Қалалық қоғамдық-саяси газет

Газет оқу – зиялылықтың белгісі

0 280

Қаланың тыныс-тіршілігін қалың көпшілікке жеткізуде түрлі кезеңдерді бастан өткерген «Jambyl-Tаraz» ұжымы оқырмандармен кездесті. Д.А.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері ұйымдастырған кездесуде газеттің миссиясы, өткені мен бүгіні һәм алға қойған жоспарлары жан-жақты айтылды.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Жиында басылымның 1996 жылдан бергі жарық көрген сандарынан көрме ұйымдастырылды. Шаң басқан газетті парақтаған оқырман өзекті материалдарға көз жүгіртіп, тарихи құжатқа оң бағасын беріп жатты. Кездесуде кітапхана директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова сөз сөйлеп, қоғамдық-саяси газеттің маңызына тоқталды.

– Қалалық басылымды тараздықтар жаңалықтың жаршысы деп қана емес, халықтың қамқоршысы ретінде таниды. Себебі басылымның бастамасымен жыл сайын тың жобалар жүзеге асуда. Бұдан бөлек, қаланың саяси-қоғамдық өміріне араласып, толымды жұмыс атқарып жүрген азаматтарды да көпшілік қаланың бас үнпарағы арқылы танып, оқып білді. Оларды санамаласақ, санынан жаңыламыз. Жиырма бес жыл елге хабар таратуда өзіндік орнын қалыптастырған басылымның ғұмыры ұзақ болғай. Себебі бұл атаулы дата тек газет ұжымының ғана емес, оқырманның мерекесі деп білеміз, – дейді Гүлфайруз Қапарқызы.

Кездесуде «Jambyl-Taraz» газеті директор-бас редакторының орынбасары Бекнұр Сатыбалдиев бастап, тілшілер Юрий Ефимов пен Сәндібек Піренов газеттің бастамасымен жүзеге асқан ірі жобалар жайлы әңгіме өрбітіп, баспа журналистикасының қыр-сырына кеңірек тоқталды.

– 1996 жылы газет екі тілде басылса, қаланың 2000 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақ газеті бөлініп шықты. Содан бері басылымның әр саны (қазақ және орыс тілінде) 16-20 бет болып апта сайын жарық көрді. Газет шығатын күні ұжымның кеш батып, түн ауғанға дейін жүретін кездері болады. Оның барлығы баспа ісінің тыныс-тіршілігінен хабары бар азаматтарға таныс. Өздеріңіз білетіндей, «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауына қызығушылық танытып, қатысқандар көп болды. Біздің пайымдауымызша, сол бәйгеге шыққан жастардың барлығы жеңімпаз. Себебі кітапта ғұмыр бойына азық боларлық дүниелер бар.

Сонымен қатар сатира жанрын жандандыруға серпін болады деп «Қырық өтірік» байқауын ұйымдастырдық. Әрине, мұндай жарыстар оқырмандарды шабыттандырады. Бірақ қалалық басылымның басты миссиясы хабар таратып, өзекті мәселелерді барынша кеңінен қаузау болып қала береді, – деді Бекнұр Мейрамбайұлы.

Жиын барысында журналистерге де сауалдар қойылып, оқырмандар сұрақтарына жауап алды. Іс-шара соңында кітапхана оқырмандары «Jambyl-Taraz» ұжымына табыс тілеп, алдағы уақытта ірі жобаларды бірлесіп ұйымдастыруға шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.