрмет және үлкен жауапкершілік.
Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде бүгінгі заман ағымына ілесе отырып, оқырмандарды сұранысы мен талаптарына сай барынша толыққанды ақпараттармен қанағаттандырып, олардың оқуына қажетті жағдай жасап, тұлға болып қалыптасуына, рухани дамуына өз үлестерін қосып жүрген еңбегі ерен кітапханашылар қызмет етіп келеді.
Кітапхананың өткеніне көз салсақ, осы киелі шаңырақтың тарихын жасаушы, өсіп-өркендеуіне үлестерін қосқан кітапхана ісінің ардагер білікті басшылары Анна Григорьевна Ким мен Роза Бозтайқызы Әлібекованы және Сабиля Жаданова, Жанна Сартова, Людмила Владимировна, Шолпан Өмірзақова, Хадиша Бекмурзаева және өзге де кітапханашы ардагерлерді атап айтсақ болады.
Бүгінде жүйемізде осындай аға буындардың ізін эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпаратты ұсына білетін ой-өрісі кең кітапхана мамандары жалғастыруда. Әрбір кітапханашы қала тұрғындарын кітап оқуға тарту, кітапты көп оқитын орта қалыптастыру мақсатында кітапханалық жобалар аясында әртүрлі бағыттағы іс-шараларды саябақтарда, сауда орталықтарында, қоғамдық көліктерде ұйымдастырып, жергілікті «JAMBYL» телеарнасы арқылы кітап қорына келіп түскен жаңа кітаптарды насихаттауда.
Бүгінде кітапханашылар жаңа технологияны тиімді пайдаланып, жаңаша ой-үрдіспен, кітапхана саласын өркендетіп, оқырмандарын көбейтіп, кітапхана қызметінің сапасын арттыруға лайықты үлестерін қосуда.
Кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріме кітапхана жұмысының сан қилы әдістерін меңгеріп, кәсіби шеберліктерін одан әрі шыңдап, білімді де білікті маман ретінде оқырман көңілінен шыға білулеріне және еңбектеріне шығармашылық табыс тілеймін!

Ұлбосын СӘУЛЕБАВА,
Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.