Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халық қалаулылары әлеуметтік нысандарды аралады

0 362

Жуырда өңірлерді аралау бағдарламасы бойынша ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков пен Абдалы Нұралиев Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Алдымен халық қалаулылары М-1, М-3 магистральды жылу желілерінің жұмысымен танысты.

М-1 магистральды жылу желісінің меншік иесі – «ТаразТрансЭнерго» МКК. Жалпы ұзындығы – 6,76 шақырым, жылыту аумағы 430,4 шаршы метрді құрайды. М-1 жылу желісі арқылы 131 көппәтерлі тұрғын үй, 8 мектеп, 6 балабақша және 88 әлеуметтік, өндірістік нысандар жылытылады. М-3 магистральды жылу желісі де «ТаразТрансЭнерго» МКК-ге қарайды. Жылу желісі 89 көппәтерлі тұрғын үйді, 3 мектеп пен 4 балабақшаны, 4 әлеуметтік, өндірістік нысандарды жылытады. Жылыту аумағы 267,0 мың шаршы метрді алып жатыр.
Сонымен қатар депутаттар Талас өзеніндегі көпірдің жағдайын және өзен жағалауын нығайту жұмысымен де танысты. Тараздан Алматыға шығатын аумақтағы Талас өзеніндегі көпірді қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаты әзірленген. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ал Талас өзенінің арнасын, жағалауын нығайту бойынша жұмыстар 2023 жылдың желтоқсанында аяқталуға тиіс.
Облыс орталығындағы «Барысхан» тұрғын үй алқабында 600 орындық мектеп салынған. Құрылысы 2021 жылы басталған оқу ордасы 3 қабаттан тұрады. Қазіргі уақытта жылу жүйесі, су құбыры, электр желілері іске қосылған.
Алқапта 8-18 жас аралығында 1 032 бала бар болса, оның 828-і мектеп жасында.
– Заманауи үлгіде салынған мектеп биыл қолданысқа берілетіні қуантады. «Барысхан» алқабына дәл қазір білім ошағы ауадай қажет. Сондықтан көп ұзамай барысхандық балалар осы мектепте оқиды деген ойдамын. Бұл – халыққа жасалған үлкен қолдау, – деді Абдалы Нұралиев.
Бұдан кейін сенаторлар Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында жаңадан пайдалануға берілген №7 орта мектептің, Қаракемер ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның, ауылдық мәдениет үйінің, құрылысы жүріп жатқан ауыз су жүйесінің жұмысымен және аталған елді мекендегі «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» жобасының іске асырылу барысымен танысты. Сонымен қатар Өрнек ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен мәдениет үйіне де ат басын бұрды.
Халық қалаулыларының жұмыс сапары одан әрі Байзақ, Қордай аудандарында жалғасты.

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.