Қалалық қоғамдық-саяси газет

Хакімнің ақындық биігі

0 2  062

Салыстырмалы тұрғыда алсақ, біз Абай мұрасын шамамыз келгенше зерттедік. Әуезов іргесін қалап кеткеннен бергі уақыт ішінде әдебиетте ізін қалдырған талай ұрпақ хакім шығармашылығын өз дәуірінің биігінен бағалап, сөз өнерін өрге сүйреген әр буын кемеңгер туындыларының тереңіндегі құндылықтарды тауып, жаңалық ашты.

Белгілі әдебиеттанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметов бір сұхбатында: «1940 жылы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романының бір тарауы – «Татьянаның қырдағы әнін» газетке жариялады. Жұрт жаппай оқыды. Роман шыққанда Бауыржан Момышұлы оған: «Сені әдебиеттің полковнигі деп атаймын. Есейген Абайды білуші едім, бала Абайды білмеппін», – деп хат жазды. «Қазақтың бас ақыны Абайдан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін мықты, хакіммен деңгейлесе алатын ақын болған жоқ», – депті. Расында да, Абай – Әлем. Оған бару бар да, оны тану бар. Ұлы ақын әрі ойшылдың мұрасы қазақ халқының ғасырлар бойғы мән-маңызын жоймайтын рухани қазынасы іспеттес. Заман өзгеріп, санада сапырылыстар пайда болған сайын әлгі «байлық» өзін жаңа бір қырынан көрсетіп, құм ішіндегі алтындай алыстан арбай түсері анық. Бүгіндері Алаш жұрты Абайдың әр сөзін, әр өлеңін жаттап алып, айтып жүр. Кезінде: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындар-мыз», – деген Міржақыптың өзі қазір қазақ руханиятының бір бөлшегіне айналып кетті. «Өлмес өлең, өшпес мұра қалдырған шайыр күн өткен сайын зорайып барады. Абай – шың, Абай – биік, Абай – тау, оған барлығының шыққысы бар.
Алып Абайдың асқақ бейнесі туралы дүниеден өтіп кеткен небір ұлыларымыз, қазақ зиялылары Абай десе ішкен асын жерге қойған. Даналығы мен даралығын ауыздарының суы құрып айтып, таңданысын жасырмай кеткен», – депті.
Зейнет демалысына шыққан соң, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев та бір журналиске берген сұхбатында: «Қазір Абайды қайта оқып жатырмын. Артында өлмейтін мұра қалдырған неткен дана еді. Қанша оқысаң да ойдың шым тереңіне тартып отырады», – дейді. Дананы дана осылай бағалаған. Ал қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев Абайдан қалай нәр алғанын былайша толғайды.
Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден.
Абай туралы айтқан ақын-жазушылардың, тарихшылардың, ғұламалардың сөздерін, берген бағасын тіркей берсем қағаз шақ келмесі анық. Тек қазіргі көзі тірі жүрген классик жазушымыз Мұхтар Мағауиннің айтқанын келтіре кетейін. «Қазақтың қасиетін тану – Абайды танудан басталмақ. Халқымыздың сөз өнерін зерделеу – Абай тағылымын бағындырудан басталмақ. Абай – қазақ тарихындағы қайталанбас сом тұлға. Абай биігі – халқымыздың көркемдік ой-танымында ешкім жетпейтін заңғар», – деген екен жазушы.
Көкейімді көптен бері мазалайтын бір сауал: Біз Абай үшін не істедік, шындап Абайдың қадіріне жете алып жүрміз бе? Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас, көптеген шаруалар атқарылды. Бірақ менің айтпағым, ол емес. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Абайдың немере інісі Шәкәрім қажының сөзін еске түсірейікші. «Ибраһим (Абай Құнанбаев) мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінеді. Олай болмағанда бұл данышпан, ғұлама, философ еді. Қор елде туды да, қор болып өтті», – дейді. Бұл не деген сөз? Абайды маңайында жүрген өз қазағы ұқпады. Асыл сөздерін қаперіне алмады. Айтқан ақылын аяқасты етті. Шынтуайтына келгенде, Абай өз ортасынан (қоғамнан) ақыл-ойы жағынан қол жетпестей шығандап алысқа шырқап кетті. Мыңдаған жылдарға алға озып кетті десем, артық айтқаным емес. Ал сол кездегі қазағы мешеу, надан кейпінде қалып қойды. Абайды ұғынуға, түсінуге олардың өрелері, білімдері жетпеді. Абайдың «сөзін ұғар адам жоқ болып, бақсының моласындай жалғыз қалуының» сыры содан. Өмірден зарлап өтті. Ал біз болсақ, әлі де сол Абай өмір сүрген орта деңгейінен онша ұзай қойған жоқпыз. Бірен-саран адам болмаса Абайды оқып, түсініп, бойына дарытып жүрген адам шамалы. Кейінгі кездері Абай туралы насихат азайып кетті.
Меніңше, Абайды насихаттауды мектеп қабырғасынан бастаған жөн. Абайды бірінші сыныптан бастап он бірінші сыныпқа дейін үздіксіз, үзіліссіз оқыту керек. Сонда біз Абайды баланың бойына сіңіре аламыз. Кезінде Мұхтар Әуезов ҚазМУ-де жұмыс істегенде студенттерге арнайы «Абайтану» пәнінен дәріс оқыған. Бұл Абайды насихаттаудың тамаша үлгісі еді. Амал қанша Мұқаң қайтыс болған соң, «Абайтану» бағдарламадан алынып тасталды. Енді осы «Абайтануды» мектептерге енгізу қажет. Өйткені Абай ғақлиялары – ағып жатқан бір мұхит, таусылмас қазына. Абай – көптің бірі емес, қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы. Бұл пәнді мектептерге кіргізбей, біз Абайды игере де, меңгере де алмаймыз. Мектеп бағдарламасындағы көпке бөлінген 5-6 сағат Абайға жеткіліксіз, оқушы оны тез ұмытады.
Абайды айтқанда, тіл мәселесіне соқпай кетуге әсте болмайды. Өйткені қазақ тілі – Абай тілі, екеуі бір-бірінен ажырағасыз. Абайды тек қана түпнұсқа – қазақ тілінде насихаттау ләзім. Олай болса, баспасөздерде көтеріліп жүрген қазақ балаларын тек қана қазақ мектептерінде оқытайық деген талап орынды. Абайды білмей тұрып, қазақ болу мүмкін емес.
Осыған қарамастан, Абай әлі де биік. Абайдың тереңдігі сол, оны зерттеуге бүкіл ғұмырын сарп еткен Мұхтар Әуезов те тұңғиығына жете алмай кетті. Одан кейінгі Абайды зерттеген ғалымдар Қайым Мұхамедханов, Төкен Ибрагимовтер де оның шыңына шыға алмады. Оған Мұхтардың: «Абай – жатқан бір дария, ал мен одан шөміштеп қана алдым», – деген сөзі дәлел бола алады. Алайда Абай бұдан да биікте, әлемдік деңгейде көрініс бергені жөн. Біз болсақ, Абайды әлемдегі өз биігіне қондыра алмай келеміз. Өз басым Абайды осыдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген Қытай ғұламасы Кунзыныңмен (Конфуций) ғана шендестірер едім. Абай да соның қатарында тұруы тиіс. Абайдың ілім-білімі, оның ғақлиялары, қара сөздері соған әбден лайық. Қазақ мәңгілік – қазақ бар жерде Абай мәңгілік! Егер жер бетінде адамзат мәңгілік болса, Абай да солармен бірге өмір сүруі қажет. Сол үшін де біз барымызды салып Абайды бұқаралық ақпарат құралдырында тынбай насихаттауды қолға алуымыз керек.
Абайды әлемге танытудың негізгі бір жолы – шет тілдеріне аудару. Кеңес кезеңінен бері ақын-жазушыларымыздың үздік шығармаларын орыс тіліне аударып келдік. Сол арқылы үздіктің үздігі орыс тілі арқылы батыс елдеріне жол тартып отыратын. Мұхтар Әуезов бастаған классиктеріміз әлемдік әдебиетке орыс тілі арқылы танылғаны өтірік емес және солардың барлығы да көздері тірі кезінде аударылды. Әрине, әркім өз хал-қадірінше аудармаға жанын салды, өздері атсалысты. Ал Абай ше? Меніңше, өзі жоқтың көзі жоқ дегендей, сол кезден бастап Абайды орыс тіліне аудару кемшін тартып келеді. Абай өлеңдерін басқа ұлттың 30 ақыны аударған екен. Мұны аударғандар кімдер екен деп байқасам, бұлардың төртеуі ғана көрнекті ақын, жазушылар екен. Александр Жовтис – ақын, Леонид Кривощёков – жазушы әрі ақын, бұрын бірнеше қазақ ақындарын аударған. Дмитрий Евдокимович Рябуха – ақын әрі жазушы. Валерий Антонов – ақын, бірнеше қазақ ақындарын аударған. Ал қалған 26 ақынның аттарын да, заттарын да еш жерден таба алмадым. Бұлардың бірде-біреуі «Советтік Қазақстан жазушылары» жинағына кірмеген. Демек, олар кездейсоқ адамдар, тіпті ақын екендеріне де күмәнім бар. Ал солардың аудармаларына зер салайықшы. Аналардың аудармаларын оқысаң Абайдың өлеңдері деуге аузың бармайды. Орта қол ақындарды бұлай аудармайды. «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері болған да шыққан. Абайдың «Жаз» деген бір өлеңін ғана алайын. Ақынның сөздері шашау шықпай, қамшының өріміндей жымдасқан, ұйқасы төгіліп тұр. Көк шалғын, қызыл гүлдер жайнап, өзені күркіреп ағып жатса, жоғары-төмен ұшқан үйрек-қазы, шалғында шұрқырап жатқан жылқысы. Түрлі-түсті теледидардан көргендей жайлаудың жанды суретін көз алдыңа жайып салады. «Жазды» П.Шубин деген біреу аударыпты. Осындағы төрт жол аудармада Шубин «бай» деген сөзді екі рет қолданған, ал Абайда мұның бірде-бірі жоқ. «Байғұсты» «бай» деп ұғып, түпнұсқадағы мағынадан мүлде ауып кеткен. «Әйтеуір қазақ байды тәуір көрмеуші еді» деген болуы керек, бейшара байға қамшыны баса берген. Абай сөздері бірімен-бірі қабыспай шашырап, шашылып қалған. Поэзиядан хабары бар орыс тілді оқырмандарымыз «Мақтаған Абайың мынау болса…» деп лақтырып тастайтынына мен кепіл. Дегенмен Абайды орысшаға аудару ауадай кажет. Себебі кейінгі дерек көздеріне сенсек, Қазақстандағы қазақтардың екі миллионы ана тілін білмейді екен. Демек, соншама қазақ Абайдан мүлде мақұрым қалды деген сөз. Ал олардың ішінде небір Отанын сүйетін патриот, өз ұлты десе жанын беретін ұлтжандылар толып жүр. Тек орыстанып кеткен. Олар да оқысын, танысын, білсін Абайды, бірақ мынадай аудармадан емес. Абай арқылы солардың бетін қазаққа, өз ұлтына қарай бағыттайық.
Жоғарыдағы аты аталған Абайдың орыс тіліндегі өлеңдер жинағының алғысөзін М.Әуезов өз қолымен орысша жазыпты. Мұқаң бұл кітапты көрген, қолына ұстаған. Алайда аудармасына көз жүгіртіп, көңіл бөлмеген. Біріншіден, Мұқаң ақын емес, екіншіден, оны қадағалап, қадалып отыратындай уақыты да болмаған. Онан соң Мұқаңның кісіге сенгіш аңғалдығы да болған. Әйтпегенде мына кітапты баспаға жібертпейтін еді.
Абай оңай шағылатын жаңғақ емес, анау-мынауды бойына дарыта бермейді. Абайды аудару үшін аудармашының білім деңгейі, ой-өрісі Абаймен шамалас болсын. Бұл жерде қазақ, орыс тілдерін беске білу жеткіліксіз, ол үшін ғалым болуы керек. Осы бір кереғарлықты тұңғыш рет тап басып, алғаш аңғарған адам – ақын Шәкір Әбенов еді. Біреу Шәкеңнен: «Абай туралы неге дастан жазбайсыз?», – деп сұраған екен. Сонда Шәкең: «Жаздым, жазғанда қандай. Артынан оқып едім өзіме ұнамады, жыртып-жыртып тастадым. Көп уақыт өткен соң, тағы бір дастан жаздым. Оны да ұнатпай, отқа тастай салдым. Әй, шырағым, Абай туралы жазу үшін білімің, ой-өрісің Абайдан артық болсын, ең кұрығанда онымен деңгейлес болсын. Сонда ғана Абай туралы жаза аласың, басқасы құр әуре. Ал білгіштер басқаша айтып жүр», – дейді. Шәкірдің «басқашасы» кезінде Абайдың басына шоқпар сілтеп, жарақат салған адам – анау-мынау емес, тура осы Шәкірдің әкесі тентек Әбен. Ақын соны меңзеп отыр.
Ал Абайдың орыс классиктерін аударғаны енді ғажап. Олардың әрқайсысының стиль ерекшеліктерін, бояуын сол қалпы сақтай білгені таңғалдырады. Пушкиннің Онегині мен Татьяна арасындағы махаббатын Пушкиннің өзінен де асырып жіберген. Татьянаның әнін Абай өзі шығарған. Қазақтар Онегин мен Татьянаны өздерінің төл туындысы Қозы мен Баяндай қабылдады. Қазақ даласын Татьянаның әнімен бөлеп, сахараны Татьянаның әнімен тербеп, тебірентіп қойды. Ал Лермонтовтың Терек өзенін Лермонтов емес, Абайдың өзі сол өзенге қарап тұрып жазғандай. Бұл өлеңде қаншама теңеу, метафора бар, ұйқасының өзі бір бөлек әңгіме. Қапқаз тауын жарып аққан өзенді суреттегенде, Абайдың сөз сиқыры жарқ-жұрқ етіп түбіне тартып, тұңғиығына бойлатып әкетеді. Көз қиығыңды салсаң болды, одан шығу мүмкін емес, аяғына жетіп қана деміңді бір-ақ аласың. Жалпы Лермонтов өлеңдерінің қуаты, долы күші Абай аудармасында асқақтап, айбарланып көрініс беріп отырады. Қанжарды грузин ұстасы кекке соғып берсе, ер черкестің қолында ол қанжар жалт-жұлт етіп, найзағайша ойнап тұрады. Көк темірге жан бітіріп, жарқылдатып жібереді. Лермонтов өлеңінің асқақтығы соңына дейін бір сәт те әлсіремейді. Абай аудармасындағы Крылов мысалдарының қазаққа етене кірігіп, жымдасып кеткелі қашан. Әлі күнге қазақтар «Қарға мен түлкі», «Есек пен бұлбұл», т.б. мысалдарын Абайдың төл туындысы деп біледі. Абай мен Крылов екеуі бір адамдай болып бірігіп кетті, екеуін бөліп алу мүмкін емес. Аударманың құдіреті деген – осы. Қу түлкінің ағаш басында отырған қарғаны есін шығара мақтағаны соншалық, тістеп отырған ірімшігі барын ұмытқан ол қарқ ете түскенде ірімшігі жерге түсіп, қу түлкі қағып әкетеді. Немесе бұлбұлдың әніне бүкіл табиғат елтіп, дала да үнсіз ұйып тыңдағанда есек оған селт етіп, міз бақпай, «әтеш әнін үйрен» дейді. Осының барлығы да қазақтың болмысына тән. Осыған ұқсас аңыз-әңгіме, ертегі қазақ арасына кеңінен тараған. Орыс ақындары неге Абайды осылай дәл өзіндей қылып құбылтып, құлпыртып аудармайды. Абайды өзінен асырып аударам деп тыраштанудың қажеті аз, өйтіп ешкім де аудара алмайды. Тек Абай өлеңдерінің сөзін бұзбай, бүлдірмей, бояуын жоғалтпай, өзі қалай жазса, солай етіп аударса болды. Соның өзі ғана Абайды әлемге танытуға таптырмайтын олжа. Біздің қолымыз осыған жетпей жатыр. Көріп отырғанымыздай, жоғарыдағы орыс ақындарының барлығын Абай өзі жалғыз аударған екен. Ал қара ормандай қаптаған қалың орыс бір Абайды өзіндей ғып әлі аудара алмай жүр.
Аударма аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кезінде өзінің «Абай жолы» роман-эпопеясының аудармасына Мұхтар Әуезов аса ыждағаттылықпен кіріскен. Аудармасы толық бітпейінше жарғақ құлағы жастыққа тимей екі шоқып, бір қараған. Оны аударуға қатынасқандардың бірі Николай Анов: «Алғаш «Абай жолына» аудармашы бол» дегенде бас тарттым. Себебі Мұхтар қатал, аса талап қойғыш деп естігем. Қолқалап қоймаған соң, шегінер жерім қалмады. Келістім. «Аударма сенің қолыңнан келеді», – деп бірінші тарауын қолыма ұстатты. Қинала отырып аударып, апарып бердім. Бір күннен соң Мұқаң өзі телефон шалып: «Міне, жарайсың, жақсы аударыпсың, айттым ғой сен аудара аласың», – деп екінші тарауын да берді. Көңілім өсіп, әлгіні тездеп аударып апарып бердім. Түн ішінде телефоным безілдеп қоя берді. Тұтқаны көтерсем Мұқаң: «Николай Иванович, мынауың түкке тұрмайды, түк емес. Сен мені қатты қапаландыр- дың», – деп тұтқаны тастай салды. Сағатқа қарасам, түнгі үш екен. Таң атқанша кірпігім айқаспады».
Абыз Абайды орыс тіліне шала-шарпы аударылғандықтан, бізде тұратын басқа ұлттардың өкілдері де Абайды жете біліп, танымай жатыр. Егер Абай еңбектері әлем тілдеріне сауатты, сәтті аударылса, орыс тілі арқылы Абай әлем әдебиетіне де жол тартары сөзсіз. Мұның төте жолы тағы бар. Ол жол – Абайды түрік тіліне аудару. Себебі түріктермен біздің қанымыз да бір, тіліміз де ұқсас. Қазаққа бір адамның жаны ашыса осы түріктердің ғана жаны ашиды. Оның үстіне түрік әдебиеті ертеден Батыс әдебиетімен тығыз байланыста. Солармен аралас-құралас, етене жақын. Түрік әдебиеті – баяғыдан бері ағылшын, француз, неміс, басқа да танымал тілдерге аударылып, дүние жүзіне белгілі болған әдебиет. Солар арқылы Абйымызды өркениетті елдерге танытсақ, бар мақсатымыздың орындалғаны.
Жалпы біз сөз етіп отырған Абай өз заманынан бір-екі ғасырға алда болған десем, қателеспеймін деп ойлаймын. Ол өмірінің соңына дейін елін ілімге, сауаттылыққа шақырып өтті. Сол заманда айтылған ұлы ойшылдың сөздері әлі күнге дейін ұрпағымызға өнеге болып келеді, әлі күнге дейін үлгі етеміз. Менің байқағаным, негізі Абай зияткерлік тақырыбын, нағыз адам, тұлға болып қалыптасуды өзінің көп шығармаларында өзекті мәселе ретінде айтып өткен. Жазушының басты мақсаты сауатсыз елін ағарту, ілімге шақыру, намысын қайрау болды деп ойлаймын. Кез келген жанның шын мәнісіндегі адам болып қалыптасуы қыруар уақыт пен тер төгетін, зор еңбекті қажет ететін, ауқымы кең, жауапкершілігі мол жұмыс екені барлығымызға да мәлім. Осыған орай Абай шығармаларында әрбір адамның ішкі рухани казынасының молығуы тікелей сол адамның қолындағы іс екенін жақсы мәлімдеп жазған. Айтқанына құлақ ассын деп күйіп-піседі, түсінбесе, ашынады, ызаланады. Өзі білмесе де, білгеннен үйренсе екен дейді, алайда көп жұрт түсінбейді, түсінсе де жасамайды. Айта-айта шаршаған, елінен күте-күте қартайған Абай реніш назын айтады. Егер адам қаншалықты ақылды, ғазиз болса да, жанына ешкім ермесе, айтқанын тыңдамаса, тоқтатқанына көнбесе, олардан не пайда, өзімнен не пайда деп мұңаяды, бірақ елінен безіп қайда барар дейсіз?!
Абай халықты бақытты болашаққа бастар жолды іздеді. Сол жолда аянбай тер төгіп, өз заманының сипатын, халқының сол кездегі жағдайы мен психологиясын, жеке адам бойындағы жақсы-жаман қасиеттерді көрсетті.
Біздің заманымыздан Абайдың дәуірі, заманы бөлек, біздің ойымыздан Абайдың ойы да, әр нәрсені саралауы да өзге. Қазіргі жастардың пікірі осындай болып келеді. Менің ойымша, заманның сыртқы көрінісі өзгерсе де, ішкі мазмұны көп өзгермеді. Мазмұны деп отырғаным – сол заманның рухани байлығы, басты мұраты мен мақсаты. Егер де Абайдың заманындағы адамның іздегені, Құдайдан тілегені, жанын салып жинағаны мал болса, біздің заманымыздағы адамдар да бұл жағынан ешкімнен кем қалатын емес.
Ақынның өмір сүрген дәуірі мен біздің арамызды мың құбылып, жүз өзгерген заман иірімдеріне толы тұп-тұтас ғасырлық кеңістік бөліп тұрғандай. Бірақ заманы басқа болса да адамы бір. Өзгерген, ысылған, қиналған, жасыған, қайта түлеген, қалпынан ажыраған. Қазір қай-қайсысымыз үшін ақынның бес нәрседен қашық бол деп, бес нәрсеге асық бол деп айтқан ғибраты ауадай қажет. Кісілік формуласы, былайша айтқанда. Сананы тұрмысқа билетіп, сол межеден аттап кететініміз бар. Өкінішті-ақ.
Абзалы – адамның өзгеруі, қоғамның жаңаруы деген шын сөз. Өйткені қысымыз да, жазымыз да, көктем, күзіміз де сол ақын Абай суреттегендей. Шыңылтыр аяз да, қыстың сызы қалмаған жазғытұры да, көкала үйрек сымпылдап ұшқан жаз да, түсі суық сұр бұлт аспанды құрсайтын күз мезгілі де бір жарым ғасыр бұрынғы көрінісінен көп өзгермеген, ажырамаған.
Біз уақыт безбені шын асыл деп дәйектеп, бағасын биіктеткен Абай сөзімен сусындауымыз қажет. Осы қажеттілікті біле тұра бүгін бейқам, селқос жүргеніміз қызық. Нені істеу керектігін, қалай істеу керектігін біле тұрып, істемеу қателік емей, санадағы енжарлық емей немене?! Міне, қазақ әлі осындай. Көпке топырақ шашпаймыз. Ондай көп ішіндегі аз жақсылар Абай кезеңінде де болған шығар. Дегенмен зейін салып қарасақ, «баяғы жартас – сол жартас» сияқты.
Абай дегенде, «адамгершілік» сөзі бірден ойыма келеді. Абайды білген, таныған адам – бақытты адам, жолы болған адам деп есептеймін. Себебі адам жаратылысы, өмір бойында оны адам екенін есіне түсіріп тұратын нұсқаушыны немесе нұсқаулықты қажет етеді, міне, хакім Абай адамгершілікті насихаттайтын нұсқаушы десек, қате айтпас едік. Нағыз философия, өмірдің ақиқаты, тұнып тұрған тәрбие Абайда, байқаған, түсініп білген адамға. Тәрбие демекші, ұрпағымыз, жалпы адамзат Абай философиясымен тәрбиеленсе, нағыз текті, арлы, иманды, білімге құштар халық болар едік деген ойдамын.

Ратбек АРЫНҰЛЫ,
еңбек ардагері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.