Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халқымыздың саны 20 миллионға жетті

0 450

Кеше халқымыздың саны 20 миллион адамға жетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «X» (бұрынғы «Twitter») әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялап, отандастарымызды ақжолтай жаңалықпен құттықтады.

– Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді, – деп жазды Президент өз парақшасына.
Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8:10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды.
Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың 3-і ұл және 2-і қыз!
Бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететін. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл процесті жеделдетуге және 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен әрі қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді.
Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адамды құрады. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3 пайызға өсті. Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7 пайызға артқан.
Бұл туралы: «Бала туудың ең жоғары мәні 2021 жылы тіркеліп, 446 мың баланы құрады. Табиғи өсімнің артуы, оның ішінде нәресте өлімінің азаюы нәтижесінде қамтамасыз етілді. Жалпы өлім-жітім 1991 жылғы 8,20-дан 2022 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 6,8 адамға дейін төмендеді. Сәбилер өлімінің коэффициенті 3,5-тен астам есе азайды.
Халықтың 1000 адамға шаққандағы туу көрсеткішін көрсететін жалпы туу коэффициенті тәуелсіздік жылдарында 1991 жылғы 21,6-дан 2021 жылы 23,6 пайызға дейін көбейген. 2022 жылы бұл көрсеткіш 20,7 болды. Ең маңызды демографиялық көрсеткіштердің бірі саналатын туудың жиынтық коэффициенті 1991 жылғы 2,7-ден 1999 жылы 1,8-ге дейін төмендеді. Кейіннен оның біртіндеп өсуі байқалды. 2022 жылы туудың жалпы коэффициенті 1 әйелге 3,05 баланы құрады», – делінген Ұлттық статистика бюросының таратқан мәліметінде.
Сондай-ақ кеше Мемлекет басшысы «Ұлттық қор – балаларға» Заңына қол қойды. Келесі жылдан бастап балалар Ұлттық қордан өз үлесін алады.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа толғанға дейін аударылады.

Аман Есен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.